РАМАЗАН АЙЫНЫҢ КЕЛУІ
Әлем мұсылмандары асыға күтетін қасиетті Рамазан айының келуі – барша мұсылман қауымы үшін үлкен қуаныш. Өйткені Рамазан – мейірімділік, қайырымдылық, сабыр, тақуалық және кешірім айы. Бұл айда мұсылмандар нәпсісін тәрбиелеп, рухани тазаруға ұмтылады.
Алла Тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім тақуалыққа жетерсіңдер» («Бақара» сүресі, 183-аят) – деп бұйырған.
Бұл аятта оразаның негізгі мақсаты – адамды күнәдан сақтап, тақуалыққа жеткізу екені айтылған. Расында да, ораза – күнәлардың кешірілуіне себеп болатын ең сауапты құлшылықтардың бірі.
Шәкәрім Құдайбердіұлы өз еңбегінде мұсылмандардың оразаға салғырт қарамауы керектігін ескертіп, бұл айды күнәдан тыйылып өткізуге шақырады. Демек, Рамазанда тек ішіп-жеуден ғана емес, барлық жаман істерден сақтанып, тәубеге келу қажет.
Оразаның ерекшелігі
Ораза басқа ғибадаттардан ерекше. Себебі Алла Тағала оразаның сауабын ерекше етіп, оны тек Өзі үшін орындалатын құлшылық ретінде сипаттаған.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Адам баласының барлық амалы өзі үшін, ал ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін»
(имам Бұхари) – деген.
Оразаның басты ерекшелігі:
- Адамды нәпсі қалауларынан тежейді.
- Бұл құлшылық құпия түрде, пенде мен Раббысының арасында орындалады.
Имам Ғазали көрсеткен оразаның дәрежелері
Имам Ғазали оразаны үш деңгейге бөлген:
- Қарапайым ораза – ішіп-жеуден тыйылу.
- Дене мүшелерінің оразасы – көзді, тілді, құлақты және басқа мүшелерді күнәдан сақтау.
- Жүрек оразасы – дүниелік ойлардан арылып, жүректі толық Аллаға бұру. Бұл – пайғамбарлар мен тақуалардың дәрежесі.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім өтірік айтуды және жаман амалдарды тастамаса, Алла оның аш жүргеніне мұқтаж емес»
(имам Бұхари) – деп ескерткен.
Дене мүшелерінің оразасы
Нағыз ораза тек ас-судан тыйылу емес, күнәлі әрекеттерден де сақтану. Бұл бірнеше негізге бөлінеді:
1. Көз оразасы – харам нәрселерге қараудан тыйылу.
2. Тіл оразасы – өтірік, ғайбат, өсек, бос сөзден сақтану.
Пайғамбарымыз: «Ораза – қалқан. Біреу ұрысса, “мен оразамын” десін» – деген.
3. Құлақ оразасы – харам сөздерді тыңдамау.
4. Дене мүшелерін сақтау – қол-аяқты күнәдан қорғау, күмәнді тағамнан аулақ болу.
5. Ауызашарда тойып кетпеу – оразаның мақсаты нәпсіні тәрбиелеу болғандықтан, шамадан тыс тамақтану дұрыс емес.
Ғалымдар: «Көп ораза ұстаушының үлесі – тек аштық пен шөл ғана» – деген хадисті күнәдан тыйылмағандарға қатысты түсіндіреді.
6. Үрей мен үміт арасында болу
Мұсылман оразасы қабыл болды ма деп қорқып, Алланың сауабынан үміт етуі керек.
Кешірім мен бауырмалдық айы
Рамазан – кешірім айы. Бұл айда мұсылман өзгелерді кешіріп, жүрегіндегі өкпе-реніштен арылуы тиіс. Құранда: «Кешірімді болып, көңілдеріне алмасын. Сендер Алланың кешіргенін қаламайсыңдар ма?» («Нұр» сүресі)
Асан қайғы бабамыз да кешірімге шақырып, бұрынғыны қумауды насихат еткен.
Рамазан – Құран түскен ай
Алла Тағала: «Рамазан айында адамдарға тура жол ретінде Құран түсірілді» («Бақара» сүресі, 185-аят) – деген.
Бұл ай – ең қадірлі ай. Хадистерде Рамазанда жәннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылатыны, шайтандар кісенделетіні айтылған. Сонымен қатар бұл айда мың айдан қайырлы Қадір түні бар.
Рамазан – он екі айдың сұлтаны. Бұл айда Алланың мейірімі төгіліп, сауаптар еселенеді. Сондықтан әр мұсылман бұл айды құрметтеп, оразасын толық ұстап, күнәдан тыйылып, Құран оқып, кешірім жасап, рухани тазаруға ұмтылуы керек.
Алла Тағала қасиетті Рамазан айында баршамызды Өзінің мейірімі мен кешіріміне бөлеп, сансыз сауаптарға кенелуді нәсіп етсін!
Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ