САҚТАНДЫРУДЫҢ ҮКІМІ

23 қаңтар 2024 2035 0
Оқу режимі

Сақтандыру – сақтанушының мүдделері мен мүліктерін белгілі оқиғалардың (сақтандыру жағдайларының) орын алуынан қорғауға арналған жүйе. 

Сақтандырудың бірнеше түрі бар:

  1. Кооперативтік сақтандыру – бірнеше адам қандай да бір қауіп орын алған жағдайда бір-біріне келтірілген зиянның шығынын өтеуге келісім жасауы[1]. Сақтандырудың бұл түрі әт-тәкәфул (қамсыздандыру), әт-тәбәдул (өзара), исламдық сақтандыру деп те аталады[2].

Кооперативтік немесе исламдық сақтандыру жүйесі қайырымдылық және өзара көмек принциптері негізінде жұмыс істейді. Шариғатта сауда-саттықта ғарарға (нәтижесі белгісіздікке) жол берілмесе, қайырымдылық келісімшарттарда оған мән берілмейді[3]. Сондықтан бұл келісімшартқа шариғатта рұқсат етіледі[4]. Құран Кәрімде: 

  وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَىٰ  

«Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер»[5], – делінген.

Әбу Муса әл-Ашғари жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында ашғарилықтар жорықта заттары таусылса немесе қалада жүріп отбасының азық-түлігі азайса, өзге (руластары) қолындағы барын бір киім үстіне тастап, араларында теңдей бөліп алады. Олар менен, мен оларданмын»[6], – дейді.

Алайда бұлай жасау үшін мынадай шарттардың табылуы тиіс:

  • Сақтандыру компаниясының қызметі агенттік (уәкәлә) ретінде жұмыс атқаруы. Компанияның ақысы (сақтанушылардың ақшасын сақтағаны, инвестиция жасағаны және есеп жүргізгені үшін) сақтанушылардың жарналары есебінен алынады;
  • Компанияда акционерлер мен сақтанушылардың әрқайсының капиталын бөліп тұратын жеке шоты болуы;
  • Жиналған сақтандыру жарнасын мудараба[7] шарты негізінде инвестициялауы. Мұнда капитал иесі сақтанушылар, ал компания жұмысты атқарушы қызметін атқарады. Ал пайдасы өзара келісім бойынша бөлінеді;
  • Ортақ қаржы қорында сақтандыру жарнасынан артылған ақша сақтанушыларға өздерінің үлестері бойынша қайтарылады т.б[8].
  1. Әлеуметтік сақтандыру – еңбекке жарамсыз немесе әртүрлі себептерге байланысты өзінің мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмайтын тұлғаларды материалдық қамтамасыз ету үшін (ақша қаражаттарының) қорларын құру және пайдалану жүйесі. Бұл әлеуметтік қамсыздандыруды және медициналық сақтандыруды қамтиды[9].

 Әлеуметтік сақтандыру қоғамдық мүддені қорғауға арналған. Сондықтан мемлекет жұмыс берушілер мен жұмысшыларды қауіп-қатерден қорғау үшін сақтандыруды міндеттейді. Сақтандыру жарнасын беруге тек жұмысшы емес, мемлекет пен жұмыс беруші де қатысады әрі бұл келісімде пайда табу көзделмейді[10].

Бұл сақтандыруға шариғи тұрғыдан рұқсат етіледі[11]. Ислам зерттеу кеңесінің екінші отырысында: «Мемлекеттік зейнетақы қоры, кейбір елдерде қолданатын әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне рұқсат етіледі»[12], – деген қарар шыққан. Өйткені бұл өзара жақсылыққа, тақуалыққа көмектесу болып саналады[13].

  1. Коммерциялық сақтандыру – бұл жазатайым оқиға болған сәтте немесе шартта көрсетілген тәуекел жүзеге асқан кезде сақтанушының төлеуге міндеттелген белгілі ақша сомасы есесіне сақтандырушы қаржылай сыйақы беретін келісімшарт[14].

Әбу Заһра, Уаһбәту әз-Зухайли, Мухаммад Бахит әл-Мутғи, секілді көпшілік ғалымдар коммерциялық сақтандыруға тыйым салған[15]. Себебі бірнеше дәлел келтіреді:

1) Коммерциялық сақтандыруда ғарар (нәтижесі бұлыңғыр) қамтылған.

Өйткені сақтанушы келісімшарт барысында жалпылай қанша сома төлейтінін және алатынын нақты білмейді. Мүмкін бір-екі сақтандыру жарнасын төлеп бір апатқа ұшыраса, белгіленген тиесілі сыйақыны алады. Алайда сақтандыру төлемдерін төлеп, мүлдем апатқа ұшырамай ешқандай сыйақы алмауы да мүмкін. Бұл ғарар болып саналады.  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ғарар (белгісіздік) саудасына тыйым салған[16]

2) Коммерциялық сақтандыруда өсім бар.

Компания сақтанушыға немесе мұрагерлеріне, олардың төлеген сақтандыру төлемақысынан артығымен беру өсім болады. Өйткені компания бұл ақшаны кешіктіріп біраз уақыттан кейін береді. Сондықтан сақтанушының төлеген сомасындай етіп қайтарғанның өзінде ол несие (риба нәсия) болып есептеледі. Шариғатта бұған тыйым салынған[17].

Алайда Мустафа Зарқа, Мухаммад Юсуф Муса, Али әл-Хафиф сынды ғалымдар өсім қамтылмаса «жаңадан туындаған келісімшарттың негізі – мубах», «бір-біріне жақсылыққа көмектесу» принципін алға тартып сақтандырудың барлық түріне рұқсат берген[18]

Дегенмен «жаңадан туындаған келісімшарттың негізі – мубах» деген қағида тыйым салынбаған нәрсе болса ғана рұқсат. Бұл келісімшартта тыйым салынған нәрселер бар.  Оған қоса бұл келісім жақсылыққа көмектесу емес, компания мен сақтанушылардың арасындағы қатынас коммерциялық және бір-бірін пайдалану болып саналады.

Десе де, исламдық сақтандыру жүйесі болмаса, «Жалпыға қатысты мәселеде қажеттілік жағдай зәруліктің орнын басады»[19] деген қағидаға орай коммерциялық сақтандыруға рұқсат етіледі. Мемлекеттің міндеттеген (әлеуметтік қамсыздандыру, автокөлікті, жабдықтарды, денсаулықты т.б.) сақтандыруы осы мәселеге жатады. Қиыншылықтан құтылу үшін қажеттілік жағдайда сақтандыруға жүгіну барысында ғарарға кешірімділік етіледі[20].   

 

 ҮКІМ:

  1. Қайырымдылық және өзара көмек принциптері негізінде жұмыс істейтін кооперативтік сақтандыру түріне рұқсат етіледі. Алайда шариғат стандарттарында көрсетілген талаптар мен ережелерге сай жүзеге асуы шарт.
  2. Мемлекеттің міндеттеген (әлеуметтік қамсыздандыру, автокөлікті, жабдықтарды, мүліктерді, денсаулықты т.б.) коммерциялық сақтандыруға рұқсат.

 

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

 

Дереккөз: ҚМДБ, Ғұламалар кеңесі

Пікірлер Кіру