ҚҰЛАҚ БЕРУ

12 ақпан 2024 893 0
Оқу режимі

Қазақта бас ұстаған үлкендер балаларға құлақ беретін салт ертеден бар. Қонақтарға ет тартылып, дастарқанға бата жасалған соң бас ұстаған қария бастың езуінен бір кесіп екі ауыз тиеді де, оң құлағын сол үйдің кіші баласына береді. "Жақсы сөзге құлағың үйір, саққұлақ бол!", "Аталы сөзді аттап өтпейтін атпал азамат бол!" - деген секілді тілек айтады.

Мұның тәлім-тәрбиелік мәні бар.

Ылғи қариялардың қолынан дәм татып,

өнегелі сөздерін естіп баталы болып өскен бала үлкенді сыйлайтын,

сөз қадірін, сөз мәйегін түсінетін ұғымтал болуға құлшынады. Халқымыз небір қасіретті қиын замандарды бастан

кешірсе де, балаға сергек сезім, сенім ұялататын "құлақ беру" дәстүрін жалғастырып келеді. Қаланың асыра "мәдениетті" балалары құлақ жемегенімен ауыл баласы аталардан әлі күнге дейін құлақ күтіп елеңдеп тұрады.

Әйтеуір қазақ иісі бар.

Осы "құлақ беруге" орай, ауылдағы қайнымның үйінде қонақтықта болған бір көрініс есіме түсіп отыр. Сол отырыста ауданның әжептәуір атқамінерінің алдына бас тартылды.

Ол қасында отырған келіншекке:

"Ауылымыздан тек жақсы сөз естіп қайтыңыз", - деп құлақ ұсынды. Келіншек облыстық бір мекеменің бастығы еді. Сол сәтте ешқайсысымыз осыны қиғаш көрмедік.

Сонда үлкен әжесінің тізесін баса отырған қайнымның алты жасар қағілез ұлы:

"Аға, құлақ - бұрыннан менің сыбағам, тәтеге тіл беріңіз, сізді мақтап қайтады", - демесі бар ма!

Кіп-кішкентай баланың ондыққа дөп тигізген мынандай өткір сөзін естігенде алғашында дымымыз шықпай қалды. Содан кейін "ұялған тек тұрмас" дегендей, амалсыздан жаппай күлкіге бастық. Тіпті айтар сөз жоқ. Әдетте, жас балалар үлкеннің ісіне не сөзіне ортадан киліксе тектеп тастайтын ересектер бұл жолы ешбір уәж айтпады. Үйреншікті әдетімен құлақ күтіп отырған бала сыбағасының сырғып кеткеніне шыдамаса керек. Үлкеннің білместігін бетіне басқандай бадырайтып айтқанын ешкім айып көрмеді, қайта жөн санады. Сол отырысқа қатынасқандар өзге халықта кездеспейтін қазақтың осы бір кішкене салтын қайтып ұмытпастай сабақ алғаны анық.

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

Пікірлер Кіру