Салтанат Қожа

17 желтоқсан 2018 5799 0
Оқу режимі

бірнеше халықаралық, республикалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Республикалық «Дінді ұстай білсең – қасиетің, ұстай білмесең – қасіретің» жыр мүшәйрасының жеңімпазы. ҚМДБ ұйымдастырған «Ислам және әйел» үздік шығармалар байқауының жүлдегері.

Пайғамбарға (с.ғ.с) мадақ

Күллі әлемді тура жолға бастаған.
Әрбір сөзі сауап сыйлар дастан, ән.
Пайғамбарым, сен әлемнің нұрысың,
(салла Аллаһу алейһи уә сәллам)

Сырқат жандар сендік сөзбен емделер,
Тау тұлға жоқ енді саған тең келер.
Қанша ғасыр өтсе дағы сен ғана,
Адамзаттың ардақтысы ең кемел.

Таңдадың сен, төсеніштің қаттысын,
Жемедің сен, тағамдардың тәттісін.
Қиын күннің тұтқыны боп, әкелдің,
Үмбетіңе асыл діннің бақ құсын.

Сан аударам өмір кітап парағын,
Жақсылықты тек өзіңнен табамын.
Жетімдерге қамқор болса бір мүмін,
Шүкір етіп, сені есіме аламын.

Өмір – сенің өсиетің, мән берсем.
Саған мақтау айтатұғын ән де әсем.
Пайғамбарым, сені есіме аламын,
Құран оқып, жылап жатқан жан көрсем.

Намаз оқып, ұйықтамаушы ең түн сайын,
Уақытымды жақсы амалға жұмсайын.
Мешіттегі жамағаттың көптігі,
Сені есіме түсіреді күн сайын.

Сен келгенсің, кеткен кезде ұзап бақ.
Жүрегің бар мейірімді, түсі аппақ.
Сен ойыма ораласың, бауырлар,
Бірін-бірі кешіргенде құшақтап.

Жылап алам жалғыз өзім қалғанда.
Сенің нұрлы сәулең қалды жалғанда.
Өсиетің еске түсер, бір мүмін,
Ата-ананың разылығын алғанда.

Жер бетінде пенделер көп шерменде,
Құлазимын көздің жасын көргенде.
Сені ойлаймын жарлыларға бір мүмін,
Садақасын үлестіріп бергенде.

Біздер үшін талай жаттың еденде,
Сені ойлаймын бір үзім нан жегенде.
Жүрегімді зор мақтаныш билейді,
«Мұхаммедтің үмбетімін!» дегенде.

Ұмытпаймыз, жылдар өтсін қанша мың,
Бет түзейтін бағдарысың баршаның.
Тағдырыма соққы берсе Жаратқан,
Сенің сынбас сабырыңды аңсадым.

Уа, Мұхаммед, Хақ тағала Елшісі,
Жомарттығы күллі әлемдей кең кісі.
Үмбетіңді кешіргейсің, намаз бен,
құлшылықта болып жатса кем тұсы.

Қайта тумас мұсылманның бағысың,
Арсыздармен арпалыстың ар үшін.
Мың еркектің міндетінен жоғары,
Биік қойдың әйелдердің намысын.

Асыл едің, сыйға тартты Хақ дарын.
Бес парызбен бес күніңді сақтадың.
Абыройлы әйелдерге ескерттің,
Ана өмірде жұмақ барын, бақ барын.

Тек Алласын өмір бойы сүйген құл,
Тәрбиеңді түйсігіме түйгенмін.
Өсиетке толы өмір жолыңнан,
Жан дүниенің әсемдігін үйрендім.

Қайта айналып келмейсің ғой, көңіл – сең,
Иман шыңы, бет түзейтін төрім – сен.
Ұрпағыңа тағылым қалды тобықтай,
Мың ғасырға ұласатын өміршең.

Сүннетіңді сүйетін жан – жүлдегер,
Асыл дінмен жан дүниеміз гүлденер.
Біздей әлсіз үмбетіңе сендегі,
Мейірімге зар болатын күн келер.

Құран бердің тереңіне үңіл деп,
Тіземіз тек бір Аллаға бүгілмек.
«Бұлар менің үмбеттерім!» деп қорғап,
Қияметте қарсы алғайсың күлімдеп.    

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру