ҚҰРАННЫҢ МАҒЫНАСЫН ТҮСІНУДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

27 ақпан 2023 3828 0
Оқу режимі

Иісі мұсылманның үйінде, төрінде Алланың Кәләмы – Құран ілулі тұрады. Алайда сол Кітапты аз ғана адам түсініп, оқып жатады. Өкініштісі, беті ашылмай, шаң басытұрғаны да бар...

Алла Тағала Құранда «Сад» сүресінде «Бұл мүбарак болған кітап. Оны саған олар аяттарын пікірлесін, ақыл иелері зікір етсін деп түсірдік» дейді. Құранның адамзат баласына жолдануының негізгі мақсаты – оны тура жолға бастау. Өмірде ақ пен қараның арасын ажыратып беру. Халал мен харамды таныту. Екі өмірде оны бақытты ету. Ақиреттің мәңгілік бақытын нәсіп ету. Егер мұсылман пенде Құранның аяттарын түсінбесе, пікірлемесе, санасына сіңірмесе мұның барлығы қалай іске асады. Айталық, күнделікті өмірімізде оқып жатқан намазымыздың әр ракағатында әл-Фатиха сүресін оқимыз. Ал, оның мағынасын біліп, ой жүгіртіп оқып жатырмыз ба? Әл-Фатиха сүресінде Жаратушымыз бізге нендей насихат айтып жатыр? Күллі әлемнің иелігі Аллаға тән екенін, Ол екі дүниеде Рахымын, Мейірімін төгетінін, қиямет күнінің Иесі екенін, тек қана Оған құлшылық жасап, өзінен ғана жәрдем сұрайтынымызды, бізді адасқандардың жолына емес, хақ жолға салуды қалайтынымызды ойладық па? Әрбір оқыған құран аяттарының мағынасын ұқпай, рукуғ пен сәжде жасалғандағы дұғалардың мәнін түсінбей ықыласпен құлшылық орындау қаншалықты мүмкін?! Ғибадатымызды көркем атқару үшін оқығанымыздың мән-мағынасын білу өте маңызды. Мағынасын білген сайын, құлшылығымызға нұр кіреді. Алланың қалауымен сауабы да еселене түседі. Сондай-ақ, ойдың бөлінуінен, шайтанның азғыруынан ұзақ болады.

Құранды оқитын, бірақ мағынасын түсінбейтін адамға сауап жазылмайды, оған ешбір пайдасы жоқ деп те ешкім айта алмайды. Себебі, Құранды тиләуат етіп оқудың пайдасы мен дәрежесі турасында келген хабарлар көп. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) Алланың кәләмін оқыған адам үшін болатын сауапты сипаттап: «Кімде-кім Алланың кітабынан бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал бір жақсылыққа он есе етіп сауап беріледі. Мен «әлиф ләм мим» бір әріп демеймін. Керісінше, әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп» дейді. Имам Әбу Дәуіт жеткізген мына бір хадисте Пайғамбарымыз: «Құранды оқушы құлға қиямет күні, оқы көтеріл, дүние өмірінде қалай көркемдеп оқысаң солай оқы. Сенің мәртебең, ең соңғы оқитын аятың» дейді. Бұл хадис адамның бұл дүниеде оқитын аяттары көп болған сайын, ақиреттегі дәрежесінің жоғары болатынын айтуда. Сонымен қатар, өзін оқыған адамға Құранның қияметте шапағатшы болатындығы да айтылады.

Оңғар Хайриднов,

«Рахымқызы Раиса ана» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру