ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ХИКМЕТІ

13 мамыр 2024 1865 0
Оқу режимі

Aлла Tағала Адам (a.с.) пайғамбарға:

«Уа, Адам! Мен үшін жер бетінде көктегі Қағбамның тұсына бір Қағба тұрғыз, періштелер көктегі Қағбаны (Бәйт әл-Мағмур) айнала тауаф еткендей, сен және ұрпақтарың да соны айнала тауаф етіп маған құлшылық етіңдер» - деп бұйырды.

Адам пайғамбар Mеккеге келіп Қағбаны тұрғызды.

 Сосын Жаратушы Хаққа былай деп жалбарынды:

«Уа, Раббым! Расында әр еңбек еткеннің ақысы болады, менің де өтеуім бар». Aлла Tағала:

«Иә, бар. Менен қалағаныңды сұра» - деді. Адам пайғамбар:

«Уа, Раббым! Мені қайтадан жәннатқа жібер» - деді. Aлла Tағала:

 «Бұл сен үшін (ақыретте) жүзеге асады» - деді.

Хазірет Адам:

«Уа, Раббым! Менің қателерімді мойындағаным секілді, ұрпақтарымның күнәларын мойындап, саған жалбарынып мына Қағбаны тауаф еткендерді де кешіргеніңді сұраймын» - деді. Aлла Тағала:

 «Уа, Адам! Мен сені кешірдім. Сенің ұрпақтарыңнан мына Қағбаны зиярат етіп күнәларынан тәуба етушілерді де кешірдім» - деді. Нұх пайғамбар заманынан Ибраһим (a.с.) дәуіріне дейін Қағба Муаззаманың тұрған жері беймәлім болды.

Aлла Tағала хазірет Ибраһимге Қағбаны тұрғызып, адамдарды қажылыққа шақыруын бұйырды. Ибраһим (a.с.):

«Уа, Раббым! Бұған даусым жетпейді» - деді. Aлла Тағала:

«Сен шақыр, естірту Бізге тән» - деді. Содан кейін Ибраһим пайғамбар Maқам Ибраһимнің үстіне шығып қарап, бүкіл жер жүзін, таулар мен алқаптарды, құрлықтар мен теңіздерді, адамдар мен жындарды – бәрін алақандағыдай көрді.

Қолдарын құлағына апарып шығыс пен батысқа, теріскей мен күнгейге (оңтүстік және солтүстік) бұрылып былай деп дауыстады:

 «Уа, адамдар! Қағбаны зиярат ету сендерге парыз болды. Раббыларыыңның шақыруына бойсұнып, келіңдер». Ибраһим (a.с.) дәуірінен бүгінге дейін қажылыққа барғандар – оның осы шақыруына «ләббайк, ләббайк!» - дегендер. Кімде-кім сол кезде Ибраһим пайғамбардың шақыруына қанша рет «ләббәйк» - деп жауап берген болса, оған сонша мәрте қажылық нәсіп болады. (Ләббайк: Әміріңе құлдық деген сөз)

 

Пікірлер Кіру