САУДА-САТТЫҚ ӘДЕБІ ҚАНДАЙ?

11 қаңтар 2024 2307 0
Оқу режимі

Адам саудада қатты сыналады. Біздің әлсіздігіміз ақшаға қатысты істе, жолда, қызмет барысында білінеді. Осы үш нәзік жағдайда адам өзінің шынайы бет-бейнесін көрсетеді екен. Осының ең басында тұрған сауда-саттық барысы туралы ислам бекіткен әдеп-қағидалардан халықты хабардар етуге ниет қылдық. 

Исламның сауданы адал еткенін Құранның «Бақара» сүресінің 275-аятынан білеміз: «Алла сауда-саттықты адал еткен». Адалдықпен жасалған сауда қанша жанның жүрегіне жылылық пен мұсылмандарға деген сүйіспеншілікке ие қылғаны тарихтан белгілі. Жаратушы Иеміз келесі аятта: «Уа, иман келтіргендер! Мал-мүліктеріңді араларыңда арам жолмен жемеңдер. Ол табысыңыз әр-біріңіздің ризалығымен болған сауда заты болса да» («Ниса» сүресі, 29-аят) деп ескертті. Айтар ойды аяттардан бастауымыздың өзі исламда сауда адал деп бекітілгендей, оның әдебі де сондай болатынын меңзейді. 

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саудаға байланысты хадистері де, сауда-саттықтағы адалдық берекеге жол ашатынын айтады. «Ырыстың оннан тоғызы – сауда мен диқаншылықта, қалғаны – мал шаруашылығында» деп еңбекке үгіттесе, енді бір хадисінде «Сенімді, дұрыс сауда жасаған кісі Қиямет күні пайғамбарлармен, сыддықтармен, шәһидтермен бірге болады» деп, адал саудагердің мәңгілік мекендегі құрметті орнына дейін ашып көрсетті. Ол үшін сауда-саттық өз әдептеріне сәйкес жасалуы мағызды. Олар мыналар.

Саудаңыз адал болуы шартЕшкімге зиян келтірмейтін, Ислам тыйым салған заттар мен ұрланған заттардан болмауы тиіс. Бұл – қағида. Қағиданы ұстанса табыс, ұстанбаса кедейліктің кебін киеді.

Ізгілік пен шынайылықта болу. Тауар өткізу жолында жасалатын айла-шарғы адал емес. Өткізу мақсатында жалған ант беруге тіптен болмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саудада көп ант беруден сақтаныңдар. Өйткені ол, өтуіне себепші болғанымен, берекені қашырады» (Муслим) деп айтқан.

Артық баға қоспау. Тауарға қосатын пайда орташа болғаны дұрыс. Сіз сонда табыс табумен қатар айналаңызға пайдалы боласыз. Алланың елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Адамдардың ең жақсысы қайсы?» деп сұралғанда: «Айналасына пайдалы болғаны» деп жауап берген еді. Адамдарға мейрімділік танытсаңыз, Алла да сізге мейірімділік етпек. Сын сағатта пайдаға батқысы келетіндер, қаржыны құнсыздандырып, тауарға ойына келген бағаны қосып, соның салдарынан азық-түлік, дәрі-дәрмек, тағы да басқа заттардың бей-берекет қымбаттауы, тіпті қат болуы сауда-саттық әдебінің сақталмай, сауда өсім араласпағанда ғана адал болатынын ескермегендіктен туындап отыр.

Жеңілдіктің болуы. Сауда барысында сатушы тауар бағасын төмендетсе, сатып алушы ақшасын уақытында төлесе, қарызға алынған заттың құнын белгіленген мерзімде қайтарса, жеңілдіктің болғаны. Саудада жеңілдік жасаған адамдар Ұлы Жаратушының құзырында сыйға кенелмек.

Тауардың айыбын айту, алдамау. Егер сатып тұрған затында қандай да бір кемшіл тұсы болса, сатушы оны айтуға міндетті. Егер айтпаған жағдайда адамдарға қиянат қылған болады. Құранда Алла Тағала: «Расында Алла қиянат етушілерді жақсы көрмейді» («Әнфал» сүресі, 58-аят). Сатушы тұтынушыны алдаса, күнәға батып, ризығына харам араласады. Екі тарап, тауардың артықшылығы мен кемшілігін, құнын жасырмаса, берекесі артады. Керісінше болған жағдайда Құранда айтылғандай: «Аллаға берген серттері мен анттарын аз ақшаға айырбастағандарға Қиямет күні ешқандай несібе жоқ. Ол кезде Алла оларға тіл қатпайды, қарамайды, күнәдан тазартпайды. Олар ауыр азапта қалады» («Әли Имран» сүресі, 77-аят).

Таразы мен өлшемде (метр) әділ болу. Алла Тағала Құранда: «Таразыда әділ болыңдар. Таразыдан жемеңдер» («Рахман» сүресі, 9-аят) деп бұйырды. Алла Тағала сауда-саттықта таразыдан жейтін, халықтың қаражатына, хақысына қол сұғып, зиян тигізетіндерді қаралаған «Мутаффифин» (саудада алдайтындар) деген толық бір сүрені түсірді. Алғашқы аяттарында: «Кем өлшеушілерді қарғыс атсын, олар біреуден алғанда толық алады да, басқаға өлшеп бергенде кемітеді».

Тауар құнының көтерілуін күту. Ислам діні белгілі бір тауарды немесе халық көп тұтынатын азықты базарға шығармастан, құнының көтерілуін күтіп барып сатуға тыйым салды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде мұндайлардың күнәһар екенін ескерткен. Ал осындай келеңсіздік біздің қоғамда кең етек жайғаны жасырын емес.

Саудаласқанда шектен шықпау. Сауда-саттықта саудаласу шарт емес. Алайда қажеттілік болса, саудаласу керек. Саудаласу – сүннет. Кедейлердің затын көбірек ақшаға алып, қуаныш сыйлаған жақсы. Саудаласуда тым шектен шығып дауласу – шариғатқа жат іс. Бұл турасында Хақ елшісі: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сатқанда, сатып алғанда, қазылық еткенде жұмсақтық танытқан пендеге Алла рахым етеді» (Бұхари) дейді. Саудаласу – міндетті түрде арзанға алу деген сөз емес. «Мына бағаға бересің бе?» делінсе сүннет орындалады.

Арам мен адалды ажырата алатын саудагердің сауда жасаған әрбір кезеңі – ғибадат. Сауданың рухы – адалдық пен сенімділікті ұштастыра отырып, уақыт талабымен санасу және сатып алушыларына мейірімді болып, олармен әдепті қарым-қатынас жасау. Кімде-кім осы әдеп-шарттардан аттаса, сауданың берекесін қашырады, пайданың көзін өз қолымен жапқан болады. 

Тарихқа үңілсек, мұсылмандардың, оның ішінде қазақтың басынан не өтіп, не кетпеді? Алайда қандай қиындық болса да, ел болып, жұмыла көтеріп, басқа түскен батпанды бірге көріп келеді. Қиналғанның қиындығын сейілтіп, мұңайғанға қуаныш сыйлап, жабырқаған көңілге медет болу – ежелден қанымызға сіңген ұлы қасиет. Ел абдырап, не болғанын түсінбей жатқан сәтте сіз мейрімді, қайырымды болыңыз. Себебі бұл – саудагерге келген сын. Сауда сынағынан, Алланың тікелей жіберген сынағынан сүрінбей өтуді бәрімізге нәсіп етсін. Ел аман жұрт тыныш болсын!

Ардақ НҮСІПХАНҰЛЫ 

 

Дереккөз: ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі 

Пікірлер Кіру