ҚЫЗ – ҚОҒАМНЫҢ АЙНАСЫ

27 мамыр 2023 4941 0
Оқу режимі

Перзенттер ата-анаға берілген  Алланың үлкен сыйы. Соның ішінде қыз бала мейірімділігімен, асқан жанашырлығымен, әрдайым ата-анасы, бауырлары үшін тілектес болып тұратын қасиеттерімен ерекшеленіп тұрады.  Сол арқылы қыз баланың болашағында тұтастай бір ұлттың тағдыры тұр деп айтуға болады. Әрбір отбасы иманды, ибалы қыз тәрбиелеп өсіру арқылы қоғамның рухани тұтастығына өз үлесін қосады. Өйткені, біздің халқымыз «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағатты ұстанып, сол болашақ ана атанар әрбір қыздың тәрбиесіне жіті мән берген. Тәрбиеге келер болсақ ұл болсын, қыз болсын тәрбие ана құрсағында пайда болғаннан басталады. Шарананы құрсақтан тәрбиелеп, ата салтын бойына дарытуды асыл дініміз де міндеттейді. Бала іште пайда болғаннан бастап ана перзентінің қандай болғанын қаласа дәл сол мінезді, ықыласты, жігерлікті, адалдықты өз бойына сіңдіруі қажет. Дүние есігін ашқан сәби ақ парақ сияқты барлық жанындағы орын алып жатқан оқиғаларды өзіне сіңіріп жазып отырады. Қыз балаға анасы кішкентайынан бұл өмірге келген миссиясын, өмірге әйел адам бақыт сыйлау үшін, жолдасының қолдаушысы, балаларының қорғаушысы, үлкендерді құрметтеп иіліп сәлем беріп, батасын алып көктеп көгеру үшін келгендігін түсіндіріп отыруы қажет. Әсіресе, анасы мен қызы арасындағы байланысты сенімділікпен орнықтыру қыз баланың еркін өсуіне көп ықпал етеді. Бүгінгі таңда психолог мамандардың айтуы бойынша анасы қызының ішіндегі бар сырын жасырмай айта алатындай құрбысы бола білуі тиіс. Шын мәнінде, балаға ата-анасынан артық жанашыр, ақылшы табу қиын. Бұрын қыз бала жеңгесімен сырлас болып, анасына айта алмайтын жайттарды жеке сөйлесу арқылы ортаға салып отырған. Расын айтқанда, бүгінгі технологиялық қарыштап даму заманында адамдар санасы да күннен-күнге жетілу үстінде. Яғни, сәбидің өзі тез даму үстінде. Сондықтан қыз баланың ең алғашқы ұстазы ол – анасы. Өмір атты өзенде қатты соққан толқынның дауылынан шаршағанда арқа сүйеп ақыл кеңес алып, ары қарай  құламас қамалдай қайта аяққа нық тұруына қолғабыс қылу мейірімді ананың міндеті. Қыз бала жан-жағына жылу сыйлап, өмірдің мәнін келтіретін перзент.

Үлкенге құрмет көрсету арқылы пенде өзінің жолын ашатынын ұқтыруы қажет. Бүгінде рухани жаңғыруды жолға қойып келе жатқанымызға тәубе. Бұл құндылық өз тарихымызда, өз тәрбиемізде ежелден қалыптасқан. Кейде біз мән бере бермейтін жайттар бар. Бірақ сол әдептердің өзі қыз баланың ибалығы мен тәрбиелігіне көп септігін тигізеді. Мысалы, жолда келе жатқан үлкен кісілердің, ер азаматтардың алдында тоқтап, өткізіп жіберу арқылы өз кішіпейілділігін, көрегендігін көрсетуі бойынша сауап жинап, жолын ашатынын түсіндіру. Осы әдептің өзі перзентті әдепті болуға бейімдеп, өзгелерге де құрметтеу сипатын қалыптастырады. Ал, әрбір ана қыз балаға ес жиғаннан бастап дүниеге келгендегі өзінің бұл өмірдегі миссиясы - өзінің ішкі мейірімді жан дүниесімен жан-жағына нұрын шашып, кішіпейіл келін, адал жар, аяулы ана болып салиқалы ұрпақ тәрбиелеу керек екенін ұғындырып отырса және әрдайым жүзінен жылылық кетпей жүруі арқылы гармониялық үйлесімділік орнатып өмірді жандандырады.

Дулат Қадырұлы ,

«Әс-Сәләм» мешітінің наиб имамы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Дереккөз: Muslim.kz порталы

Пікірлер Кіру