ҚҰДАЙ ӘЛЕМНЕН БҰРЫН ҚАЛАМДЫ ЖАРАТҚАН

13 ақпан 2024 2360 0
Оқу режимі

Халық нақылында дәл осындай сөз бар. Өйткені қасиетті Құран Кәрімнің «Қалам» сүресі «Қаламмен және онымен жазған нәрселермен ант етемін!»,-деп басталады. Қазақтың тағы бір даналық сөзі «Ғылым-Алланың бір сипаты»,-дейді.

Біз өмір сүріп жатқан күрделі, әрі қарама-қайшылықтарға толы бұл ғасырымызға  технологиялық ғасыр, ақпараттық-коммуникациялық төңкеріс ғасыры, спутниктер, бағдарламалар және жаһандану ғасыры немесе  интернет дәуірі деп әртүрлі атаулар берудеміз. Бұл дәуірдің өткен ғасырлардан мүлде ерекше екендігі айдан анық.

 Бүгінгі замана жетістіктері жер шарындағы барлық  адамзат баласына ортақ.  Күн сайын жарық көріп жатқан таңқаларлық ғылыми жаңалықтарымен жетістіктерді игеруге жеке адам қауқарсыз.

Мұндай қарқынды құбылысты көрген адамдар: «Осы қыруар жетістіктер иіріміне түскен кәзіргі адамзаттың өмірінде діннің орыны қандай, оның елеулі ықпалы барма, әлде екінші кезекті мәселе болып қалды ма?» -деген сауал қоюмен қатар дәл бүгінгі таңда және келер ғасырлардағы қоғам тынысына Ислам дінінің атқаратын рөлі қаншалықты? т.б. неше түрлі сұрақтар қоятыны белгілі.

Әрине, Ислам діні адамзат өмірінің материалдық және рухани  жағынан жан-жақты, кеңінен қамтиды, яғни қоғамдық өмірдің барлық саласына бағытталған.

Ислам кез-келген уақытқа, жағдайға, толыққанды тіршілікке арналған дін. Ол адамның өзекті мәселелерінінен бір мезет те қалыс қалмайды. Сондықтан Ислам, біріншіден адамзаттың өткенімен де, бүгінгісімен де, болашағыменде тығыз байланысты өмір сүреді, екіншіден, замана ағымынан, өркениеттен қалып қоятындай кертартпалыққа жол бермейді. Ислам әр адамның ізденіп, зерттеу жасауына және өз заманының қайғы қасіретіне шипа боларлық шара іздеуіне кеңінен жол ашады.

Орта ғасырларда араб елдерімен қатар Ислам діні тараған басқа да аймақтарда философия, медицина, эстетика, математика, астрономия тәрізді көптеген ғылым салалары қауырт дамығаны тарихта белгілі ақиқат. Бұл құбылыс «Ислам Ренесансы» деген атауға ие болған еді. 

Осынау орта ғасырларда ғылымның ерекше дамуына Шығыстың, араб елдерінің, оның ішінде Орта Азия ғалымдары әл-Фарабидің, Әбу Әли ибн Синаның, Әбу Рушдтың, Бирунидің, Махмұт Қашқаридың, Жүйнекидің және тағы да басқа ғұламалардың сіңірген еңбегі өте айрықша. Қазақтың Отырар жерінде дүниеге келген Әбу Насыр әл – Фарабидің жалғыз өзі 128-дей ғылыми еңбек жазды. Сол дәуірдегі ғалымдардың қай-қайсы да Жаратқан Иеміздің құдіреті күштілігін мойындады. Әл – Фарабидің аспан денелері,  дүниенің пайда болуы туралы еңбектерінде Алла Тағала үнемі бірінші орында тұрды. Ол өзінің «Азаматтық саясат» деген трактатында: «Бірінші (Тұлға) жөнінде – бұл Құдіретті Алла деп сену керек» деп жазады.

ҮІІІ – ІХ ғасырда Ислам ғылымының ірі өкілдерінің бірі – Мұхаммед Хорезмидің жазған «Китаб әл – Мұхтасар» деген  еңбегі  ХІІ ғасырда Еуропа халықтарының тілдеріне аударылды. Хорезмдік бұл ойшыл үнділердің, парсылар мен римдіктердің математикадағы күрделі белгілерінің орнына бүгінгі қолданылып жүрген  сан белгілерін ойлап тауып, алгебраның негізін қалады және Евклид пен Птоломей ілімдерін одан әрі дамытты. Хорезмидің «Астрономиялық кестесі» бүгінде әлемдегі теңдесі жоқ еңбек.

ХІІІ ғасырда Ислам ғылымының көптеген салалары латын тіліне аударылып, Батыс Еуропа елдеріне тарады. Олардың ішінде әл-Фарабидің ғылыми еңбектері, музыка, философия, оптика, геометрия, астрономия, ме-дицина туралы ілімдері кең тараған еді. Оны таратқаны үшін монах Рожер Бекон шіркеу түрмесінде 14 жыл қамауда отырды. Осы орайда айта кететін бір жағдай, мұсылман емес елдердің көбінде кезінде ғылыммен айналысқан адамдар Исламнан басқа діндерде қатты қуғындалды. Мысалы, Италиядан шыққан философ Джордоно Бруно әлемнің ақыры болмайтынын дәлелдемек болғаны үшін жазаланып, 1600жылы тірідей өртеп жіберілді. Испаниялық философ Липель Сервет қан айналымын зерттегені үшін ХҮІІ ғасырда отқа өртеліп, өлтірілді. Галилео Галилей жердің айналатындығын дәлелдегені үшін көп уақыт бойы түрмеде отырғызылып, жазаланды.

Мұсылмандар арасында ғұламалардың қуғынға ұшырағандары болған да шығар. Алайда, Ислам дінінде ғұламаларды жазалау мәселесі жоқ, керісінше, біздің қасиетті дінімізде ғалымдар пайғамбарымыздан кейінгі Алла тағала ісін алға апарушылар ретінде бағаланып, оларға құрмет көрсетілді. Мұсылман елдерінде кейбір ғалымдар қуғындалса, бұл Ислам дінінің үкімімен болған іс емес, ол сол елдің билеушілері тарапынан болған адами үкім ғана.

Ислам дінінің осындай ғылым, білім, руханияттағы маңызы кеңес дәуірінде дұрыс бағаланбады, ол қоғамда Ислам ғалымдарының ірі ғылыми жаңалықтары мен жетістіктерін тек материалистік тұрғыдан ғана жақтау орын алып, дінге қатысты жақтары жасырылып, қайта оны дінге қарсы қоюға бағыт ұсталды. Сол  атейстік идеологияның зардаптары бүгінгі тәуелсіздік заманында ғана жойылуда.

Құранды түсіну үшін адамға энциклопедиялық білім керек. Ислам дінді де, ғылымды да бір - бірінен ешқашан ажырата қарастырмаған. Өйткені қазіргі заманда ғылым қаншалықты биік жетістікке жетсе де, дінмен одақтас болып келеді. Тіпті ғалымдар кейбір нақты ғылыми жетістіктерді тереңірек түсіндіру үшін Құранның аяттарына жүгінеді.

Әлемге әйгілі ғалымдардың өздері мойындап отырғанындай, Құран Кәрім – Алла тағаланың сөзі, ол – бар ғылымның бастауы, дінсіз – ғылым соқыр. Олай болса, ғылым – Алла тағаланың сипаты, шынайы діннің кепілі.

Демек, мұсылманның білімді де, білікті болуы, құлшылық пен тіршілікті ұштастыра отырып, қоғамдағы қордаланған мәселені шешуге белсене араласуы, қызмет ете жүріп, мешітке барып намаз оқуы екен. Алғашқы мұсылмандар бұл мәселелерді өте терең түсінгендіктен, ғылым-білімде өзгеден алға шықты.  Қазіргі уақытта барша адамзат пайдасын көріп отырған көптеген ғылымдар- оның ішінде, медицина, химия, математика т.б. негізін салған мұсылман ғалымдары екендігін жоғарыда атадық. Ал дін мен дүниені бөліп қарап, негізгі емес мәселелерді бірінші орынға қойып, маңызды мәселелерді ұмытқанда, бір-бірімізбен таласқа түскен кезде әлем мұсылмандары бір орында тұралап, даму көшінің соңында қалып қойғанымыз көрініп отыр.

Ғалымдар Ислам әлемінің шыныйы хал-ахуалына надандық (сауатсыздық), ғылыми потенциал, ғылыми белсенділік, ғылыми мақалалар, зерттеу және дамыту деректері, жоғарғы технология, патент саны, кедейшілік, ауыз су тапшылығы, бәсекеге қабілеттілік қатарлы көрсеткіштермен қатар тіптен Нобель сыйлығының иегерлері, Олимпиада чемпиодарына  дейін бір ғасырлық мерзіміне сараптама жасай келе осылардың бәрінде де ислам елдерінің деңгейі әлем халықтарының ішінде аса төмен екенін өз еңбегінде нақты дәлелдермен атап көрсеткен. ( Рухани майдан: Проблемалар мен тығырықтан шығу жолдары.     ҚМДБ. Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы және кәзіргі заман. Алматы. Атамұра, 2009 ж. 312 бет.  )

    Мәселен, орташа өмір, бала өлімі, ана өлімі, қоректену деңгейі, жоғары білімділердің жалпы халыққа мөлшері, инновация, табыс үлесімі, әлеуметтік әділеттілік, өмір сүру сапасы, бақыттылық  деңгейі, өміріне қанағаттанушылық, ұлттық брэндтер, жұмыссыздық, сөз бостандығы, әйел құқықтары, инфрақұрылым, мүліктік құқықтар, қорғаныс қабілеті, дәрі-дәрмек т.с.с. әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша ислам әлемінің жағдайы басқа жұртпен салыстырғанда өте нашар, дамыған елдерден бірнеше ғасыр артта келе жатқанымыз туралы ғалымдар, қайраткерлер жазып, жанашыр сөздерін айтып та келеді.

Елбасымыз Н. Назарбаев айтқандай, неге әлемге әйгілі ірі дамыған он мемлекеттің тізімінде бірде бір мұсылман елі жоқ. Ғылыми еңбектермен баспасөз беттерінде ғалымдар ислам әлемін 13-ғасырдан бастап құлдырады, тоқырады, ғылым мен білімде, өнер мен технологияда бұрынғысындай біртуар тұлғалар мен туындыларды шығара алмады дей келе бұлай болуына әркім әр түрліше сараптамалар жасайды.

Ақылды адамның қөзімен қарасақ мұсылмандар дүние ғылымын білмейді емес, біледі. Тіпті өзге сенімдегілерден әлдеқайда тереңірек және көбірек біледі. Бірақ мұсылмандардың бір ерекшелігі, артықшылығы- біріншіден, бұл дүниедегі барша жаратылысқа жұрегіндегі иманымен сенімінің деңгейінде мән береді. Дүние мен ақыреттің тепе-теңдігін бұзып алмау шартымен әрекет етеді. Олар «дүние ісі-ақырет жұртының өнімі» -деп бағалау арқылы өзін қоршап тұрған әлемге тек нәпсінің, ашкөзділіктің қөзімен қарауды дұрыс санамайды. Екіншіде, Ислам дәуірінің алтын ғасырларынан кейінгі замандарда әрбір адамның бала кезінен тәрбиеленген отбасы, араласатын ортасы, достары, білім алған мектебі, жоғары оқу орындары ол адамның ішкі руханиятына әсер етпей қоймайды. Оқу орындары, ұстаздар, мұғалімдер өз пәндерін оқытып жатқанда, тек батыс пен кешегі кеңес үкіметінің шығармаларын ғана емес, шығыс ғұламаларының ғылыми жетістіктерін қоса оқытса дініміздің негізінде жатқан алтыннан қымбат інжу-маржан дүниелері ашылып, халықтың игілігіне жұмсалған болар еді. Олай жасалмады.

Мұсылманның ұлы ғұламалары Құран мен ғаламды яғни екі дүниені бір-бірінен ажыратуға келмейтін егіз дүниелер деп қарап келген. Демек, Құран ғаламның, ал ғалам Құранның иләһи аудармасы, түсіндірмесі деген қағиданы берік ұстанып келген. Алайда, дұшпандар Ислам іліміндегі осы байланысты үзу үшін «сендер Құран оқып отыра беріңдер, одан артық құлшылық жоқ. Осы қасиетті кітап тұрғанда басқа дүниені зерттеудің пайдасы жоқ» -т.б. сөздермен жанашыр болғансып, Құранды жоғары санағансып, мұсылмандардың ғалам қітабын оқуға деген ынталарын өшіруді өте нәзік шеберлікпен зымиян пиғылын жүзеге асырған. Оның жалғыз мысалы, Батыс зерттеушілері ғасырлар бойы Шығыс халықтарының тілі мен дінін, тарихы мен мәдениетін, Шығыс ғұламаларының еңбектерін зерттеді және «Шығыстану» ғылымы Батыс елдерінің жоғары оқу орындарында ең негізгі гуманитарлық ғылым саласының бірі болып табылады. Өкінішке орай, мұсылман әлемінде «Батыстану» ғылымы ешқашанда болмаған, тіпті зерттеу нысаны ретінде де пайда болға жоқ. Сонымен қатар, үшіншіде, Құранның бір аяты жайлы ойлап көрмеген, бірде бір әріпін білмейтін адамдар «мұсылман болған адам ғылыммен айналыса алмайды, Құран –қатып қалған канондық кітап, одан дұрыс ғылым шықпайды» -деген пікірлер айтып одан арыла алмай жүреді. Сондықтан олар дін келген кезеңдегі өмірлік мәні бар мәселелер бүгінгі өмір талаптарына сәйкес келмейді деп тұжырымдайды. Бұл шариғат талаптарынан алшақ кеткен, білімсіз, надан, Құранды жете түсінбеген және де басқадай қыңыр-қисық ағымдар өкілдерінің бізге жат пікірлері екені айдан анық.

Әрине, біз қасиетті Құран кәрімнен, Ислам дінінің хақ жолынан ешқандай кемшілік таба алмаймыз. Бар мәселе- біздің оны әлі де жете түсіне алмауымызда. Ислам әлемінің өз кемеліне келмей, көштен кенже қалып, тоқырауы дінге байланысты емес, оның себебі- азған ақыл, зейінсіз жүрек, түйсіксіз түсініктің салдарынан дін мен түйінді мәселелері көп кәзіргі өміріміздің өзара үйлесімін терең түсіне алмауымызда деп сөзімізді қорытындылаймыз.  Қасиетті Құран Кәрімде: «Қай қауым болсын, өз жағдайын өзі өзгертпесе, олардың жағдайын Алла өзгертпейді» -деп бұйырылады. (Рағд сүресі. 13/11)  

Ендеше  алдымен білім, екіншіден еңбек жеке адам үшін де, мемлекет үшін де дамудың даңғыл жолы болып табылатыны түсінікті.

Сізбен бізді, дүниедегі барлық мұсылмандарды Алла тағала хақ жолдан адастырмасын.

Әмин!

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

Дереккөз: Мүфтият.кз сайтынан

Пікірлер Кіру