САБЫРЛЫҚ ПЕН ШҮКІРШІЛІК

09 қазан 2023 1790 0
Оқу режимі

Бабаларымыз «қиындық келсе сабыр етеміз, жақсылық келсе шүкір етеміз» ой түйіп, кейінгі ұрпаққа тамаша өнеге қалдырған. Демек түсінген адамға «сабыр» мен «шүкір» ұғымдары адамзаттың өмірлік рухани тірегі. Осы егіз ұғымды ұғынған жандардың кез келген қиыншылық пен келеңсіздікті оп-оңай еңсеретіні айқын. Ендеше осы екі ұғымның түбіріне шамамыз жеткенше үңіліп көрелік. 

Халқымызда «Сабыр түбі – сары алтын» деген тамаша тәмсіл бар. Осы бір құндылығын жоймайтын сөздің астарында талай өмірлік өлшемдер жатыр десеңізші.

Ақ пен қараның ара жігін ажыратып, адамзат баласына тура жол нұсқау үшін түсірілген қасиетті Құранның көптеген аяттарында Алла Тағала мұсылмандарды жиі сабырға шақырады.

«Саған уахи етілгенге ер. Сондай-ақ Алла бір үкім бергенге дейін сабыр ет. Ол үкім берушілердің хайырлысы».[1]

«(Мұхаммед) таңертең, кешке Раббыларына, Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет...»[2].

Алланың дінін таратуға келген барлық пайғамбарлардың небір тауқыметтерді басынан өткерген. Алайда бүкіл пайғамбарлар сол жан төзгісіз ауыр азаптар пен қиыншылықтарға сыр берместен сабырлылықтың үлгісін көрсете білді. Сондықтан да олар: «Ей, мүминдер! Әр нәрсеге сабырлы болыңдар» дейтін Алланың бұйрығын қауымдарына жеткізіп, қиыншылықты еңсерудің жолы сабырлылықта екенін тиісті деңгейде насихаттап өтті:

«Мұса еліне: «Алладан жәрдем тілеңдер әрі сабыр етіңдер: Жер Алланікі екені даусыз. Ол, құлдарынан қалағанына мұра қылады. Соңғы табыс тақуалардікі» деді»[3].

Иманды кемелдікке жеткізетін ғибадаттарды орындау үшін де асқан сабыр керек. Мысалы, ораза мен сабырдың бір-біріне жақындығы сонша, Пайғамбар (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «...Ораза – сабырдың жартысы..»,[4] – деп, Рамазанды «сабыр айы» деп атаған.[5]

Сондай-ақ, намаз да – сабыр мен төзімділікті қажет ететін ғибадат. Алла Тағала Құранда мұсылмандардан табанды түрде намаздарын жалғастыруларын талап етіп, былай бұйырған: «Сабыр мен намаз арқылы Алладан жәрдем сұраңдар».[6] Яғни Алланың разылығын іздегендер намазын қазаға қалдырмай және шайтанның азғыруына алданбай сабырға сүйеніп, намаздарын орындаулары қажет.

Пайғамбардың туысы Абдулла ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Сабыр – мұсылманның қаруы»[7], – деген. Әлбетте, сабырлықты тек басқа түскен қайғы-қасірет, қиыншылықтарға төзімділік танытумен ғана шектеуге болмайды. Алланың парыз еткендерін орындау және тыйымдарынан тыйылу да сабырлықты талап етеді.

Қуаныш пен қайғысы, жақсы мен жаман, ақ пен қарасы қатар жүретін мына дүниеде келеңсіздік пен қиыншылыққа көбірек душар болып жатсаңыз, әлбетте мұның арқасында сіздің сабырсыздығыңыздың салдары тұрары айқын. Ақмолла Мұхамедиярұлы сабырсыздық түбі қорлық екенін былай жеткізеді:

Алтыншы қымбат нәрсе – сабыр деген,
Сабырлы адам мұратын табар деген.
Әр істе сабырсыздық түбі – қорлық,
Сабырсыздық басқа бәле салар деген...

Ал қандайда бір жетістік пен жеңіске жетсеңіз – бұл сіздің сабырыңыздың жемісі. Сабыр етудің пайғамбарға жақындатын ізгі амал екенін Әбубәкір Кердері былай тілге тиек етеді:

Төртінші ізгі кім десең,
Сабырлы болған пақырлар.
Дәрежесі олардың,
Пайғамбарға жақындар.

Сабырлылардың сыйы Алланың тарапынан берілетінін Құранда былай баяндаған: «Сендердің жандарыңдағы дүниелік түгесіледі де, Алланың қасындағы қалады. Әрине, сабыр еткендердің сыйлығын істеген істерінен де жақсырақ береміз».[8]

Сабыр – аталарымыздан қалған өнеге ғана емес, Алланың пендесіне берген сыйы. Өйткені Құран Кәрімде бұл жайлы былай баяндалған:

«(Мұхаммед) Сабыр ет! Сабыр етуің тек Алланың ғана жәрдемімен болады. Оларға кейіме де, олардың істеген қулық-сұмдығына бола тарылма!»[9].

Күнделікті өмірдегі әрбір амал-әрекетімізде осы қасиеттің ауадай қажеттілігі сәт сайын сезіліп жатады. Егер әрбір сәтте сабырлықты ту ете білсек, өмірімізге өң кіретіні даусыз. Бұл шындықты Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни былай жеткізеді:

Өкпелесең, ашуланба, налыма,
Сабыр соңы – салқын сая жаныңа.
Сабаз ердің сөзін ұқ та біле бер,
«Сабыр етсең, - бұзылған іс түзелер!
Сабырлы ер өз тілегін табады,
Сабырлы аушы шыдаса, ақ құс алады!»
Егер қайғы жараласа жаныңды,
Күт сабырмен туатын шат шағыңды.
Егер дәулет қатты жапса қақпасын,
Түзелер іс, төзіп сабыр сақтасаң.
Ер мінезі – сабырыңды сақтай біл,
Сабыр жолы көк төріне бастайды.

Лұқман хәкімнің ұлына айтқан мына насихаты бәрімізге өмірлік азық екені хақ: «Ей, ұлым! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыртпашылыққа сабыр ет. Рас, бұлар маңызды істерден».[10]

Қасиетті Құранда құлдарын барға қанағат, жоққа шүкір етуге шақырып, оларға ерекше сый беретін былай баяндаған: «Кім дүниенің пайдасын тілесе, оған одан береміз. Ал кім ахирет пайдасын қаласа, оған одан береміз. Әрі шүкірлік етушілерді сыйға бөлейміз».[11] Шүкіршілік ету – иманы кәміл құлға тән амал. Иманы жоқтың шүкір етуі мүмкін емес.

Иманды жан, әсіресе материалдық тұрғыдан өзінен төмен жандарға көз тастап, тіпті қолында ештеңесі жоқ адамдар жайлы ойлап, өз жағдайына шүкір етуі тиіс. Өз-өзіне жиі-жиі айтып тұратын бір нәрсе бар, ол – «Мен де осылар сияқты болуым мүмкін еді». Әзірет Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Егер де біреуің байлық жағынан және дене бітімі жағынан өзінен жақсы жағдайдағы адамға қызығып қарайтын болса, енді бір жағынан өзінен де нашар жағдайдағы адамдарға да қарасын!»[12] деген ескертуінде де айтпағы осы болатын.

Ақын Қадыр Мырза Әли «Иірім» атты естелік кітабында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ауыл өмірін суреттей отырып: «Әжеміз сыртқы киімдерін шешіп, жастығының астына салып қисаяды. Содан соң дауысын шығарыңқырып, «О, Құдай! Бергеніңе шүкір!» дейді. Солай деп Жаратқанға ризашылық білдіріп жатқан әжеміздің жалғыз ұлынан қара қағаз келген, күйеу баласынан қара қағаз келген! Шалынан түк хабар жоқ. Сөйте тұра «О, Жаратқан! Бергеніңе шүкір!» дейді. Несіне шүкір дейді?! Осы сұрақты біз әжемізге қоямыз. «Шүкір демегенде не деймін?! Бұдан да жаман болуы мүмкін ғой» дейді ол. Мен бұдан жаман күндерді көз алдыма елестете алмай, шаршаймын да ұйқыға кетем» деп жазыпты. Міне, бұл – ғасырлардан үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың имани әдебі, қиындыққа шүкір етудің шынайы үлгісі.

Шүкіршілік етудің тағы бір тәмсілін Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни былай жеткізеді:

«Шүкір қыл, медет тұтып бір Өзін,
Шүкірлік қыл, қабыл болсын тілегің.
Азды аз деме, шүкірлік ет, еселеп,
Көп нәсіптің, қадірін түй, жетеңе!
Шүкір қылсаң, бір нәсібің он болар,
Бірі он болса, үйге мүлік-мал толар!»

Иман келтіріп, сауапты амалдар атқарып, сабырлық пен шүкіршіліктің қадірін жете түсінгендерге Алланың тарапынан көптеген сыйлықтар берілетінін ұқтық. Оған сабырлылар мен шүкіршілік етушілер ғана жетеді. Раббымыз баршамыздың бойымызға осы  қасиеттерді қондырып, сабырлы, шүкіршілердің қатарынан табылуымызды нәсіп еткей!

 

Қамбаров Ескендір Хакимұлы
«Ырыскелді қажы» мешітінің ұстазы

 


[1] «Жүніс» сүресі, 109-аят
[2] «Кәһф» сүресі, 28-аят
[3] «Ағраф» сүресі, 128-аят
[4] Тирмизи, Дaғуат, 86; Дарими, Тaхарат, 2.
[5] Әбу Дәуіт Сиям, 54; Ибн Мажә, Сиям, 43
[6] «Бaқaрa сүресі», 45-аят
[7] Дәйлами, Фирдаус, IV, 267.
[8] «Нахл» сүресі,96 - аят
[9] «Нахл» сүресі, 127-аят
[10] «Лұқмaн» сүресі, 17-аят
[11] «Әли Имран» сүресі, 145-аят
[12] Бұхари, Риқақ, 30; Мүслім, Зухд, 8.

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру