ҚҰПИЯ ҚАЗЫНА

09 шілде 2024 1415 0
Оқу режимі

Адамзаттың қасиеті, оның бойындағы ізгілігі жөнінде аз-маз пікір айтсаңыз? Сондай-ақ, дұғалардың қабыл болуы, иманды адам хақында не айтар едіңіз?... Иман – осынау жеті қабат көкті бейне бір жеті кітап етіп жаратқан Ұлы Жаратушыны танып, мойынсұнып оған шексіз берілуі мен жүректе оған деген шексіз сүйіспеншіліктің тууы. Осы иманнан туған көркем мінез осы шамшырақтың сыртқа түскен жарығы. Неге десеңіз, көркем мінездің әуелінде сенімділік келеді.

Ал, иман деген, сөз «аман» сөзінен туындаған. Яғни, сену, сенімді болу, деген мағынамен қатар төңірегіне сенім көрсету, бейбіт нұрын себелеу, деген, мағынаға да келеді. Сол себепті Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Сенімі болмаған жанның иманы да жоқ»,– деген. Басқа бір хадисінде де «Мұсылманның жүрегі тұп-тура болмайынша, иманы тұп-тура бола алмайды. Тілі тұп-тура болмайынша, жүрегі тұп-тура бола алмайды. Мұсылман көршісіне сенімділік көрсетпейінше, жәннатқа кіре алмайды»,–дейді. Бейне бір иман мен сенімділік егіз секілді.

Ал, сенімділік көркем мінездің ішкі ядросы. Демек, иманы бола тұрса да, өмірін қиянат, зұлымдықпен өткізгендер жүректегі иман дақылын жетілдіре алмай, жарым-жан болып күй кешкендер. Сол себепті Пайғамбарымыз пайғамбарлықтан бұрын да халық арасында «Сенім», болып өмір сүрген еді. Ол – жер бетіндегі сенім рәмізі еді. Сенімділік – жеке адамның, қоғамның, тіпті, жер бетінің алып діңгегі.

Ал иман – осы діңгектің негізі. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді «Үш нәрсе мұнафықтың (екі жүзді) белгісі. Сөзі жалған, уәдесін бұзған, аманатқа қиянат еткен». Яғни, бұлар мұсылмандық сипаттың белгісі емес. Кейде сіз кейбір мұсылман жандардан осы сипаттарды көресіз де, Ұлы Жаратушыға иман еткен адам неге мұндай олқы іс-әрекет жасайды, деп, ойға қаласыз.

Мұның сыры мынада жатыр: Иман негізінде асылы бір болса да, екіге бөлінеді. Бірі яқини (нағыз) иман, бірі тақлиди иман. Алдымен яқини иманды түсініп алайық.

Яқини иман – иманның негіздерін терең танып, іштей сезіну және оның адам болмысымен тұтасқан мағрипат шыңына жету. Яқинның ең азының өзі жүректі нұрға қарық етіп, көңілдегі күллі шек пен шүбалардың тұманын әп-сәтте сейілтіп, жанның ішкі әлемін бейне бір көктем келгендей шаттыққа кенелтіп, жұпар шашады. Кейбір Құран аяттарында айтылғандай, яқини иман үшке бөленіді:

1 «илма’л-яқин» (ілім) –ап-анық дәлел мен айғақ әлемнің дариясына терең сүңгіп, Ұлы Жаратушының барлығы мен бірлігіне, серік, ортақ атаулыдан мүлдем пәк екеніне көз жеткізіп бұлтартпас дәлелдер арқылы мызғымас сенім мен айнымас айқындықтың шыңына жету.

2. «айна’л-яқин» (анық) – көру, білу, сезу арқылы рухқа талмас қанат байлап самғатып, мағрипат ақиқатына жету.

3. «хаққа’л-яқин» (хақ) – Пердесіз көру шыңы. Яғни, дәлелсіз, пердесіз тікелей ар-ожданға екпіндете келіп, сарқылмас тау суындай сарқыраған және де ішкі-сыртқы сезімдерді түгелдей тұмшалаған мағрипат. Бұл шыңдардың ең төменіне болсын жеткендер «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, рас сөз еш уақытта жалған болмас» ақиқатын аңғарады. Міне, бұл – яқини иман.

Алла  әуелі адамға ақыл-сана берген. Одан кейін оқысын, деп, әлем атты жеті қабат жеті том кітабын ашып алдына қойған. Сол әлемге қарап өзін ақылмен танып, білсін, деген. Бұған біз «ақли дәлел», дейміз. Біз жоғарыда Алла адамға әуелі ақыл мен сананы одан жеті кітапты бердік дедік. Үшіншіде жарлығын пайғамбарлар арқылы жіберген. Ең соңғы келген пайғамбар Хазіреті Мұхаммедке (с.а.с.) келген алғаш аят «оқы»,– деп түскен. Яғни, әлемді Құран тілімен санаңның таразысына тартып оқы! Сол Құран мына шексіз ғаламның мұғжизалық аудармасы.

Әлем кітабы мен Алланың сөз кітабын салыстыра отырып Алланы танимыз. Бұл – мағрипат. Ал мағрипаттан махаббат туады. Яғни, осынау Ұлы Жаратушыға, деген, шексіз сүйіспеншілік туады. Осы сүйіспеншілік көктемінен бақыттылық сезім – таңы атады. Мұндай бақытты жандар бұдан кейін өмірін өзінің Ұлы Досының әлем атты ғажайып құдырет таңбасын тамашалаумен өткізеді. Пайғамбарымыз бірде былай дейді «Мен мұсылманның ісіне таң қаламын. Өйткені, оның істерінің бәрі ол үшін жақсылық. Бұл – мұсылманға ғана тән қасиет.

Пікірлер Кіру