Қайдаров Рауан Жақсыбекұлы

16 желтоқсан 2018 5071 0
Оқу режимі

1992 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмәмдаған. Қазіргі уақытта «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің «Әлеумет және білім бөлімінің» тілшісі.

Мінезінде иісі бар Исламның
(оқиға желісімен)

Танытқанмен тағдырға неше қайрат,
Ахиреттік көрмеген есеп ойлап.
Арқасына дорбасын асып алып
Келе жатты бір ана көше бойлап.

Жастық шақтың үзілсе дәуір жібі,
Тіршіліктің шырқалмас тәуір жыры.
Дорбасының ішінде сол ананың
Тағдырының жатқандай ауыр жүгі.

Әрең-әрең келеді шыдап енді,
Қарттығынан жеткендей сірә белгі.
Үйіңізге апарып салайын деп
Қарсы алдынан бір адам шыға келді.

Бүркеніп-ап ұяттың орамалын,
Әлгі жігіт атқарды жол амалын.
Ауыр жүгін көтеріп қана қоймай
Көңілінде көтерді сол ананың.

Дидарынан дұшпандық байқалмады.
Ана көңіл жадырап жайқалғаны.
Сол кісінің ісіне риза болып
Алғыстан басқа ештеңе айта алмады.

Бірақ, бірақ оны бос қайтармады.
Аяң басып үйіне жақын келді,
Тоқта балам өтейін ақымды енді.
Тыңдап алсаң опынып қалмайсың деп
Ақысының орнына ақыл берді.

«Бұл күнде шырқалмайды шаттанып жыр
Аталар ұстаған дін тапталып жүр.
Мұхаммед деген біреу ел ішінде
Мен пайғамбар едім деп ақталып жүр.
Абайла, сен осыдан сақтанып жүр..»

Мен осыған уайымдап келемін деп,
Ана сөзін бітірді терең үндеп.
Жігіт сонда жымиды апа сіздің
Айтқан Мұхаммедіңіз мен едім деп.

Жүрегіне ананың қонса дәлел,
Жаныңды түсінбепті қоршаған ел.
«Мен бүгін Исламды қабылдаймын
Сен шынымен Мұхаммед болсаң егер...»

Тиеді ғой сәждеге шекем бүгін,
Аңсамайды жәннәттай мекенді кім.
Мұхаммедтің таныды мінезінен
Исламның игі дін екендігін.

Пайғамбарым фәниден мәңгі ұзаған,
Алладан соң қарызбыз ал біз оған.
Қияметте біз үшін дұға қылар,
Тумау үшін пендеге зарлы заман.
Исламға кіргізіп қана қоймай
Жәннәтқа да кіргізер жалғыз адам.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру