Қажылықтың парыздары
- Ихрам
- Арафатта тұру
- Тауап ету
Ихрам
(қажылықтың бірінші парызы)
Ихрам дегеніміз не?
Қажылық, умра немесе екеуін бірге жасау ниетімен, басқа уақытта істеуіне рұқсат кейбір іс-әрекеттерді қажылық, умра уақытында өзіне харам қылуды – ихрам деп айтамыз.
Ихрамға қалай кіреді?
Ихрамға қажылық түрлерінің қайсысын орындайтын болса, соны жүрегімен ниет етіп, тәлбия айту арқылы кіреді. Бірақ ниетті тілмен айту – мұстахап. Ихрамға кірудің шарттарының бірі ғана болып табылатын «рида» және «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын сүлгі немесе оған ұқсас тігісі жоқ мата халық арасында «ихрам» деп аталғанымен, Ихрам мағынасын толық қамтымайды. Орындайтын қажылық түрін ниет етпей, тәлбия дұғасын айтпай, тек қана үстіге ақ, тігіссіз мата оранумен ихрамға кірген болып саналмайды. Өйткені, ниет пен «тәлбия» дұғасы ихрамның шарттарынан.
Қажылық түрлері
(Барлық қажылық түрлері алда кеңінен түсіндірілетіндіктен бұл жерде қысқаша берілді)
1. Ифрад қажылығы
Миқатта ихрамға кірер кезде тек қана қажылық ғибадатының атқарылуы ниет етілсе, бұл қажылық түріне «ифрад» қажылығы делінеді. Ифрад қажылығында умрасыз тек қана қажылық ғибадаты жасалады. Ақаба жәмрасына (Үлкен шайтан тас) тас лақтырып болғаннан кейін қаласа құрбан шалады. Өйткені, ифрад қажысын орындағандарға құрбан шалу уәжіп емес. Сосын шашын алғызып немесе қысқартқызып ихрамнан шығады.
2. Тәматтуғ қажылығы
Қажылық айларында умра үшін ихрамға кіріп, умраны бітірген соң, сол жылғы Зилхижжа айының сегізінші күні немесе одан да бұрын қажылық үшін қайтадан ихрамға кіру арқылы жасалатын қажылық түріне «тәматтуғ қажылығы» дейді. Тәматтуғ қажылығында умра және қажылық үшін бөлек-бөлек ихрамға кіреді. Бұл қажылықтың тәматтуғ қажылығы болып саналуы үшін умра мен қажылықтың қажылық айларында сол жылда жасалуы шарт. Тәматтуғ қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағандықтан шүкір құрбанын шалу – уәжіп. Қазақстандықтар көбінесе тәматтуғ қажылығын орындайды.
3. Қиран қажылығы
Миқатта қажылық пен умраны бірге ниет етіп, бір ихраммен істелетін қажылыққа – «қиран» қажылығы делінеді. Умрасын тәмамдағаннан кейін ихрамнан шықпай қажылық амалдарын да сол ихраммен аяқтайды. Қиран қажылығында умра мен қажылықты бірге орындағаны үшін шүкір құрбанын шалу – уәжіп.
Тәлбия дегеніміз не?
Тәлбия – ихрамға кірер алдында айтылуы уәжіп болған және ихрамды болған уақытта молынан қайталанып айтылатын сүннет дұға.
{لَبَّيْكَ ألَّلهُمَّ لَبَّيْكَ, لَبَّيْكَ لا شَرِيكَ لَكَ لَبَّيْكَ. إنَّ الْحَمْدَ وَالنِّعْمَةَ لَكَ وَالْمُلْكَ لا شَرِيكَ لَكَ}
«ЛәббайкАллаһумма ләббайк, ләббайка ләә шәрика ләкә ләббайк, инналхамда уанни'мәтә ләкә уалмулка ләә шәрика ләк».[1] Қазақша мағынасы: «Аллаһым, мен сенің әміріңді орындауға келдім, сенің әміріңе бой ұсындым (2 рет). Сенің серігің жоқ, сенің әміріңді орындау – менің борышым. Күмәнсіз барлық мадақ саған тән және жалпы иелік пен нығмет сенікі. Сенің еш серігің жоқ».
Ихрамның уәжіптері
1. Ихрамға белгіленген миқаттардың біреуінде кіру.
2. Ихрамда тыйылған нәрселерді жасамау.
Миқат дегеніміз не?
Қажыға немесе умраға баратын адамдардың ихрамға оранбай өтуге болмайтын жерлерге «миқат» делінеді. Қасиетті Қағбаны қоршап тұрған мекендер «Харам», «Хил», және «Әфақ» деп үш аумаққа бөлінеді. Қажылық және умра ғибадатын орындауға келетін адамдар осы аумақтарға қарай ихрамға кіреді.
1. Харам аумағы
Жебірейіл періштенің көрсетуі арқылы Ибраһим (а.с.) тарапынан белгіленіп, кейіннен Пайғамбарымыз (с.а.у.) тарапынан қайтадан білдірілген, өсімдіктерінің жұлынуына және аңдарының, жалпы жан-жануарларына зиян тигізуге тыйым салынған Мекке және оның айналасындағы қасиетті мүбәрак жерлер «Харам аумағы» делінеді.
Меккеліктер қажылыққа Харам аумағының ішінде ихрамға кіреді. Ал, умра үшін Харам аумағының сыртындағы Хил аумағына ең жақын орналасқан Тан'имға барып ихрамға кіреді.
2. Хил аумағы
Харам аумағы мен Миқат жерлерінің ортасындағы мекен – Хил аумағы. Бұл аумақта тұратындар Харам аумағының сыртынан өздерінің тұрып жатқан жерлерінен ихрамға кіреді.
3. Әфақ аумағы
Харам және Хил аумақтарының сыртындағы аумақтар – Әфақ аумағы. Әфақ аумағынан Харам аумағына немесе Меккеге келетіндердің ихрамсыз өтулеріне болмайтын бес жерді Пайғамбарымыз (с.а.у.) миқат ретінде белгілеген.
Бұл бес миқат:
1. Мәдина жағымен баратындар үшін – «Зулхулайфә», Мәдина қаласына 10 км жақын. Қазір бұл жер – «Әбәр Али» деп аталады (Қазақстандықтар көбінесе осы жерден ихрамға кіреді).
2. Мысыр және Сирия тарапынан баратындар үшін – «Жухфа», Меккеден 187 км ұзақ.
3. Нәжд және Кувуейт тарапымен баратындар үшін – «Қарнул-Маназил», Меккеден 96 км ұзақ.
4. Йемен жағымен баратындар үшін – «Иаламлам», Меккеден 54 км ұзақ.
5. Ирак жағымен баратындар үшін – «Зәтул-ғирқ», Меккеден 94 км ұзақ.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің хадистерінде осы жерлерді миқат ретінде тағайындаған.[2] Міне, сондықтан қажылыққа немесе умраға баратын адам бұл жерлердің қайсысынан өтсе, сол жерден ихрамсыз өтуге болмайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ешкім миқаттан ихрамсыз өтпесін», –деп бұйырған. Бұл жерлерге жетпес бұрын ихрамға кіріп алуға да болады.
Сырттан қажылық және умра үшін келгендер миқаттан ихрамсыз өтіп кеткен жағдайда, құрбан шалады немесе кері қайтып, миқатта ихрамға кіреді.
Ихрамға кірген адамға тыйылған
нәрселер
1. Ихрамға кірген адамның денесіне байланысты тыйымдар:
- Шашын, сақалын, мұртын алу немесе қысқарту
- Қолтықтың астындағы және жалпы денедегі түктерді жұлу немесе қысқарту
- Тырнақ алу
- Шаш, сақал және мұртқа май жағу немесе бояу
- Әйелдердің боянулары (лак, далап, т.б.)
- Денеге немесе ихрамға хош иіс себу және иіс сабын қолдану
2. Киімге байланысты тыйымдар:
- Тігілген киім кию. Тігілген киімдерді суықта иыққа жабуға немесе денеге жабуға болады. Бірақ жапқан уақытта қолын киіп, түймелерін түймелеуге болмайды.
Изар мен риданың[3] шеттерін сөгітіліп кетпеу үшін тігуге, жыртығын жамауға рұқсат. Ақша салу үшін тігілген арнайы қапшық, белдік сияқты нәрселерді, ыстықтан қорғану үшін тігілген қолшатырды қолдануға болады.
- Басты немесе бетті жабу. Тақия кию, сәлде орау, т.б.
- Қолғап, шұлық кию
Киімге байланысты тыйымдар тек қана еркектер үшін. Әйелдер әдеттегідей киінеді.
3. Харам аумағына байланысты тыйымдар:
Мекке қаласының және жан-жағындағы «Харам» деп аталатын аумақтың аңдарын аулау, өсімдіктерін жұлу немесе шабу ихрамды адамдарға да, ихрамсыз адамдарға да харам.
4. Жалпы тыйымдар:
- Әйелімен жыныстық қатынас жасау, сүйісу, құшақтасу, жалпы нәпсіні қоздыратын барлық нәрселерді істеу.
- Дінде харам болған істерді жасау.
- Мұсылман бауырымен таласу, ерегесіп, ұрысып, төбелесу, жаман сөз айту, біреуді ренжіту. Аллаһ Тағала Құранда былай дейді: «Қажылық белгілі (Шәууал, Зилқағда, Зилхижжаның алғашқы он күні) айларда. Кімде-кім бұл айларда қажылықты міндеттенсе (мыналарды білсін!) әйелімен жақындасуға, күнә істеуге және жанжалдасуға болмайды».[4]
- Аң аулау.
Ихрамдағыға рұқсат істер
- Иіс сабын қолданбау шартымен жуыну
- Көлеңкеде отыру немесе қолшатыр қолдану
- Дененің түктерін түсірмеу шартымен қасыну
- Сынған тырнақты түсіру
- Тіс пастасымен тіс жуу және көзге сүрме жағу
- Ихрам киімдерін жуу немесе ауыстыру
- Жүзік, сырға, қол сағат қолдану
- Әтір сататын дүкенде отыру
- Гүлді немесе жемісті иіскеу
- Басын және жүзін жаппау шартымен денесін көрпемен жабу
- Зияны тиетін жәндіктерді өлтіру
- Белдік тағу, иыққа сөмке асу
Ихрамның сүннет және мұстахаптары
1. Толық жуыну
Ихрамға кірмес бұрын денені толық жуу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ихрамға кірмес бұрын толық жуынған.
2. Ихрамға кірмес бұрын тырнақ алу, шаш түзету, қолтықтың асты және ұятты жердің түктерін алу – мұстахап.
3. Ер адамдар, тігілген киімдерін шешіп, изар және рида деп аталатын екі таза матаға оранады. Изармен кіндіктен төмен қарай оранып, ридамен жоғарғы денесін орайды. Бастарына еш нәрсе кимейді. Аяқтарына сүйретпе аяқ киім киеді.
Ихрамға кірген әйел адам әдеттегі киімдерін шешпейді. Бастары жабық күйде, тек қана жүздері ашық болады.
4. Ихрамды болып жүрген уақытта парыз намаздардан кейін, топтасып жүрген басқа қажыларға кездескен уақытта, жоғары не төмен түсіп-шыққанда және сәресі уақыттарында, жалпы мүмкін болған әр жағдайда көтеріңкі дауыспен тәлбия айту – мұстахап. Әйел адам тәлбия айтқан уақытта даусын қатты шығармайды.
5. Тәлбия айтқаннан кейін көбірек салауат айтып, артынан дұға жасап, тілек тілеу.
6. Ихрамға кірместен (ихрамға кіру – ихрам киімдерін киюмен емес, қажылыққа немесе умраға, яки екеуіне бірдей ниет ету мен тәлбия айту арқылы болады) бұрын денені әтірлеу – сүннет. Айша анамыз мына хадисті риуаят еткен: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) ихрамға кірерде мен оған ең жақсы әтірін жағатынмын».[5] Бірақ, ихрамға кіріп қойғаннан кейін әтір жағуға болмайды.
7. Ихрам намазы
Денені толық жуғаннан кейін немесе дәрет алғаннан кейін, ихрамға кірместен бұрын, екі рәкат намаз оқылады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Зулхулайфада екі рәкат намаз оқып, сосын ихрамға кіргені риуаят етіледі. Бұл намаздың бірінші рәкатында – «Кафирун», екінші рәкатында – «Ықылас» сүресін оқу сүннет.
[1] Бухари, Хаж /26, Муслим, Хаж /147, Тирмизи, Хаж/ 97.
[2] Бухари, 1/206.
[3] Изар – белден төмен қарай, рида – белден жоғары қарай жабатын сүлгі немесе мата. Бұлардың түсі ақ және жаңа болғаны жөн.
[4] Бақара, 2/197.
[5] Бухари, Хаж,21; Муслим, Хаж,1-3.