Қиындықтың сыйын күрескен алады

28 маусым 2018 8285 0
Оқу режимі

Ертеректе бір сұлтан қала сыртына өте үлкен сарай салдырады. Ашылу салтанатына өз халқының барлығына шақыру жібереді. Қала сыртындағы бұл сарайға апаратын тек ғана жалғыз аяқ бір жол бар екен. Сұлтан сол жолдың қақ ортасына үлкен бір тас қойдырыпты. Ал өзі халықтың бұл көрініске қалай әрекет ететінін көрмек үшін сарайдың әлгі жол жақсы көрінетін бір терезесінің алдына отырып, бақылап отырады. Сол аймақтың ең дәулетті саудагерлері, байлары сарайға қарай ағылып келіп жатты. Барлығы қиын да болса әлгі тасты айналып өтіп жатты. Олардың көпшілігі: «бұл сұлтан халқтан қаншама салық жинаса да, «осы бір жолды жөндейін» демепті. Осындай да сұлтан бола ма екен?»- деп сөгіп жатады.

Кешке қарай ымырт үйіріле бастағанда сарайға келушілердің соңы болып бір ауыл тұрғыны келе жатады. Бұл адам әлгі сарайға жеміс-жидек, көкөніс арқалап келе жатыр екен. Тас тұсына келгенде арқасындағы себетті жерге қоя сала, әлгі тасты жолдан тасалауға кірісе кетеді. Алайда тас үлкен әрі ауыр еді. Бірақ тастың ауырлығы бұл кісіні тоқтатпады. Қайта амалын тауып, тасты аунату үшін астына тығып көтермекке ағаш іздеп табады. Ары-бері тырысып, соңында сол тасты аунатып, жолдан алыстатады. Кетпек болып, қойған себетін арқасына қайта салмақ үшін ыңғайлана бергенде, әлгіндегі тастың баяғы тұрған жерінде бір дорбаның жатқанын көзі шалып қалады. Дорбаны алып қараса сыртында бір-екі ауыз сөз бен сұлтанның мөрі бар екен. Ол жазуда сұлтан: «Бұл алтындар осы кедергіні  жолдан алып тастаған адамдікі болсын», - депті.  Осылайша жолында кездескен кедергіге басқаны кінәләмастан күресе білген бұл адам, төккен терінің ақысын тері кеппей тұрып алған екен.

Бұл оқиғадан біздің де алар сабағымыз бар: өмірімізде кездесетін әрбір қиындықтың соңында күрескен адам үшін сый-сияпаты бар. Алла Елшісі (с.а.с) бір сөзінде: «жұмысшы жалдасаңдар ақысын тері кеппей тұрып беріңдер»,- дейді. Дініміз мұны қатардағы әрбір мұсылманға бұйырса, дінімізді берген – Алла , ақымызды жемейтіні хақ.

 

Пікірлер Кіру