Қазақта ар, ұят қашанда құнды болған...

20 мамыр 2021 7629 0
Оқу режимі

Қазіргі таңда шыны керек, қоғамда ар, ұят, иман деген құндылықтар азайып бара жатыр. Ол рухани, адами тұрғыдан болсын немесе жүріс-тұрыс, киім-киіс тұрғысынан болсын. Осыдан небәрі он бес, жиырма жыл бұрын,ел, қысқа етек киіп, жалаңаштанған қыз баласын көрсе, бетін шымшып, бұның ұят екенін, бұлай киінгеннің ұятсыздық екенін меңзеп, үлкен кісілер: «Қарағым, мұның ұят емес пе?! Тыртитып киіп алғаның не?» «Не мата жетпей қалды ма?» деп сөгіп, ұрысатын-ды. Естеріңізде ме? ондайларды мектепте де ата-анасын шақыртып, өзін бүкіл оқушылардың алдына шығарып жиналысқа салып, ұрысып, ескерту беріп, бетін қызартып жататын. Ал, қазіргі жағдайды өздеріңіз көріп-біліп жүрсіздер. Жалаңаштану модаға айналды. Ол – мәдениеттілік, заманауилық болып саналады. Қазіргі күнікиімімізбен бірге рухымызда жалаңаштанып баражатқан сыңайлы көрінеді маған. Иә, мұнда біз тек киім ғана мәселесін айтып отырмыз. Ал, бүгінгі қоғамдағы рухани дағдарыстың бет алысы адам шошытады.

Ар, ұят, үлкенге құрмет, кішіге ізет, әдептілік, имандылық, биязылық сияқты қасиеттер көбіне кітапта ғана қалғандай. Арлылық, ұяттылық – негізі пайғамбарлардың бойында табылатын ұлы сипаттардың бірі. Қадірлі сахаба Әбу Әйюб (р.а.) жеткізген хадисте:

«Төрт нәрсе пайғамбарлардың ерекшеліктерінен: ұят, иіс себіну, мисуак қолдану және неке»[1], – делінген.

Тағы бір хадисте: «Адамзаттың алғашқы күнінен бастап барлық пайғамбарлардың бір ауыздан айтқаны – «Егер ұялмасаң, білгеніңді істей бер» сөзі».[2]

Ибн Аббастан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Әрбір діннің өзіне тән мінезі бар, Исламның мінезі – ұяттылық», – деген.[3]

Имран ибн Хусайыннан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Ұят тек жақсылық әкеледі»,[4] – деген.

Басқа риуаятта: «Ұяттың барлығы да қайырлы», – делінген. Әбу Һурайрадан (р.а.) нақылда Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай деген:

«Ұят – иманнан, ал иман жәннатта болады. Бұзық сөз – дөрекіліктен, ал дөрекілік тозақта болады».[5]

Ал, хакім Абай Құнанбайұлы:

«Әділеттілік, арлылық пен махаббат – қабірден әрі өткендегі үш жолдасың осылар» десе, қазақтың кемеңгер жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Қазақта ар-ұят ең жоғары саналады», –  деген. Негізі ар мен ұяттың азаюының себептері көп. Соның бірі көгілдір экран десек қателеспесбіз. Халқымыз:

«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» десе, қазір, «Ел боламын десең – экраныңды, ғаламторыңды түзе» десек, дұрысырақ секілді.                                                                                          

Бұрын иманды еліміз: «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп ар-ұятты малдадан да, жаннан да биік қойған. Халқымыз әу бастан Ислам дінімен сусындап, Пайғамбарызыздың (с.ғ.с.):  «Ұят – иманнан» деген хадисіне амал етіп, «Өлімнен ұят күшті», «Әдептілік, ар-ұят – адамдықтың белгісі» деген. Ата бабамыз қашанда бір әдепсіздік қылық көрсе: «Ұят болады» деп бір-бірін ескертіп ол істің күнә немесе жамандық, әдепсіздік екендігін меңзеп қоғамды рухани күйреуден сақтандырып отырған. Ұятсыздықтың қашанда жақсылыққа апармайтынын білген. Арсыздық жаман қасиет деп есептеліп, адалдық, ар-намыс, ұяттылық қашанда жоғары бағаланған. Бұлар адамды бақытқа, табысқа жетелейді деп иланылған. Осы тұрғыда Жүсіп Баласағұни: 

Пәле-жала жолын ұят кеседі,
Ұятсыздық ердің емсіз кеселі.
Ашық мінез, пәктік, ұят, серік боп,
Жарасады қуанышқа көрік боп.
Адал ар мен ақ көңіл де еленер –
Екі жалған бақытына бөленер, – деп қандай керемет айтқан десеңші.

Қорыта келгенде, құрметті оқырман, Алланы да разы ететін, елді де өрге бастайтын ұрпақ қаласақ одан жоғарыдағы құнды нақылдарды басшылыққа ала отырып, оларды арлы, ұятты, адамгершілігі мол етіп тәрбиелеуге міндеттіміз. 

 

Бақытжан Өткелбаев


[1] Тирмизи, неке, 1101
[2] Бухари, әдеп, 78
[3] Ибн Мәжа риуаят еткен
[4] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен
[5] Тирмизи, Ибн Хиббан риуаят еткен

Пікірлер Кіру