Рамазан айының артықшылығы

19 сәуір 2021 13506 0
Оқу режимі

Құдайға шүкір, қасиетті рамазан айына да аман-сау жеттік. Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет. Жаратқан Ие баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет берсін, жәрдем етсін.

Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені бұл ай әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым.

Алланың Елшісі (с.ғ.с) ұлық айды ерекше бағалап, үмбетіне үлгі қалдырған. Имам Ахмад жеткізген риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с) ражаб айы кірген уақытта: «Уа, Алла! Бізге ражаб пен шағбанның берекесін бер! Рамазанға аман-сау жеткізе көр!» – деп тілек тілеген екен.

Ендеше сол үмбеттің жалғасы болып табылатын кейінгі ұрпақ біз де Ұлы Рахманнан ұлық рамазан айының берекесін тілейміз. Мейірім маусымының исі мұсылманға игілікті болуын тілеп Жаратқанға жалбарына дұға етеміз.

Алла Тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде. Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіңдер, (кәрі не аурулар) бір міскіңнің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық қайыр қылса, ол өзіне жақсы. Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла сендерге оңайлық қалайды, ауыршылық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар».[1]

Осы аяттарға зер салып қарасақ, көптеген жайттарға қанық боламыз.

Алдымен, ораза құлшылығы бізден бұрынғы қауымдарға да парыз болғандығын білеміз. Бірақ ол қауымдардың барлығы дерлік жойылып кетті де, бұдан былай жер бетінде Алла Тағаланың соңғы кітабы – Құран Кәрім мен соңғы пайғамбары – Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннетін негіз еткен мұсылман шариғаты ғана үстемдік ететін болды һәм Құдай Тағаланың құзырында осы шариғат бойынша жасалған құлшылықтар ғана қабыл алынатын болды. Өйткені мұндағы қаратпа сөз бүкіл адамдарға емес, олардың ішіндегі иман келтіргендерге арнайы айтылып тұр.

Оразаның парыз болынған мерзімі санаулы күндер, яғни бір ай. Бұл да Жаратқанның мүмін құлдарына жасаған бір ерекше жеңілдігі.  Жыл-он екі айдың ішінде бір айды құлшылыққа арнау кез келген мүмін пенденің қолынан келетін іс.

Ал егер мұсылман науқас болса немесе сапарда жүрсе, онда дертінен айыққан соң немесе сапардан оралған соң басқа күндерден сол мерзімді толықтырып тұтуы қарастырылған.Егер де ораза тұтуға қауқары жетпейтін кәрі немесе созылмалы дерті бар кісі болса, онда әрбір күнге бір міскінді тамақтандыруы тиіс.

Денсаулығың жетіп ораза тұтсаң, ең қайырлысы сол. Өйткені бұл ұлық айды басқа ешбір ай алмастыра алмайды. Себебі, бұл айды Алла Тағаланың Өзі айрықша еткен. Бұл ай адамдарды тура жолға бастайтын Қасиетті Құран аяттары түсіріле бастаған ай. Одан бұрынғы басқа да иләһи кітаптар нақ осы айда түсірілген.  Сонымен қатар әр жылы келетін рамазан айының өзіндік орны, уақыты бар. Жыл мезгілдерінің әрбіріне ауысып отырады. Мысалы, шілденің тоғызына келген рамазан мүміннің өмірінде екінші рет осы уақытқа дөп келмеуі кәдік. Әрбір рамазан айы сондай қайталанбас уақытымен де ерекше.

Аталған аяттарға қайта оралайық. Адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с) Хира үңгірінде Жаратқанға оңаша ғибадат етіп жатқан түндердің бірінде Жебірейіл періште (ғ.с) келіп, Құранның алғашқы аяттарын уахи етті. Сол түн  мың айдан қадірлі Қадір түні еді.

Иләһи пәрменнің мәніне үңілсек, рамазан айының туғанына көрген, сол кезде тірі болған әрбір мұсылманға ораза тұту парыз екендігін аңғарамыз.

Алла Тағала Өзінің қалауымен ораза құлшылығы үшін жыл-он екі айдың ішінен рамазан айын таңдаған екен. Олай болса, осынау таңдаулы айдың өзіне тән артықшылықтары да бар. Хақ Тағала ерекше айдағы ғибадатты бұлжытпай орындаған құлдарының мәртебесін де ерекше биіктетіп, мерейін асыруға уәде еткен.

Енді осы айдың туғанын көре тұра оразаға кіріспеген жан күнәһар болып есептеледі. Өйткені ол Алла Тағаланың әмірін орындамай, оған жүрдім-бардым, салғырт қараған. Ал мұндай жүгенсіздік Жаратушы Хақ Тағаланың ашу-ызасын тудырып, қаһарына ұшырауға себеп болуы ықтимал. Өйткені аталмыш аятта иман келтірген әрбір жаннан егер сол айға аман-сау жетсе, ораза тұту талап етілді. Ал Алланың әмірін екі етуге болмайды. Дініне салғырт-салақ болып, соның себебінен ғибадаттан, Раббының рахымына жеткізетін үлкен нығметтерден мақұрым қалып жүрген мұсылмандарды Жаратқан Ие тура жолға бастасын.

Аталған аятта Алла Тағаланың иман келтіргендерге тек жақсылық, жеңілдік қалайтындығы айтылады. Расында да асыл дініміз үкімдерінде қиындық жоқ. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Шындығында дін – жеңіл», – деген. Ислам дініндегі әрбір ғибадаттың, парыздың оңтайлы тұстары бар. Өйткені аятта айтылғандай, Хақ Тағала пенделеріне ауыр істі жүктеп, қиындыққа душар етуді қаламайды. Сондықтан егер бір кісі рамазан айында науқас болса немесе сапарда жүрсе, кейінірек сауыққанда немесе еліне қайтқанда қазасын өтеуіне болады. Бұл Алла Тағала тарапынан берілген үлкен нығмет, жеңілдік. Аяғы ауыр немесе етеккірі келген әйелдердің үкімі де науқас жандікіне ұқсас.

Сондай-ақ, отыз күн ораза тұтқан мүміндер құлшылықты абыройлы орындап болған соң Жаратқанға шүкірлері мен зікірлерін айтуы тиіс.  Тура жолға салып, дүниедегі ең басты бақыт – Ислам дінінде болу нығметін сыйлағаны үшін әрі оразаны аман-есен тұтуды нәсіп еткені үшін Жаратқанды ұлықтап, тәкбір айтулары керек, Ораза айтын лайықты түрде тойлауы қажет.

Пайғамбардың (с.ғ.с) сүйіншілеуі

Пайғамбар (с.ғ.с) сахабасы Салман әл-Фариси (р.а) былай дейді: «Шағбан айының соңғы күні Алланың Елшісі (с.ғ.с) бізге мынадай уағыз айтты: «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауыз ашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе кемітілмейді». Осы тұста сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Ауызашар жасауға бәріміздің мүмкіндігіміз бола бермейді ғой», – деді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с): «Оразашының аузын, тіпті, бір түйір құрмамен, не бір жұтым сумен, сүтпен аштырған жанға да сондай сауап жазылады. Бұл айдың басы рахым, ортасы кешірім, ал соңы тозақтан құтылу кезеңі. Кімде-кім осы айда құлына, қызметшісіне жеңілдік жасаса, Алла оның күнәсін кешіріп, тозақтан азат етеді. Бұл айда төрт түрлі қасиетті көбейтіңдер. Оның екеуі Раббыларыңды разы ететін қасиеттер: шәһәдатты және истиғфарды көп айтып жүріңдер. Енді екеуі өздеріңе аса қажетті қасиет: Раббыларыңнан жұмақты сұраңдар да, тозақтан азат етуін тілеңдер. Кімде-кім ораза тұтқан жанға ауызашарда сусын берсе, Алла оны Қиямет күні менің һәуізімнен сусындандырады да, ол қашан жұмаққа кіргенше еш шөлдемейтін болады», – деді».[2]

Тирмизи таратқан тағы бір риуаятта адамзаттың асыл төресі (с.ғ.с) ұлық айдың ерекшелігі жайлы былай тарқатады: «Рамазан айының алғашқы түні болғанда шайтандар мен дүлей жындар кісенделеді. Тозақтың қақпалары тарс жабылады да, біреуі де ашылмайды. Жұмақтың қақпалары айқара ашылады да, біреуі де жабылмайды. Бір жаршы: «Ей, жақсылық қалаушы, баста! Ей, жамандық қалаушы, таста! Алланың тозақтан азат ететін құлдары бар!» – деп жар салады. Әрбір түні осылай айтылады».[3]

Имам Мүсілім таратқан риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Даңқты да ұлы Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауабын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан». Ораза тұтушының екі қуанышы бар: біріншісі оразасын ашқанда, ал екіншісі Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық».[4]

Бұхари мен Мүсілімнің Әбу Һурайрадан (р.а) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім рамазан оразасын шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген.

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Күнделікті бес уақыт намаз, жұма намазы келесі жұма намазына дейін, рамазан оразасы келесі рамазан оразасына дейін осы аралықтарда жасалған күнә-қателіктерді, егер пенде үлкен күнәлардан сақтанса, кетіреді», – деген.[5]

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Сендерге берекелі ай рамазан келді. Даңқты һәм Ұлық Алла сендерге осы айда ораза тұтуды парыз етті. Осы айда аспан қақпалары ашылып, тозақ қақпалары жабылады да, шайтандар кісенделеді. Осы айда Алланың мың айдан артық бір түні бар. Кім сол түннің қайырынан қалып қойса, көп нәрседен мақұрым қалады», – деген.[6]

Мұғаз ибн Жәбәл (р.а) былай дейді: «Бірде Пайғамбармен (с.ғ.с) бірге сапарда болдым. Бір күні оған жақынырақ келе жатқанымда: «Уа, Расулалла! Маған мені жұмаққа кіргізетін, тозақтан алыстатын іс туралы айтып беріңізші», – дедім. Ол (с.ғ.с): «Расында, үлкен нәрсе туралы сұрадың. Алайда ол Алла жеңілдеткен жан үшін жеңіл іс. Ол – Аллаға ешнәрсені серік қоспай құлшылық қылуың, намаз оқуың, зекет беруің, рамазанда ораза тұтуың, қажылыққа баруың», – деді. Сосын: «Саған ізгіліктің қақпалары туралы айтып берейін бе? Ол, ораза – қалқан. Ол – судың отты өшіргені сияқты күнә-қателіктерді өшіретін садақа. Ол – бір кісінің түн жарымында оқыған нәпіл намазы», – деді. Сосын мына аятты оқыды: «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап (түнде ұйқыдан тұрып) Раббыларына үрейленіп, үміт етіп жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Расында істеген ізгі ісі үшін қандай көзайымдар сақтаулы тұрғандығын ешкім де білмейді».[7] Сосын:«Саған істің басы, өзегі және шоқтығы туралы айтайын ба?» – деді. Мен: «Әрине, уа, Расулалла», – дедім. Ол (с.ғ.с): «Істің басы – Ислам, өзегі – намаз, шоқтығы – жиһад», – деді. Содан кейін: «Осы айтылғанның барлығының ұстап тұрудың жолын көрсетейін бе?» – деді. Мен: «Әрине, уа, Алланың пайғамбары», – дедім. Сонда ол (с.ғ.с) тілін ұстап көрсетіп: «Мынаған ие бол!» – деді. Мен: «Уа, Алланың пайғамбары! Сонда біз сөйлеген сөзіміз үшін жазаланамыз ба?» – деп сұрадым. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с): «Әй, Мұғаз! Адамдар тозаққа етпеттерінен сүйретіліп апарылғанда осы тілдерімен айтқандарының жазасы үшін апарылмай ма?» – деді.[8]

Құран түскен құтты ай

Алла Тағала былай дейді:«Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және(ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді».[9] Жаһанның жолбасшысы Мұхаммедке (с.ғ.с) ардақты аяттардың түсірілуі осы айдағы қасиетті түндердің бірінде басталды. Ол түн мың айдан қадірлі Қадір түні еді.

Пайғамбарлықтан бұрын бүкіл жаратылыс-тың мырзасы Мұхаммед (с.ғ.с) Мекке сыртындағы таудағы Хира атты үңгірде жұрттан жырақ, оңаша жағдайда Алла Тағалаға құлшылық ететін. Жасы қырыққа толған шағында қалыпты дағдысымен құлшылық етіп жатқан оған Жебірейіл періште (ғ.с) келіп: «Оқы!» – деп бұйырады. Ол (с.ғ.с): «Мен оқи алмаймын», – дейді. Сонда періште оны қатты-қысып, сосын босатып жіберіп тағы да: «Оқы!» – дейді. Мұхаммед (с.ғ.с): «Мен оқи алмаймын», – дейді. Жебірейіл (ғ.с) оны тағы да қысып: «Оқы!» – деп әмір етеді. Пайғамбар (с.ғ.с): «Мен оқи алмаймын», – деп қайталайды. Сонда Жебірейіл (ғ.с): «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен»,[10] – деп алғашқы аяттарды уахи етеді. Сосын: «Уа, Мұхаммед! Ақиқатында, сен – Алланың Елшісісің!» – деп көзден ғайып болады.

Кітаптардың кітабы Құран Кәрім Пайғамбарға (с.ғ.с) сол түннен бастап жиырма үш жыл бойы түсірілді. Алла Тағала Құранның қадірі хақында былай дейді: «Уа, адамдар! Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректерге шипа және иман келтіргендер үшін тура жол бастаушы әрі рахым (Құран) түсті».[11] «Расында, осы Құран ең тура жолға бастайды».[12]

Пайғамбар (с.ғ.с) үмбетіне Қасиетті Құран мен өзінің сүннетін бекем ұстануды аманат етіп былай деген: «Мен сендерге егер нық ұстасаңдар еш адаспайтын екі нәрсе қалдырып барамын, ол – Алланың Кітабы (Құран Кәрім) және менің сүннетім».

Алланың Елшісі (с.ғ.с) бізге Құран Кәрімді ұдайы оқып-үйренуді, жаттауды, ондағы ұлағатқа амал етуді бұйырды. Ондағы әрбір әріпте үлкен сауап бар екендігін айтты: «Сендердің ең қайырлыларың Құранды үйреніп және басқаға үйреткендерің»; «Құраннан бір әріп оқыған адамға бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылықтың сауабы он еселенеді. Мен «Әлиф. Ләм. Мим» бір әріп деп айтпаймын. Әлиф – бір әріп, ләм – бір әріп, мим – бір әріп».

Рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қоюымыз керек. Себебі, осы айда Құран түскен. Осы айда Жебірейіл періште (ғ.с) Алланың Елшісіне (с.ғ.с) келіп, Құран Кәрімді қайталап үйрететін.

Хақ Тағаланың Кітабын үйрену, Елшісін (с.ғ.с) сүю тәрбиенің негізгі қайнар көздері. Имам Табарани таратқан хадисте былай делінген: «Балаларыңды үш түрлі қасиетке баулыңдар: Пайғамбарларыңды сүюге, оның әулетін сүюге және Құран оқуға. Шындығында, Құранды жаттағандар ешқандай көлеңке болмайтын Қиямет күні Алланың Аршысының көлеңкесінде болады».

Сонымен бірге, Қиямет күні әрбір мұсылманға тұтқан оразасы мен оқыған Құраны шапағатшы болады екен. Имам Ахмад риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с) былай дейді: «Қияметтің күні Раббының алдында ораза мен Құран пендеге арашашы болады. Ораза: «Раббым! Мен оны күндіз ішіп-жемнен тыйған едім. Енді мен оған арашашы болайын», – дейді. Құран болса: «Мен оны түнде ұйқысынан айырып едім сол үшін оған арашашы болайын», – дейді. Сөйтіп, екеуінің де шапағаты қабыл етіледі».

Ислам тарихындағы ғұламалар, ізгі пенделер рамазан айында Құран Кәрімге ерекше ден қойып, түгел оқып, зерделейтін болған. Төл мазһабымыздың көшбасшысы, ұлық имам Әбу Ханифа рамазан айында Құранды бірнеше мәрте хатым еткен.

Айрықша құлшылықтар айы

Бұдан бұрын айтылған хадисте былай делінген: «Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай». Атақты ғұлама Ибн Ражаб әл-Ханбали өзінің «Латаифул-маъариф» атты кітабында былай дейді: «Ізгі амалдың сауабының ерекше еселенуінің себептері бар. Біріншісі, ізгілік жасалған жерге қатысты. Яғни орынның құрметтілігіне қарай онда орындалған іс-амалдың сауабы да еселенеді. Сондықтан да Мекке мен Мәдинадағы қасиетті мешіттерде оқылған намаздың сауабы айрықша. Пайғамбар (с.ғ.с): «Менің мешітімде оқылған бір намаз әл-Харам мешітінен өзге мешіттерде оқылған мың намаздан артық», – деген. Қасиетті мешіттерде орындалған ғибадаттардың сауабы да үлкен.

Ізгі амалдың сауабының еселенуінің тағы бір сыры оның орындалған уақытына байланысты. Мысалы, зул-хижжа айының алғашқы онкүндігінде және рамазан айында жасалған қайырлы істердің мәртебесі биік. Бір хадисте «Қай садақа қайырлы?» – деп сұраған кісіге Пайғамбар (с.ғ.с): «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берген». Басқа бір хадисте адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с): «Рамазан айында орындалған ұмраның сауабы қажылықпен тең», – деген.

Олай болса, ақылды адам ұлық айдың осындай шарапатынан құр қалмаса керек.

 Тәубе айы

Рамазан айы жылына бір рет келетін зор мүмкіндік. Ғибадат айында ерекше рухани атмосферада іс-амалдарды електен өткізіп, иманды жаңартуға, ізгілік істер арқылы жүректі жұмсартуға болады. Ал осы бір мүмкіндікті кәдеге жарата алмау нағыз дімкәстікті білдіреді.

Әл-Хаким таратқан риуаят бойынша бірде Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларына мінберді әкелуге бұйырады. Сосын әкелінген мінберге көтеріліп бара жатып: «Әмин», – деп үш рет айтады. Сосын қайтадан төмен түседі. Сахабалары мұның мәнісін сұрайды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Маған Жебірейіл (ғ.с) көрініп: «Рамазанға жетсе де, күнәсі кешірілмеген жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Екінші мәрте көтеріл-генімде: «Сенің есімің аталғанда салауат айтпаған жан аулақ кетсін!» – деді. Мен: «Әмин», – дедім. Үшінші мәрте көтеріле бергенімде: «Ата-анасының екеуі, не біреуі көз алдында қартая тұра, жұмаққа кіруіне себепкер бола алмаған (ата-анасына лайықты қызмет ете алмаған) жан аулақ кетсін!» – деді. Мен тағы да: «Әмин» – дедім».

Тақуалық айы

Алла Тағала былай дейді:«Әй, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды. Әрине сақтанарсыңдар».[13]

Осы шарапатты аяттың соңы «әрине сақтанарсыңдар» деп аяқталып тұр. Бұл сөзде терең мағына жатыр. Ораза парызы Раббымыздан шынайы түрде қорқуға, тақуалыққа тәрбиелейді. Бұл аяттағы «тәттәқун» сөзі «сақтанарсыңдар» деген мағынамен бірге «тақуалық етерсіңдер» деген мағынаны да білдіреді. Оразаның түпкілікті мақсаты пенденің бойында Құдай Тағаладан қорқу, тақуалық қасиетін қалыптастыру болып табылады.

«Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді халық даналығы. Тегінде, тақуалық адам баласының ең көркем сипаты. Өйткені Құдайдан қорқу сипаты пендені талай жаманшылықтан сақтайды. Сондай-ақ, барша пайғамбарлар алдымен Құдайдан қорқуға шақырған.

Рамазан айында парасат-пайымы биік пенде үшін артындағы ғұмыр жолына бір қарап алып, өткенін безбендеп, болашағын бағдарлайтын қайталанбас сәт туады. Шындығында, өз-өзіне есеп беру тақуа жандардың дағдысы, байыптылардың әдеті. Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Алла бір қауымды қашан олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпейді».[14] Яғни  өз-өзін жақсы жаққа өзгерту, Раббы Тағала разы болатын бағытқа бұру ең алдымен әрбір пенденің ықылас-ниетіне, ерік-жігеріне, қажыр-қайратына байланысты дүние. Пенде тура жолға ниет етсе, Алла да оның жолын жеңілдетіп, сауабын еселейді.

Пайғамбар (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді: «Зерек – нәпсісін төмен ұстап, өлімнен кейінгіге амал еткен адам, ал дәрменсіз – нәпсісі мен әуейілігіне еріп, Алладан шексіз үміттенген адам». Осы хадистегі «нәпсісін төмен ұстау» деген ұғымды ғалымдардың бір тобы өз-өзіне есеп беру деп түсіндірген. Яғни  Қиямет күні талқыға түспей тұрып, осы дүниеде өз ісіңе талқы жасап, есеп беруге дағдылану, сөйтіп, Ұлы Есеп күніне өзіндік есеппен, іс-амалды таразылап, елеп-екшеумен бару.

Өз-өзіне есеп беру ізгі пенделердің дағдысы, мұсылманнның иманын жаңартып, түлететін ой таразысы, пікірі мен түсінігін туралап, түзейтін тезі. Бұл туралы мұсылман тарихында талай ділмәрлар, тақуалар түрлі айшықты ойларын айтып кеткен. Солардың біразы мынадай. Омар ибн Хаттабтан (р.а) қалған мынадай мәшһүр өсиет бар: «Есепке алынбастан бұрын өздеріңнен есеп алыңдар, оны таразыға түспестен бұрын таразылаңдар, ең үлкен тексеру күніне дайын болыңдар, «Сол күні сендер тексерілесіңдер, сонда сендердің ешқандай құпияларың жасырын қалмайды».[15]

Уаһб ибн Мунәббиһ былай деген: «Дәуіт (ғ.с) әулетінің даналықтарының бірі мынадай: «Әрбір ақылды пенде үшін ешқашан естен шығармауы тиіс төрт сағат бар: ұлы әрі даңқты Раббысына мінәжат ететін сағаты, өз-өзіне есеп беретін сағаты, айыбын, кемшілігін бетіне басып, нәпсісі туралы шынайы сөйлейтін достарына баратын сағаты және нәпсісін адал әрі көркем қызықтармен оңаша қалдыратын сағаты».

Хасан Басри былай дейді: «Мүмін адам өз нәпсісінің қожайыны. Алланың разылығы үшін өз-өзінен есеп алып отырады. Осы дүниеде өз-өзіне есеп бергендердің Қиямет күнгі есептері жеңіл болады екен де, керісінше, әрбір істі еш есепсіз, қалай болса солай істейтіндердің Қиямет күніндегі есебі өте ауыр болады екен».

Расында да халық аңызындағы Аяз би секілді әрбір адам баласы бір сәт өз ісіне есеп беріп, нәпсісінің жағдайына баға беріп отырмаса болмайды. Аяз би кедей кезіндегі шоқпыт-шоқпыт шекпенін үйінің жоғары бір жеріне іліп қойыпты. Нәпсісі дандайсып, шектен шыға бастағанда-ақ сол шекпеніне қарап бұрынғы халін есіне түсіріп: «Аяз би жолыңды біл, құмырсқа әліңді біл», – деп өрекпіген көңілін сабасына түсіріп, тәубесіне келіп отырады екен.

Үмбетіміздің тарихында талай тақуалар, ғұламалар, ұлы адамдар өз-өздеріне есеп беріп отыруды ғұмырлық дағдыға айналдырған. Олай болмағанның өзінде өзінің мінін бетіне басып айтатын шыншыл адамдармен жолдас болған. Көптеген билікке жеткен әділ әміршілер, байлыққа ие болған ақылды бай-бағландар тақуадар ғалымдарға, би-шешендерге, ақындарға өздерін бірде мақтатып, бірде міндерін айтқызып, даттатып отырған. Ондағы мақсаттары нәпсілерінің жайына қанығу, имани-рухани ахуалын сырт көз арқылы безбендеп, бағамдау. «Сырт көз сыншыл» дегендей, адамның өзі көре алмаған мінін басқа біреу көреді. Сырт көзге сын айттыруы арқылы ақылды адам өз мінін біліп, оны түзетуге тырысады.

Әділдігімен қара қылды қақ жарып Фаруқ атанған Омар ибн Хаттаб (р.а): «Бізге кемшілігімізді көрсеткен адамға Алла рахым қылсын», – дейді екен.

Әбу Сүлеймен Дарани былай деген екен: «Дүние мен ақыреттегі бүкіл ізгіліктің түп негізі – Алладан қорқу. Дүниенің кілті – тою, ал ақыреттің кілті – аш болу».

Сабыр айы

Пайғамбар (с.ғ.с) ораза ұстаушыға былайша өсиет еткен: «Ораза күні сендердің ешқайсыларың жаман сөз айтып, даусын көтермесін. Ал егер біреу оны балағаттаса: «Мен оразамын, мен оразамын», – десін».[16] Яғни  ораза ұстаушы қандай жағдайда болмасын оразасын былапыт сөздермен, ұрыс-керіспен ластамай, сабырлылық танытып, ғибадатын мүлтіксіз түрде орындауы керек. Сонда ғана ғибадаты кәміл болып, Раббының дәргейінде қабыл болады. Өйткені ораза тек қана ішіп-жемнен тыйылу емес. Сондай-ақ, жаман әдеттерден, дөрекі сөздерден, теріс мінез-құлықтардан арылуы. Ал күнделікті үйреніп қалған дағдылардан, мінез-құлық кемшіліктерінен бірден арылу оңай емес. Ол бірте-бірте орындалатын іс.

Тирмизи таратқан хадисте Пайғамбар (с.ғ.с): «Ораза – сабырдың жартысы», – дейді. Десе дегендей, күні бойы ашқұрсақ жүріп, кеңпейілділік қалпын сақтай алу нағыз бекзаттыққа апаратын рухани шынығу.

Жалпы сабыр атаулы шарғи мағынада үшке бөлінеді: Алла Тағаланың құлшылығын орындауда сабыр ету, Алла Тағала тыйым салған нәрселерден тартынуда сабыр ету және Жаратқанның жазмышына көркем түрде сабыр ету. Мұндағы құлшылық-тағатқа сабыр етудің мағынасы намаз, ораза, зекет, қажылық сияқты парыз амалдарды қандай да бір қиыншылыққа қарамастан, ауа-райының қолайсыздығына, ахуалдың қысылтаяңдығына қарамастан көркем сабырмен орындау дегенді білдіреді.

Хақ Тағала Зүмәр сүресінің 10-аятында сондай сабырлы құлдардың сауабын есепсіз беретіндігі жайлы былай дейді: «Расында, сабырлылар сауаптарын қисапсыз түрде молынан алады». Алла Елшісі (с.ғ.с): «Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат», – деп ораза айының қайырлы қорытындысымен сүйіншілеген.

Шүкіршілік айы

Мүбәрак рамазан айында ораза тұтушы бұрын мән бермей жүрген көптеген нығметтердің қадірін сезінеді. Ашығып, шөліркеп Жаратқанның ырзық-несібесінің, қара судың қадіріне жетеді. Күні бойы аш құрсақ жүретін жарлы-жақыбайдың жағдайын басынан кешіреді. Бойындағы жанашырлық, бауырмалдық сезімі оянады. Өзінен төменге қарап шүкірлік етеді. Қолда бар мүмкіндіктердің қадірін ұғынады. Оразаның осындай хикметті қырлары бар.

Асылы, Хақ Тағала құлдарының ішінен Өзінің нығметтеріне, ырзық-несібесісіне әрдайым шүкір етіп жүретіндерін жақсы көреді. Өйткені Жаратқанның берген ырзығына алғыс білдіру иманның ажырамас бөлігі. Себебі, Алла Тағала Өзіне күпіршіл болмай, шүкіршіл болуға бұйырған: «Мені естеріңе алыңдар, сонда Мен де сендерді есіме аламын. Маған шүкіршілік етіңдер, күпірлік етпеңдер».[17]

Раббысы берген өмірге, денсаулығына, материалдық және рухани байлықтарына алғыс білдіріп, лайықты түрде шүкір ету әрбір пенденің міндеті.

Ақиқатында, Алла Тағала құлдарының шүкірлігіне мұқтаж емес, керісінше, пенделер Раббыларының рахымына зәру. Аятта былай делінген: «Кім шүкірлік етсе, расында ол өзі үшін шүкірлік етеді. Ал кім шүкірсіздік етсе, расында Раббым Бай һәм Жомарт».[18]

Алланың Елшісі (с.ғ.с) өз үмбетіне нығметке шүкір етудің сырларын анықтан түсіндіріп берген. Суһайбтан (р.а) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с) былай дейді: «Мүміннің ісі неткен ғажап! Шындығында оның барлық ісі қайырлы. Бұл мүміннен басқаға жазылмаған. Егер оның басында қуаныш болса, Аллаға шүкір етеді де, сонысына сауап-сый алады. Егер оған бір жамандық төнсе, оған сабыр етеді де, онысына да сауап алады. Алланың мұсылманға жазған әрбір тағдыры қайырлы».[19]

Шариғат пайымында шүкіршіл жүрек ең үлкен байлықтардың бірі. Ибн Аббастан (р.а) жеткен хадисте Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Кімге мына төрт нәрсе нәсіп етілсе, оған дүниенің де, ақыреттің де игілігі берілген болады: шүкір етуші жүрек, зікір етуші тіл, сынаққа сабырлы тән және өз нәпсісінде де, жарының малына да еш жамандық қаламайтын әйел», – деген.[20]

Пайғамбардың (с.ғ.с) өзі шүкір етуде үмбетіне үлкен үлгі болды. Ол (с.ғ.с) түні бойы Раббысына құлшылық қылып, табаны жарылып кеткенше намаз оқитын. Сонда жұбайларының бірі: «Уа, Алланың Елшісі! Неге олай етесіз? Бұрынғы да, кейінгі де күнәларыңыз кешірілген жоқ па?» – дегенде, ол (с.ғ.с): «Олай болса, шүкір етуші пенде болуым керек емес пе?» – деп жауап берген.[21]

Тіршіліктің түрлі кезеңдерінде бастағы бақтың қадірін біліп, шүкір ету нағыз иманды пенденің белгісі. Бірде Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларына шығып:«Уа, сахабаларым! Қалай тұрдыңдар?» – деп сұрайды. Сонда сахабалар y: «Аллаға мүмін болып тұрдық, уа, Расулалла!» – деп жауап қайырады. Пайғамбар (с.ғ.с): «Имандарыңның белгісі қандай?» – деп сұрайды. Сахабалар y: «Бәле-жалаға сабырлылық, халімізге шүкіршілік, тағдыр-қазаға разылық танытамыз», – дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с): «Олай болса, Қағбаның Иесімен ант етейін, сендер нағыз мүмінсіңдер», – деген екен.

Расында, Алла Тағаланың адамзат үшін көк пен жерден төгіп жатқан нығметтердің саны шексіз. Алла Тағала былай дейді: \«Сондай-ақ, Ол (Алла) сендерге сұрағанда-рыңның бәрін берді. Егер Алланың нығметтерін есептейтін болсаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам өте әділетсіз әрі шүкірсіз».[22]

Сол нығметтердің бірі денсаулық пен бос уақыт. Тәннің саулығын буын сырқырап, сырқаттанғанда ғана білеміз. Әрбір пенденің ең басты қазынасы – өмірі. Ол өмір жолы жылдардан, айлардан, күндерден, сағаттардан, мезеттерден тұрады. Сол уақыттың қадірін біліп, Раббының разылығы үшін мүлтіксіз пайдаланып жатқан пенде кемде-кем. Сондықтан Пайғамбар (с.ғ.с) осы айтылған екі нығметтің әрдайым назардан тыс қалатындығын үмбетіне ескертіп: «Адамдардың көбі екі нығметтің қадірін дұрыс білмейді. Олар – денсаулық пен бос уақыт», – деген. (Бұхари, Тирмизи риуаят еткен).

Мұсылман пенде нығметке қуанып, белгілі бір табысқа жеткенде, Аллаға шүкіршілігін білдіруі керек. Ол үшін шын ықыласпен «Әлхамдулилләһ» деп айтудың өзі жеткілікті. Рахымдылардың рахымдысы Раббымыз бізді Өзінің нығметтеріне шүкір ететін шүкіршіл пенделерінен қылғай.

Жеңіс айы

Құран Кәрім түскен рамазан айы ғажайыптар мен кереметтерге толы әрі бұл айдың да керемет сырлары таусылмайды. Рамазан айы сабыр мен ғибадаттың, төзімділіктің, нәпсіні тәрбиелеудің айы. Нәпсісін тезге салу арқылы пенде өзінің рухани әрі денелік шама-шарқын, дәрменсіздігін біліп, өзін-өзі таниды. Ал кім өзін-өзі таныса Алланы тануға қадам жасайды. Жұмақ жолы жеңіл емес. Оған Алланың разылығы үшін нәпсісімен күресіп, хақ жолында аянбай күрескендер ғана кіре алады. Осы рамазан айындағы мұрсатты пайдаланған әрбір пенде өзін-өзі жақсы жаққа өзгерте алады. Алла Тағала былай дейді: «Алла бір қауымды қашан олар өз-өздерін өзгертпейінше өзгертпейді».[23]

Ұлық айдың ғажайыптары көп. Бұл айда жасалған әрбір жақсылықтың орны ерекше. Имам Бәйһақи таратқан риуаятта Пайғамбар (с.ғ.с): «Егер Алланың пенделері осы айдың берекесі мен артықшылығын білсе, рамазан айының жыл бойы болғанын қалар еді», – деп берекелі айдың баға жетпес биік мәртебесін анықтап берген.

Ислам тарихында нақ осы рамазан айында мұсылмандар көптеген жеңістерге қол жеткізген. Солардың ең біріншісі Ислам тарихындағы ең алғашқы жеңіс Бәдір шайқасы болатын. Бұл имандылық пен күпірліктің алғаш рет бетпе-бет келген кезі болатын. Бәдір шайқасы Пайғамбар (с.ғ.с) Меккеден Мәдинаға көшкеннен кейін екінші жылы рамазан айының екісі күні орын алды. Бұл шайқастың баяны мынадай.

Бәдір шайқасы

Алланың Елшісі (с.ғ.с) Мәдина қаласының жанындағы керуен жолынан Меккедегі құрайыш тайпасының сауда керуені өтетіндігін біледі. Керуенбасы – құрайыш шонжарларының бірі Әбу Суфиян. Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларына: «Оларға қарсы шығыңдар, бәлкім, Алла сендерге олжа нәсіп етер», – деп бұйырады.

Алайда Әбу Суфиян мұсылмандардың жоспарларын біліп қалып, Меккедегі құрайыштықтардан қарулы көмек шақыртып алады да, өзі басқа жолмен өтіп кетеді. Сөйтіп, мүшріктер керуені мұсылмандардың құрған торынан сытылып кетеді. Әбу Суфиян аттанар алдында керуенді мұсылмандардан қорғау үшін келген меккелік жасақтарды қайтарып жібереді.

Дегенмен, меккелік мүшріктердің әскербасы Әбу Жәһл Бәдірде той-думандатып, арақ-шарап ішіп, үш күн боламыз деп шешеді. Мақсаты – мұсылмандар мен басқа араб тайпаларына қыр көрсету.

Арада көп уақыт өтпей Мәдинадан Пайғамбар (с.ғ.с) бастаған мұсылман әскері шығады. Мұсылман жасағының құрамында 316 жауынгер, 70 түйе, 3 ат болады. Ал мүшріктердің әскерінде 950 жауынгер, 700 түйе, 100 ат бар еді.

Екі әскер жолыққан шақта шайқас басталады. Алла Тағала мұсылмандардың жүрек-терін орнықтыру үшін көктен көмекші періштелер түсіреді. Ақырында иләһи қолдаудың арқасында мүміндер тобы жеңіске жетеді. Мұсылмандардан он төрт жауынгер шәһид болады, ал мүшріктерден жетпісі жер жастанып, тағы жетпісі тұтқынға түседі. Осы жолы Алланың дұшпаны Әбу Жәһл мен құрайыш тайпасының кейбір шонжарлары өлім құшады. Алла Тағала бұл оқиға туралы: «Алла сендерді Бәдірде өте аз болғандарыңда да жеңіске жеткізген еді. Алладан қорқыңдар, бәлкім, шүкір етерсіңдер», – деп баяндаған (Әли Имран, 123).

Осы оқиға арқылы мұсылмандар жеңістің әскер мен қару-жарақтың көптігімен емес, тек бір Алланың қалауымен ғана болатындығын жете түсінді. Бұл кейінгі мұсылмандарға да үлкен сабақ болды. Қара қылды қақ жарған әділ халифа Омар ибн Хаттаб (р.а): «Біз ешкімді күш-қуатпен, қарумен жеңбейміз. Біздің басты қаруымыз – Аллаға деген иманымыз, тақуалығымыз», – деген.

Меккенің ашылуы

Ислам тарихындағы ең үлкен жеңіс Меккенің мұсылмандардың қолына өтуі десек қателеспейміз. Өйткені Қасиетті Мекке қаласының мұсылмандардың қолына өтуі ең шешуші шайқас, ең үлкен жетістік. Осы жеңісі арқылы Алланың Елшісі (с.ғ.с) қасиетті қаланы көпқұдайшылдардан азат етіп, пұт тастарынан тазартты. Һижра жыл санауымен 8-жылдың рамазан айының 20-сы күні болған шайқас былай басталған еді.

Меккелік құрайыштармен одақтас Бәкір тайпасы Пайғамбармен (с.ғ.с) одақтас Хузаға тайпасына тұтқиылдан шабуыл жасап, жиырма адамын өлтіреді. Бұл шабуылда оларға одақтастары құрайыштықтар да жәрдемдеседі. Осыдан кейін Хузаға тайпасының көсемі Амр ибн Сәлим әл-Хузағи Алланың Елшісіне (с.ғ.с) барып көмек сұрайды. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с): «Саған жәрдем беріледі», – деп уәде етеді. Мұны естіген құрайыштықтар өздерінің үлкен қателік істегендерін түсініп қатты өкінеді.

Пайғамбар (с.ғ.с) он мың жауынгерден тұратын әскер дайындап, Меккеге аттанады. Әл-Жахфа деген жерге жеткен кезде алдынан әкесімен туысқан көкесі Аббас шығады.

Пайғамбардың (с.ғ.с) Меккеге қарай үлкен қолмен келе жатқанын естіген құрайыштықтарда зәре қалмайды. Құрайыштықтардың көсемі Әбу Суфиян істің алдын алу үшін мұсылман әскерінің алдынан шығады. Жолай Аббас кездеседі. Аббас: «Уа, Әбу Суфиян! Енді сені Пайғамбардан (с.ғ.с) ештеңе құтқара алмайды, мұсылман бол», – деп кеңес береді. Әбу Суфиян сол жерде Исламды қабылдап, Меккеге мұсылман әскерінен бұрын барады да: «Уа, халайық! Алланың Елшісі сендерге жер қайысқан қолмен келе жатыр. Кімде-кім өз үйінен шықпаса, оған бас амандығы берілетін болды, кімде-кім Әбу Суфиянның үйінен шықпаса, оған бас амандығы берілетін болды», – деп жар салады.

Пайғамбар (с.ғ.с) Меккеге қашырының үстінде тағзым ете кіреді. Осылайша қасиетті қала соғыссыз алынады. Тек Халид ибн Уалидтің жасағына мүшріктер шабуыл жасап, екі мұсылман шәһид болып, жиырма мүшрік өлтіріледі, тағы да екі мың мүшрік тұтқынға алынады. Пайғамбар (с.ғ.с) алдына әкелінген тұтқындарға қарап: «Мен туралы не айтасыңдар?» – деп сұрайды. Олар: «Сен біздің қадірлі туысымызсың әрі қадірлі ағайынымыздың ұлысың», – деп жауап қатады. Сонда әрдайым кешірімшіл Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Барыңдар, сендер азатсыңдар», – деп талай жылдардан бері өзіне қарсы соғысып келген қас дұшпандарына бас амандығын береді. Осы күні адамдар топ-топ болып Ислам дініне өтеді. Екі мыңдай кісі мұсылман болып, Меккедегі үш жүз алпыс пұт түгелдей қиратылып, Алланың Үйі пұттардан біржола тазартылады. Алла Тағала бұл ұлы жеңіс туралы Насыр сүресінде: «Егер Алланың көмегі мен жеңісі келгенде адамдардың Алланың дініне топ-топ болып кіргендерін көресің. Сонда Раббыңды пәктеп, кешірім тіле, шындығында, Ол тәубені қабыл алғыш», – деген.

Дініміздің тарихында мұсылман жауынгерлерінің рамазан айында қол жеткізген бұдан да басқа жеңістері көп болған. Мысалы, һижраның 91-жылы рамазан айында мұсылман әскерлері Испанияға кіреді. Ал келесі 92-жылы рамазан айында мұсылман қолбасшысы Тариқ ибн Зияд өзінің аздаған әскерімен Испания королінің мыңдаған әскерін талқандайды.

Һижраның 584-жылы рамазан айында мұсылмандар айбынды қолбасшы Салахуддин Аййубидің басшылығымен Құдыс қаласын крест жорықшыларынан азат етеді.

Һижраның 647-жылы рамазан айында Мысыр мұсылмандары елге басып кірген Франция королі Луидің әскерін талқандап, королдің өзін тұтқынға алады.

Һижраның 658-жылы рамазан айында Бейбарыс бастаған Мысыр мәмлүктерінің әскері Шам аймағындағы Айн Жалұт деген жерде мұсылман әлеміне лаң салған монғол шапқыншыларын ойсырата жеңіп, алғаш рет бетін қайтарады.

Міне, көне тарихтағы рамазан айында болған жеңістердің бірсыпырасы осындай. Сонымен бірге қазіргі заманымызда да рамазан айында мұсылмандар көптеген жеңістерге жетті. Соның ең бастысы Мысыр әскерінің елге тұтқиылдан басып кірген басқыншыларды жеңуі. Бұл 1973-жылы 6-қазан, мұсылманша рамазан айының оны күні еді. Дұшпандарға әлемдегі алпауыт елдер көмектесті. Соған қарамастан, Алланың қалауымен, көмегімен мұсылман қолы жеңіске жетті.

Мүбәрак ай тарихта осындай жеңістермен айшықталыпты. Мекке ашылған соң Пайғамбар (с.ғ.с) сахабаларына: «Алдымызда ең үлкен жиһад тұр. Ол – нәпсі жиһады», – деген екен. Олай болса, Жаратқан Ие баршамызды осы рамазан айындағы жиһадтың ең үлкені нәпсі жиһадында жеңіске жеткізсін!

Ораза тұтушыға өсиет

Енді Алланың Елшісі (с.ғ.с) осынау қасиетті де берекелі ай рамазан айында қалай ғибадат қылды, соған оралайық. Айша анамыз (р.а.) былай деп әңгімелейді: «Алланың Елшісі (с.ғ.с) өте жомарт болатын. Ал рамазан айында одан да ерекше жомарттық көрсететін». Яғни  Пайғамбар (с.ғ.с) рамазан айында ғибадатта болсын, садақа беруде болсын, ерекше жомарттық танытатын. Құлшы-лықта ерекше ижтиһад жасайтын.

Айша анамыз (р.а.): «Алланың Елшісі (с.ғ.с) рамазан айының соңғы онкүндігінде ғибадатты ерекше ыждағаттылықпен орындап, түнін намазбен өткізіп, жанұясын да намаз оқуға оятатын», – дейді.

Пайғамбардың (с.ғ.с) оразаның қадір-қасиеті туралы айтқан хадистері көп. Оларда осынау парыздың қыр-сырын, дәрежесін тәптіштеп түсіндірген. Солардың бірсыпырасы төмендегідей.

Алланың Елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді: «Расында, Алла өтірік айтуын доғармаған біреудің ішіп-жемін тоқтатқанына мұқтаж емес».[24] Ендеше ауызбен қоса тілмен де ораза тұтуымыз қажет.

Ибн Мәже жеткізген басқа бір риуаятта: «Қаншама ораза тұтушылар бар, олардың бар тапқаны пайдасы – шөлдеу ғана», – деп ораза ережелерін дұрыс сақтамаған кейбір адамдардың оразасының қабыл болмауы мүмкін екендігін ескерткен.

Сондықтан ораза ұстаушы мұсылман өзін өсек-аяңнан, өтірік, балағат сөздерден, ұрыс-керістен аулақ ұстауы тиіс. Ондай ортада үндемегеннің өзі сауап іс. Өйткені Пайғамбар (с.ғ.с) бір хадисінде: «Ораза тұтушының үндемеуі Аллаға тәсбих айтқанымен тең»,[25] – деген.

Рамазан айы ізгі амалдардың маусымы. Бұл айда орындалатын ораза парызын аса жауапкершілікпен, тақуалықпен тұтпағымыз ләзім. Сонда ғана мойнымыздағы міндетімізді адал атқарып, Алланың разылығына жеткен боламыз. Бұхари мен Мүсілімнің Әбу Һурайрадан (р.а) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім Рамазан оразасын шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деп сүйіншілейді.

Алланың Елшісі (с.ғ.с) басқа бір хадисінде таң алдындағы сәрелікті қалдырмауға үндеп былай дейді: «Сәрелік ішіңдер! Расында сәрелік аста құт-береке бар».[26]

Сондай-ақ, Пайғамбар (с.ғ.с) жаңа піскен құрмамен ауыз ашқан, егер жаңа піскен құрма болмаған жағдайда құрғақ құрмамен, құрғақ құрма болмаған жағдайда сумен ауыз ашқан әрі басқаларды да солай істеуге үндеген.

Сонымен қатар ораза тұтушы жеке бас тазалығына да мән беруі керек. Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Ораза тұтушының ең қайырлы қасиеті – аузын мисуак-пен тазалауы», [27]– деген.

Кімде-кім оразаны себепсіз ұстамаса үлкен күнә жасаған болып есептеледі. Сахих әт-Тарғиб кітабында риуаят етілген хадисте Пайғамбар (с.ғ.с) түс көреді. Онда өздерінің қан тамырларына ілініп, ауыздары тілініп азапталып жатқан адамдарды көреді. Пайғамбар (с.ғ.с): «Бұлар кімдер еді?» – деп сұрағанда, періштелер: «Бұлар өздерінің оразала-рын бұзған адамдар», – деп жауап береді.

Сондықтан үмбетіміздің кейбір ғұламалары парыз екендігін біле тұра ораза тұтпаған мұсылманның күнәсін үлкен күнәға жатқызған.

Ораза тұтушыға берілген бес қасиет

Имам Ахмадтің Әбу Һурайрадан (р.а) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с) ораза тұтушының ерекше қасиеттері жайында былай дейді: «Менің үмбетіме рамазан айында бұдан бұрын ешбір үмбетке берілмеген бес түрлі қасиет берілді:

1. Ораза тұтушының аузының исі Алланың алдында хош иісті мисктен, сөзсіз, артық болады;
2. Ауыздарын ашқанша періштелер олар үшін Алладан истиғфар тілеп тұрады;
3. Алла Тағала рамазан айының әрбір күні жәннатын безендіріп оған: «Менің ізгі құлдарымның ауыртпалықтар мен тауқыметтерден тастап, саған кіретін күні жақын қалды», – дейді;
4. Бұл айда жындардың біразы шынжыр-ланып, басқа айларда істейтін нәрселерін істей алмайды.
5. Ал соңғы түні болғанда олардың (мұсылмандардың) күнәлары кешіріледі».

Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол түн Қадір түні ме?» – деп сұрағанда, Ол (с.ғ.с): «Жоқ, жұмысшы да ісін толық бітірген соң өзінің сыйын алмаушы ма еді? Сол сияқты» – деген».

Бейіш қақпасы күтіп тұр

Жұмақта тек ораза ұстағандар ғана кіретін ерекше қақпа бар. Оның ішінде қандай қызықтар бары бір Аллаға ғана аян. Алланың Елшісі (с.ғ.с) былай дейді: «Расында, жұмақта ар-Раййан атты қақпа бар. Қиямет күні одан ораза тұтушылар ғана кіріп өтеді де, олардан басқа ешкім кіргізілмейді. Олар кіріп болған кезде ол қақпа жабылады».[28] Раййан қақпасынан кіруіміз үшін рамазандағы оразаны лайықты түрде орындауымыз қажет.

Қайырлы істен қалыс қалма

Қайсыбір мұсылманға осынау құтты айдағы қайырлы істерден қапы қалуға болмайды. Сол игілікті істердің бастылары төмендегідей:

1. Оразаны шынайы ықыласпен лайықты түрде тұту.
2. Тарауық және тәһәжүд намаздарын оқу.
3. Құранды қайталап оқу.
4. Садақа беру.
5. Ауыз ашар жасау.
6. Ауызашарда дұға-тілек тілеу.
7. Мешітте иғтикәфке қалу.
8. Қадір түнін құлшылықпен өткізу.
9. Ата-ананы қадірлеу.
10. Соңғы онкүндікте ерекше ықыласпен құлшы-лық ету.
11. Сәреге тұрып, тамақтану.
12. Ауызашарды уақытынан кешіктірмеу.
13. Кеңпейіл болып, надандықтан алыстау.
14. Ұдайы дәретпен жүру.
15. Азан айтылса, қайталап, дұғасын оқу.
16. Күнделікті бес намазды уақытылы орындау.
17. Сүннет намаздарды тастамау.
18. Алла Тағаланы көп зікір ету.
19. Сәскедегі нәпіл намазды орындау.
20. Намаздардан кейінгі тәсбих, дұғаларды айту.
21. Әрдайым истиғфар дұғасын айту.
22. Күнә-қателіктерге тәубе жасау.
23. Жетім-жесірге қарайласу.
24. Тәкаппарлықтан тартыну.
25. Адамдардың арасын жарастыру.
26. Туыстық қатынасты үзбеу.
27. Мұсылмандарға сәлем беру.
28. Ұмраға бару. Пайғамбар (с.ғ.с): «Рамазанда жасалынған ұмраның сауабы қажылықпен тең», – деген.
29. Пітір садақасын беру.
30. Ораза айтына лайықты дайындалу.

Ораза дұғалары

Абдулла ибн Омардан (р.а) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с): «Ораза тұтушының ауыз ашардағы дұғасы қабыл алынбай қалмайды», – деген.[29]

Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.ғ.с): «Үш адамның дұғасы қабыл болады: әділ имам, ораза тұтушының ауыз ашардағы дұғасы және нақақтан қиянат шеккен жанның дұғасы», – деген

 

 

[1] «Бақара» сүресі, 182-185 аяттар.
[2] Әт-Тарғиб уат-тарһиб, Мишкәтул-масабих, кәнзул-уммал.
[3] Тирмизи 682.
[4] Мүсілім 1151.
[5] Мүсілім риуаят еткен.
[6] Ахмад риуаят еткен.
[7] «Сәжде» сүресі, 16-17 аяттар.
[8]  Тирмизи, Ахмад, Ибн Мәжә, Бәйһақи.
[9]  «Бақара» сүресі, 185-аят.
[10]  «Ғәлақ» сүресі, 1-5 аяттар.
[11]  «Жүніс» сүресі, 57-аят.
[12]  «Исра» сүресі, 9-аят.
[13] «Бақара» сүресі, 183-аят.
[14]  «Рағыд» сүресі, 11-аят.
[15]  «Хаққа» сүресі, 18-аят.
[16] Бұхари, 1894.
[17]  «Бақара» сүресі, 152-аят.
[18]  «Нәміл» сүресі, 40-аят.
[19] Мүсілім риуаят еткен.
[20] Байһақи риуаят еткен.
[21]  Бұхари және Мүсілім риуаят еткен.
[22]  «Ибраһим» сүресі, 34-аят.
[23]  «Рағыд» сүресі, 11-аят.
[24] Ахмад, Әбу Дәуіт, Тимизи.
[25] Бәйһақи.
[26] Бұхари, Мүсілім.
[27] Ибн Мәжә.
[28] Бұхари риуаят еткен.
[29] Ибн Мәжә.
[30] Табарани.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру