ҚАЗАҚТЫҢ БҰЙДА КЕСУ ҒҰРПЫ

11 қараша 2024 608 0
Оқу режимі

Сөз төркіні

Этимологиялық мәні

“Бұйда” сөзі түрік тілінде “boyunduruk” немесе “boyundurmak” деп қолданылады. Қазақ тіліндегі “бұйда” түйе немесе басқа малды жетектеу үшін тағылатын жіпті білдірсе, түрік тілінде “boyunduruk” – “ноқта”, “тізгін” мағынасында қолданылып, біреуді басқару, жетекке алу ұғымында қолданылады.

Сөздіктегі ұғымы

1. Тура мағынасы:

Бұйда – көшпелі өмірде түйені жетектеу үшін тағылатын жіп немесе бау. Түйеге бұйда тағып, оны жетектеп, жүрісін басқарып, белгіленген бағытта алып жүру үшін қолданылады. Бұл құрал, әсіресе, көшіп-қону кезінде түйені істетуге қажет болған.

2. Ауыспалы мағынасы:

Бұйда сөзі ауыспалы мағынада біреудіңықпалына немесе басқаруына көнуді, бағынышты болуды да білдіреді. Бұл контекстте “бұйдасын ұстау” тіркесі “біреудің қол астында болу” немесе “біреудің басшылығында болу” деген мағынада айтылады.

Бұйда кесу ғұрпының мәні

Бұйда деп - әр түрлі жіптен қосып өріп жасалған түйе мұнына тағатын жетек жіпті “бұйда” деп атайды. Бұйда қазақ халқы үшін тек малды басқаруға арналған құрал ғана емес, белгілі бір өмірлік символ ретінде де қарастырылған. Бұйдалы түйе – сенімділік, тұрақтылық және өмір жолында бағыт көрсету сынды мәні бар ырымды дәстүр болып саналады.

Бұйдагер – бұрынғы заманда бұйдалы түйелерді бағыттап алып жүретін көш бастаушы адамды “Бұйдагер” деп атаған. Кйінгі кезде қоғамдық істерде жол бастаған дана абызды “ Бұйдагер” деп ауыспалы мағынада атап жүр. Ал бұйда кесу ғұрында бұйдагердің рөлі үлкен. Екінің бірі бұйдагер бола алмайды. Ол көпті көрген, белгілі бір өмірлік бағытты бар, көшті баратын жерге қонатын қонатын қонысқа адастырмай жеткізетін жауапкершілігі күшті адам болуы шарат. Сондықтан қазақ бұйдагерді абыз дана адамдардан таңдап қоятын болған.

Бұйдалау – түйеге бұйда тағу ырымы.

Қазақ алғаш түйеге бұйда таққанда, оны ауылдағы даңсалы ақ жаулықты аналардың не аузы дуплы ақ басты ақсақалдардың бірін таңдап тақызады. Себебі түйе ұлық жануар, қара жердің қайығы, жүк кемесі деп біледі. Оның тұмсығына тағылған бұйда жақсылық жолға бастаушы деп сенеді. Сондықтан сол бұйданы жақсы адам тағып, ақ батасын берсе, көшіміз көлікті әрі көрікті болады деп ырым еткен. Бұйда таққан үлкендерге бір шәугіп шайын беріп, шапан жауып, сый -кәде жасайды.

Бұйдалық – бұйда болуға жарайтын материал бұйым, бұл дәстүрдің өз ұғымы мен символдық мәні бар. Бұйданы арнайы әшекейленіп, сәндеп мықты жіптерден есіп өріп жасайды. Түйе құты бұйдасында тұрады деп бағалайды. Ал бұйда кесу ырымы арқылы қамалып қалған адамның, өмір жолын ашып, оны еркіндікке шығаруды, жаңа бағытқа қол жеткізуіне көмек көрсету мақсатында бұйда кесіп, ол адамның байлық жолын ашу ырымын жасайды. Көп жағдайда, түйенің бұйдасын кесу жаман ырымға жатқызылады. Бұйда кесу түйенің басын кесумен бірдей әрекет деп есептеледі. Сондықтан бейбіт күнде түйенің бұйдасын кесуге тыйым салған.

Бұйда кесу жағымсыз ырым

1. Түйенің бұйдасын ұры-қарақшылар кесіп, түйені ұрлап алып кетеді. Ал жайшылықта түйе бұйдасын кесу, сол ұрлықты еске салатын жаман ырым саналады.

2. Жаугершілік замандарда көшіп келе жатқан көштің адамдарын өлтіріп, түйелерінің бұйдасын кесіп, тонап кететін болған. Қазақ қара өлеңінде “қара нардың бұйдасын жау кескенде” деген өлең жолы осы жаман ырымды толық дәлелдейді.

3. Түйенің иесі қайтыс болып кетіп, түйесі байлаулы қалса, онда түйенің бұйдасын кеседі. Олай ету түйе — иесінен бір жола қол үзді дегенді білдіреді. Сосын көне бұйданы кесіп, отқа жағып жібереді де, түйеге жаңа бұйда тағады. Ол түйе жаңа иесін тапты деген сөз. Қазақ халқы түйені байлық пен берекенің символы деп есептегендіктен, оның бұйдасын жайшылықта кесуге қатаң тыйым салған.

4. Көшіп-қону кезінде және қыз ұзату той салтында түйелерге арнайы әшекейлі бұйда тағады. Ол көш көлікті болсын. Ақ жол болсын деген жақсы ырым. Бұйдасы кесілген түйеден кие кетеді, иесінен бақ-дәулет ұшады, өміріне қауіп- хатер төнеді деп ырым етіп, түйені де түйе бұйдасын да қорғап жүреді.

5. Егер, біреудің қызы үйінде отырып қалып, тұрмысқа шықпай, махаббат жолы байланып қалған жағдайда, сол үйдің түйесінің бірінің бұйдасын шешіп алыып, сол отырып қалған қыздың аяғына бұйданы байлап тұсауын кеседі. Сонда қыздың жолы ашылып, бағы жанады деп сенеді.

Бұйданың символдық мәні

1. Бұйда тек түйені басқару құралы ғана емес, ол байлық пен бақ-берекенің белгісі. Сондықтан бұйда кесу қазақтар үшін ауыр жағдайларда немесе қиын кездерде ғана бұйда кесуге рұқсат етілген. Әдетте, бұйданы кеспей, сақтап қалуға тырысады.

2. Егер ауылда бір үлкен адам қайтыс болып. Оны отбасына ауызша естірту қиын болған кезде, есік алдына ол адамның түйесін байлап қойып, үй иелерін сыртқа шақырып алып, түйесінің бұйдасын кесіп қоя береді. Сол кезде түйенің иесі қайтыс болған екен деп бірден біледі.

 Болат БОПАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру