ҚҰРБАН АЙТ – ҚҰТТЫ МЕРЕКЕ!
Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Өйткені, қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Асыл дінімізде дәріптелген діни дәстүр ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңіп, Ұлы дала төсіндегі ұлық мерекеге айналды. Құрбандық – үлкен тарих, ұлы ғибадат. Құрбан айт мерекесі тарихының тамыры сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады. Құрбан шалу – пайғамбарлар атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сүннеті. Алайда, құрбандық дəстүр кейінгі мұсылман үмбетке де мұра болып қалды.
Алла Тағала мұсылман жұртына нәсіп еткен бұл мейрамда мұсылмандар жуынып, таза да жаңа киімін киіп, хош иісті әтірін сеуіп, мешітке айт намазына келеді. Айт намазын оқып болғаннан кейін бір-бірін мүбәрак мерекемен құттықтап, құшақ жайып, өкпе-реніші болса кешіріп, бауырмалдылықпен қауышады. Сондай-ақ, мейрамның аты айтып тұрғандай, Алланың разылығы үшін жүрегі ізгі жандар құрбандық малдарын сойып, етінен тұрмысы төмен отбасыларға таратады. Мүмкіндігінше садақасын да мұқтаж жандарға береді. Айта кетер нәрсе, Айт мерекесін мұсылман қауымының көп болып тойлауының, думанды етіп өткізуінің еш әбестігі жоқ. Тек шариғат шеңберінен шығатын қылықтарға, дарақылық пен ысырапшылдыққа жол бермеулері керек. Таң азанымен мінәжат етуден басталатын мереке қазақ даласында өзіне жарасымды сән-салтанатымен имандылық думанына жалғасады.
Факиһ бин Саъд (р.а.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) ораза, құрбан айт және арапа күндері ғұсыл құйынатын»[1], – десе, ал Хасан бин Әли (р.а.): «Бізге Алла елшісі айт күні ең жақсы иіссуды себуді бұйырған еді»[2], – дейді. Бұл хадистер күллі мұсылманды айт күндері жан мен тән тазалығының үйлесімді болуына үндейді. Өйткені, бұл – мереке күні. Мейрамның нышаны сезіліп тұруы тиіс.
Қасиетті Құрбан айт мейрамы мұсылмандардың Мекке мен Мәдина шаһарларында қажылық парызын өтеу кезеңімен аяқталады. Құрбан айт мерекесінде мүмкіндігі бар әрбір мұсылман баласы Алла Тағаланың ризашылығы үшін құрбандық шалуы тиіс. Айта кетейін, құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ, пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп (мұсылмандық міндет). Құран Кəрімде: «Раббың үшін намаз оқы жəне құрбандық шал»,[3] – деген əмір бар.
Шариғатта адамның шамасы келмейтін міндеттемелер жоқ. Өйткені, дін мұраты – адамның ділін түзеу, тұрмысын реттеу. Шариғаттың əрбір əмірі мен тыйымының астарында адамның жеке басына жəне жалпы қоғамға пайдалы хикметтер бар.
Құрбандық шалған ең бірінші, Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлуі тиіс. Малды соятын жерге ұрмай-соқпай апарып, оны құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызылады. Сосын «Иә, Алла Тағалам, Ибраһим мен Мұхаммед пайғамбарлардан қабыл алғаныңдай менің де құрбандығымды қабыл ала гөр!» деп бата жасалады. Сосын «Аллаһу акбар!» және «Лә иләһа иллаллаһ» деп айтылып тұрады. Құрбан шалатын адам малды қинамай жұмсақ бауыздауға көңіл бөлуі керек. Малдың көзінше пышақты жалаңдатып қайрауға болмайды. Пышақ өткір болуы тиіс. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «...Құрбан шалатын адам пышағын жақсылап қайрасын, малды қинамай жұмсақ бауыздасын», – деген хадисі бар. Міне, мұның өзі асыл дініміздің адам тұрмақ, малдың өзіне жәбір көрсетпеу керек екенін ұқтырып отырған жоқ па?!
Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі төлінің ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал, ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Мәселен, құрбан малының екі немесе бір көзінің соқыр, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы секілді кемшіліктері табылса, жарамсыз болып табылады.
Адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан құрбандық ғибадатын өзі орындағаны жақсы. Мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатимаға (р.а.): «Құрбандығыңа куә бол. Өйткені, құрбандықтың ең алғаш тамған қанымен барлық қате-кемшілік кешіріледі»[4], – деген екен.
Құрбан айт – халықтың ынтымағын нығайтып, елдің ауызбіршілігін күшейте түсетін айтулы мереке. Бұл – Алла Тағаланың бізге тарту еткен мерекесі. Мұсылман баласының құлшылық амалдары жамағатпен және ауызбіршілікпен атқарылады. Құрбан айт – соның үлкен айғағы. Бұл мереке исі мұсылманның бірлігі мен берекесін тағы да паш ете түседі.
Құран Кəрімде: «...Одан өздерің де жеңдер жəне мұқтажға да жегіңіздер», – деген аят бар.
Құрбандық етін үшке бөліп, таратады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі көмекке мұқтаж кісілерге үлестіріледі. Мешіттерімізде жыл сайынғы қалыптасқан дәстүрге сай, құрбандық еті əлеуметтік аз қамтылған, көп балалы жəне жағдайы төмен отбасыларға таратылады.
Биыл да жыл сайынғы үрдіс бойынша Құрбан айт мерекесінің құрметіне Елорда мешіттерінің ұйымдастыруымен «Раббың үшін Құрбан шал!» қайырымдылық шарасы өтіп жатыр. Құрбандық еттері Нұр-Сұлтан қаласындағы мұқтаж жандарға таратылады.
Жыл өткен сайын халық мерекенің қадір-қасиетін тереңінен сезініп, құрбандық шалушылар қатары көбейіп келеді. Шариғи нормаларды сақтап, құрбандық малын сою – үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан Нұр-Сұлтан өкілдігі құрбандық шалынатын нысандарда қызмет ететін қасапшыларға арнайы семинар-тренинг ұйымдастырып, білікті діни мамандар құрбан шалудың шариғи үкімдері мен талап-шарттарын кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Тағы айта кететін нәрсе – құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қасапшының ақысы ретінде төлеуге болмайды. Бұл жөнінде сахаба Әли (р.ғ.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасапшы ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. Қасап ақысын біз өзіміз беретінбіз». Құрбан айтта құрбандықты өз әдеби нормаларына сай дұрыс шалуды – айттың өзіне тән мәдениеті деп айтар едім.
Биыл да Астана қаласының әкімдігінің бастамасымен елордамызда Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде атап өткізілгелі отыр. Қаладағы құлшылық ордаларының ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорттық ойындары ұйымдастырылады. Және «Мейірімділік мекені» атты мерекелік жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
Биыл қасиетті мейрам 11-тамыз күні мешіттерде айт намазын оқумен басталады. Оның артықшылықтарын тоқталар болсақ, әуелі Исламдағы екі айт мерекесінің өзіндік ерекшеліктері бар екенін ескере кеткен жөн. Мәселен, Рамазан айының Ораза айтында таңертең мешітке айт намазына келерден бұрын үйден құрма секілді тағамдардан дәм татып шыққан абзал болса, Құрбан айтында нәр татпай шыққан дұрыс. Мұның мәні мынада, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) сол күнгі оразасын жаңа сойылған құрбан етімен ашқанды құп санаған. Сондай-ақ, Ораза айтта пітір садақасы берілсе, Құрбан айтта жай садақа беріледі.
Ал «Арапа» аталған күн – Құрбан айттың алдындағы қажылықтың ең басты шарты болып есептелетін «арафат уақфасын» орындау үшін қажылардың Арафат тауына барып, белгілі бір уақыт тұруынан шыққан. Арапа күні таңғы намаздан бастап Құрбан айттың төртінші күнінің асыр намазына дейін әрбір парыз намазынан кейін «ташриқ тәкбірлері» айтылады.
Ал, құрбандық малы Құрбан айт намазынан кейінгі үш күн ішінде сойылады. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мерекенің басталуы мен құрбан шалудың уақытына қатысты: «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кім де кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кім де кім бұдан бұрын құрбандығын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес», – деген. Яғни, құрбандық сою кезінде осы жайттарға да көңіл бөлгеніміз дұрыс.
Алла Тағала барша мұсылман қауымының бұл күндері шалған құрбандықтарын қабылдыққа жазып, атқарған әрбір ізгі амал-әрекеттеріне сауаптан жазғай! Құрбан айт құтты болсын!
Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти,
Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы
Дереккөз: muslim.kz