Рамазан – жақсылық жаршысы

15 мамыр 2018 1413 0
Оқу режимі

– Құрметті, Наурызбай Тағанұлы! Күллі мұсылман халқының қасиетті Рамазан айы қарсаңында тұрмыз. Оқырмандарға осы айдың қадір-қасиеті жайында айтсаңыз...

– Бисмилләхир Рахманир Рахим! Алла Тағаланың қалауымен қасиетті Рамазан айына да келіп жеттік. Бұл ай, расында, өте қадірлі де ерекше, мұсылман қауымы үшін берекелі де жолбасшы уақыт. Бұл жайында Құран Кәрімнің «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Рамазан – адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінеді. Демек, осы айда қазақ жұрты қадір тұтатын Құран аяттары түсіріліп, мұсылман халқына ораза парыз етілді. Сондай-ақ, бұл айда жолаушы жүрген азаматтар мен жүкті әйелдерге, сырқатты адамдарға жеңілдік бар.

Рамазан айында әрбір ісіміздің сауабы өзге уақыттарға қарағанда еселенетіні иісі мұсылман қауымына мәлім. Себебі, Алла Тағала  бұл айды өзге айлардан құрметті қылып, сауабын өзім беремін деп уәде етеді. Ендеше, Хақ Жаббардың рахым-нұры жауып, мысқалдай ізгі амалымызға таудай сауаптар жазылатын айда құлшылық-ғибадаттарымызды көбейтіп, сөзіміз бен ісімізді түзеп, ниетімізді тазартуымыз керек деп ойлаймын.

Құран Кәрімде момын мұсылмандарға бұйырылған аяттар тек бұйыру мәнінде келеді, оның сыры – Аллаға бой ұсынатындар мен теріс бұрылатындарды ажырату еді. «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Әй, мүміндер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей, ораза парыз етілді» делінеді. Бұл аятта оразаның не себепті бұйырылғаны айтылуда, яғни, «тақуалыққа жетулерің үшін» дейді. Алланы жүрекпен еске алу, тілмен зікір қылу, істеген ізгі істерімен, өмірлік өлшемдерімен дәлелдеу. Есепсіз жіберген қате-кемшіліктері, күнәлары үшін Алланың қаһарынан қорыққан күйде Оның рахымы мен мейірімінен үміт ете отырып, Оразаны өзіне қалқан қылу шынайы тақуа, момын жанның бейнесі болмақ.

– Асыл дінімізде Рамазаннан да басқа айларда ораза ұстаудың сауабы бар дейді, жалпы оразаның мәнісі, ауызы берік жанға жазылар жақсылық пен берілер сауаптар қандай?

– Жалпы, мұсылман баласы үшін барлық уақыт қадірлі. Дегенмен, шариғатымызда дәрежесі биік, құрметі жоғары айлар жайында, расында, айқын айтылған.

Әз елші Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, Рамазан – үмметімнің айы» деп, мұсылман үмметі үшін қасиетті айларды атап көрсетті. Осы мәндес келесі бір хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.)«Иә, Алла! Ережеп және Шағбан айын қайырлы әрі мүбарак еткей, бізді Рамазан айына аман-есен қауыштыр» деп Раббысынан сұрап, дұға ететін. Міне, Рамазан айының алдында келетін Ережеп, Шағбан айлары ең қадірлі уақыттар. Осы айларда пайғамбарымыз тілеген жақсылыққа, мейірім мен рахым айына, кешірім мен береке айы – Рамазанға Оның үмметі, сіз бенен біз аман-есен жетіп отырмыз. Құдайға мың да бір шүкір дейміз. Хақ елші құрметтеген айларға деген құрметіміз жоғары болса, Алланың алдындағы дәрежеміз де соған сай болар деген үміттемін.

Ал, оразашының жағдайы туралы айтар болсақ, жоғарыда айтып өткен айларда ораза ұстаудың сауабы үлкен, әлбетте. Аптаның әр дүйсенбі, бейсенбі күндерінде де ауыз бекітуге болады. Жалпы оразаның мұсылмандарға бекітілуінің хикметі жайында Бұһариден жеткен хадисте «Егер, адам өтірік айту мен күнәлі істерін тастамаса, Алла ол адамның тағам мен судан тыйылғанына мұқтаж емес» деп, мән-мағынасы тереңде екенін байқатады.

Яғни, Аллаға шын иман келтіріп, мойынсұнған момын жан үшін ораза дегеніміз тек қана тәннің оразасы болмаса керек. Бұл – күнәға түсер көздің, қаңқу сөз бен жалаға жақын, ғайбатқа икем тіл мен құлақтың, яки бүкіл он екі мүшеміздің оразасы. Мүмінге жат әрекеттерден тыйылмаған адамның оразасы жөнінде ардақты елші «Оның оразасынан аштықтан өзге ешнәрсе бұйырмауы мүмкін» деп сипаттайды.

Байқағанымыздай, оразаның мұсылман қауымына парыз болуының мәні тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес екен. Тәніміз бен рухымыздың толық үйлесім тапқан оразасы ғана кәміл ораза қатарына жататынын жете ұғынуға тырысқанымыз жөн.

– Сабыры сынға түсер ораза кезінде мұсылманға қажет сипаттарға тоқталсаңыз...

– Рамазан, расында, көптеген жақсылықтарға жетелеуші ай. Соның бірі – осы сабырлылық. Қасиетті айда Алланың сансыз сауаптарынан үмітті адам кез келген кедергі мен қиыншылықтарға сабырлылық танытып, төзімділік көрсете білуі керек. Тіптен, ораза кезінде айыптап, сөге сөйлеген кісінің өзіне де ұстамдылықпен, пайғамбар өсиетінде айтылғандай, «Мен оразамын» деп жауап беруі шарт. Пайғамбарымыздың осы сөзінің өзі көп адамға ескерту десек болады.

Дана халқымыз айтқандай, «мұсылманшылық әсте-әсте» дамып, өркендейді. Ислам тарихынан мәлім, Алланың хақ діні де жиырма үш жылдық пайғамбар мойына жүктелген аманат арқылы жер жүзіне тарады. Сабырдың нақ өзін көрсете білген алғашқы мұсылмандардың өмірлері, Хақ жолында көрген сынақтары кімнің де болсын көзіне жас үйірмей қоймайды. Небір сын сағаттарын бастан кешірген сахабалардың қиын-қыстау сәттеріне байланысты Алла Тағала «Сендер иман келтіргендіктеріміз үшін сыналмаймыз деп ойлайсыңдар ма?» («Анкабут» сүресі, 2-аят) деген аятын түсіреді. Осы уақиғаларды еске алған бүгінгі күннің мұсылмандары Алланың сансыз нығметтеріне шексіз шүкірлер айтып, болмашы қиындыққа кезіккенде тарихта өшпес аты қалған сахабалар өмірін еске ала отырып, бұл дүниенің сынағын сабырмен қарсы алса, иншалла, ақыреттегі егіні мол болмақ. Жыл он екі айдың бірінде ғана келетін, сансыз сауап, мол нығметтер берілетін Рамазанға деген ыстық ықыласымыз бізді екі дүние бақытына жетуге сеп болады.

Ілгеріде өткен ізгі мұсылмандар Рамазан шуағына шомылып, оразадан кейінгі алты айда Алланың нығметіне деген қуаныштан арыла алмайтын, ендігі алты айы қалғанда «Раббым, бізді Рамазанмен қауыштыра көр» деп асыға күтетін болған. Себебі, бұл айда жасалар құлшылықтар, ғибадаттар мен ізгі амалдардың сауабы мың айға татырлық қасиетті Қадір түні бар. Сондықтан, ардақты ағайын, сансыз сауаптың есігі айқара ашылып, шайтандар шынжырланып байланатын мүбәрак айдың күндерін алаңсыз, түндерін қаперсіз өткізуден абай болайық.

– Күннің ұзақтығы мен аптапты ыстығына қарамастан ауыз бекітуші жанның дәрежесі қандай болмақ?

– Пәни дүниеде оңай олжа табу жолдарының жеңіл болып,  шын еңбекпен тапқан табыстың көзі қиыншылықпен келетіні әрі адалдық жібін аттамағанда ғана берекелі болатыны әмбеге аян. Бір Алланың разылығы, дүние ақыретіміздің жарық болуы үшін ұстаған оразада сезінетін азды-көпті қиындықтар да мұсылман баласын жақсылыққа жетелеп, сенімін нығайтып, шүкірін арттырады, иманын шыңдайды.

Шын ниет етіп, ораза ұстаушының дәрежесі туралы құдси-хадистердің бірінде Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен де артық» дейді. Күні ұзаққа ораза болған жанның ауыз қуысынан шыққан иістің өзін әлемдердің Раббысы жұпар иіс мисктен жоғары бағалап, құлының сыйын бір Өзі өлшеп, бір Өзі берер болса, момын мұсылман үшін бұдан асқан нендей нығмет керек болар?

Міне, сондықтан, сабыр мен тақуалықтың, шынайы иманның дәмін сезіндіретін жаз маусымына сәйкес келген Рамазан айында Алланың мейірім-рахымы мен сый-сияпатынан құр қалмағанымыз абзал.

Салман Фарси (р.а.) айтады: «Расулалла (с.ғ.с.) Шағбан айының соңында бізге: «Өте ұлы әрі берекелі Рамазан айы келе жатыр. Бұл айда мың айдан артық бір түн бар. Хақ Тағала Рамазан айының оразасын парыз етіп, түнгі намазды сауап алғанға себеп етті. Бұл айда ізгі амал істеумен Алла Тағалаға жақындаған адам, Рамазан айынан тыс уақытта парыз амалын істеген болады. Рамазан айында парыз амалын орындаған адам басқа айда орындаған жетпіс парыз амалдың сауабын алады. Бұл – сабыр айы. Ал сабырлықтың сыйы – жәннат. Бұл – қайырымдылық, яғни, аштықты сезініп, кембағалдарға жанашырлық ету айы. Бұл айда мүміннің ризығы молаяды. Біреу ораза ұстағанды тамақтандырса, оның күнәлары кешіріліп, тозақ отынан азат етілуіне септігін тигізеді. Әрі ол ораза ұстағанның сауабындай сауап алып, одан ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді» деді. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандырғанға шамамыз жете бермейді», – дегенде, ол: «Алла Тағала тіпті бір құрма, бір ұрттам су немесе сүттің себебімен де сауабын береді. Бұл айдың бірінші бөлігі – Хақ тағаланың рахметі, екінші бөлігі – кешірімі, үшінші бөлігі – тозақтан азат болу. Хақ тағала Рамазан айында құлына кеңшілік еткен, яғни, қызметін жеңілдеткен адамның күнәсін кешіріп, оны тозақтан азат етеді. Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуін істеу міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс, ол: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ» деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал, ол: Хақ тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстауға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хаузымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіргенге дейін шөлдемейді», – деді».

– Елордамыз Астана ай асып, жыл аунаған сайын өсіп-өркендеп, көркейіп келеді. Бас қаламыздың үлкен мәдениет ордасы, руханият шаңырағына айналуына мешіттер де өз үлесін қосып келе жатқанына куәміз. Биылғы Рамазанда қандай игі шаралар атқарылмақ?

– Иә, әуелі Алла Тағаланың шексіз мейірім-шапағатымен еліміз өркендеп, аяққа нық тұрды. Әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның аты абыроймен атала бастады. Осындай биік белестерге жетуіміз Елбасымыз бастаған ел ертеңін ойлап, келешегі үшін қамданған азаматтардың арқасы деп білеміз.

Ата Заңымызда атап көрсетілген, тарихымызда таңбаланған асыл дініміз Исламның құндылықтарын, ұлттың төл мәдениеті мен дәстүрін насихаттап, өз жолын көрсету – біздің, имамдардың басты міндеті. Осы мақсатта дін қызметкерлері жұмыла жұдырық болып, ауқымды іс-шараларды өткізіп келеді. Бұл, әсіресе, Рамазан айында, атаулы мерекелерде көптеп ұйымдастырылады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы ел руханиятын, дінімізді дамыту, халыққа дәстүрлі ислам құндылықтарын жеткізу үшін өте көптеген тың бастамаларға ұйытқы болып, пәрмен берді.

Рамазан айы қарсаңында, яғни 4 маусым күні Астана қаласы мешіттерінің ұйымдастыруымен «Берекелі Рамазан» рухани кеші өтеді. «Бейбітшілік және келісім» сарайында елорда халқына көптеген рухани-тағылымдық дүниелер, қасиетті ай туралы қойылымдар, бейнебаяндар ұсынбақпыз. Сондай-ақ, осы кеште «Бес парыз және тарих тағылымы» республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар жұртшылық алдында марапатталады. Мүшәйраға жалпы саны 434 ақын қатысып отыр.

Рамазанда, әлбетте, мұқтаж кісілерге, көп балалы отбасыларға, қарттар, балалар үйлерінде әртүрлі қайырымдылық шараларын өткізіп, көмектеспек ниеттеміз. Бұдан бөлек, отыз күн бойына қалыптасқан дәстүр бойынша қала мешіттерінде ауызашар дастархандары жайылады. Күн сайын ауыз бекітуші әр адам осы дастарханда ауыз ашуына болады. Ал қаламыздағы үш мешітте – «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» және «Ғылмани» мешіттерінде арнайы қарилар келіп, тарауих намазы оқылып, Құран хатым етіледі.

– Ораза қарсаңында оқырмандарға тілегіңіз...

– Қадірлі қазақ жұртты, ардақты оқырмандар! Рамазан  – береке-бірлік айы. Тәуелсіз еліміздің көк байрағының, Отан деген ұлы шаңырағымыздың астында бірлікте тірлік қылып, ынтымақта ғұмыр кешейік. Еліміздің ертеңі мен баянды болашағы үшін аянбай еңбек етіп, осы жолда қызмет қылушы ел азаматтарына көптен көп дұға жасайық. Дұғалар кері қайтарылмайтын қасиетті уақытта еліміз бен жеріміздің тыныштығын тілейік Жаратқаннан.

Баршаларыңыздың мүбәрак айдағы ізгі амалдарыңызға Алла сансыз сауаптар жазып, екі дүние бақытына бөлесін. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметіне лайықты жандардың қатарынан болуымызды нәсіп етсін! Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразамыз бен жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл еткей! Дінімізге қуат, халқымызға иман байлығын бергей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, ырыс-несібесі молынан болғай! Қасиетті Рамазан баршамызға құтты, берекелі, күллі мұсылман жұртшылығына қайырлы болсын!

– Әумин. Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Жайық НАҒЫМАШ

Наурызбай Тағанұлы

Пікірлер Кіру