ҚҰРАНДАҒЫ "ӘТТЕГЕН-АЙЛАР" ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕСІЗ?

29 сәуір 2024 1665 0
Оқу режимі

Қасиетті Құран Кәрімде келетін "әттеген-айларды" білесіз бе?

 Әттеген-ай: Топырақ болсам

 «Біз негізінде жақын бір азапты ескерттік. Ол күні пенде оған дейін не істегеніне қарайды. Сол кезде кәпір: «Әттеген-ай, топырақ болып кеткенімде еді», дейді» («Нәба» сүресі, 40-аят)

Мағынасы: Жаратылмай, о баста топырақ болып қалғанымда еді. Немесе есеп-қисаптан кейін топыраққа айналдырылған жануарлар секілді болсам еді.

 Әттеген-ай: Өмірім үшін

«Ол: Әттеген-ай! Өмірім үшін бәрін беріп жасағанымда еді, - дейді» («Фәжр» сүресі, 24-аят)

Мағынасы: Ақыретке сенбей, иман келтірмеген адам қайта тірілетін Қиямет күні орны толмас өкініште болады. Шынайы өмір дүние өмірі емес, ақырет өмірі екеніне көзі жетеді. Сол мәңгілік өмір үшін құлшылық етпегені қайғы жегізеді.

Әттеген-ай: Кітабым

«Ал, Кітабы сол жағынан берілген кісі: Әттеген-ай! Кітабым берілмегенде еді», - дейді. («Хаққа» сүресі, 25-аят)

Мағынасы: Ұлы есеп күні күнәлар жазылған амал дәптері сол жағынан берілген пенденің өзегі өртенеді. Ол кітапта қаншама қарғыс, зұлымдық, ғайбат, нәпсіқұмарлық пен жеке қалғанда жасалған күнәлар бар еді. Ешкім көрмей, білмей тұр деп ұрынған қылмыстар түртілген еді.

 Әттеген-ай: Пәленшені...   

    «Маған бәле келсін! Пәленшені өзіме дос қылмағанымда еді, әттең!» («Фурқан» сүресі, 28-аят)

Мағынасы: Адам қайта тірілген күні өзін жамандыққа итермелеп, жақсылыққа тосқауыл болған дос-жарандарының қандай қасірет әкелгендігін көреді. Жолдастары бұл түзелейін дегенде мазақ еткен еді, дұрыс сөз айтқанда келеке қылған болатын. Сол үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кісі досының дінінде. Әркім кіммен дос болып жүргеніне қарасын», - деген.

Әттеген-ай: Аллаға мойынсұнғанымызда, Пайғамбарға мойынсұнғанымызда еді

«Жүздері от ішінде аударылып-төңкерілген олар: «Әттеген-ай! Аллаға бойұсынып, Елшісіне мойынсұнған болсақ еді»,- дейді. («Ахзаб» сүресі, 66-аят)

Мағынасы: Пендені үлкен азаптан, мәңгілік оттан сақтайтын ең үлкен шарт – Аллаға иман келтіріп, айтқанын амалға асыру және соңғы Пайғамбарының (Мұхаммед) өнегесін басшылыққа алу. Әттеген-ай: Пайғамбармен бірге «Ол күні залым екі қолын шайнайды. «Әттеген-ай, Пайғамбармен бірге жол тапқанымда еді», - дейді» («Фурқан» сүресі, 27-аят) Мағынасы: Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) соңғы елші. Одан кейін Алла тарапынан ешқандай жол көрсетуші пайғамбар келмейді. Пайғамбарымыздың жолы Қияметке дейін жалғасатын, пенделерге тура жолы болатын өнеге.

Әттеген-ай: Олармен бірге...

 «Ал егер сендерге Алладан бір мәрхамет келсе, сендермен араларыңда ешбір достық болмағандай: «Әттеген-ай! Олармен бірге болсам еді, зор табысқа ие болар едім»-деп айтады.» («Ниса» сүресі, 73-аят)

Мағынасы: Аятта иманды кісілермен бірге болып, сосын оларды тастап, кереғар ұстанымға көшкен адамның жайы баяндалған.

Раббым! Бұл дүниеде де, ақыретте де ешқандай әттеген-айға ұрындырмашы! Біз үшін хайырлы нәрсені таңдап, әрдайым жақсылыққа қарай Өзің жол көрсетіп отырғайсың...

 


 

Пікірлер Кіру