«Саудагер» сөзінің сыры

09 қаңтар 2021 7850 0
Оқу режимі

Ел аузында саудагер жайлы «Саудагерде иман жоқ, арын сатады, Өтірікшіде иман жоқ, жанын сатады», сондай-ақ «Саудагер ажарын сатады» деген сөз бар. Демек, арын және ажарын саудаға салып, пайда табу имандылыққа жатпайды. Әрине, көпке топырақ шашу қиянат. Халық айыптаған саудагер – жұртты алдайтын сатушы. Кісі ақысына қол салатын саудагер. Мақалдың да айтпағы сол болса керек.

Міне, сондықтан ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аманатшыл және шыншыл саудагер пайғамбарлар, сыддықтар және шейіттермен бірге»[1],деп айтқан. Яғни, саудагер өз кәсібін адал жасаумен қоғамның әлеуметтік дамуына өзіндік үлесін қосады. Керісінше, жұрт аса мұқтаж тауардың бағасын көтеріп жіберсе немесе сапасы төмен заттарды қымбат етіп сатса, әлеуметтік әділетсіздікке жол ашады. Сондықтан, арабтар саудагер (араб тілінде – тажир) сөзі кәсіп иесінің бейнесін танытады деп айтады. Араб тілінде саудагер төрт әріптен тұрады, ол: тә, алиф, жим және ро әріптерінен құралған «тажир» сөзі. Әр әріп саудагерге қойылған қатаң талап іспетті. Тә әріпі – тақуалық, алиф әріпі – аманатшылдық, жим әріпі – жүректі және ро әріпі – рахим (мейірімді) ұғымын білдіреді. Олай болса, саудамен айналысуға бел буған кісі осы қасиеттерді кәсібінің басты ұстанымына айналдыруы керек. Расында, мейірімді, аманатшыл, тақуа әрі жүректі саудагер тауарының кемшілігін жасырмайды. Мұқтаж кісіге бағасын төмендетіп, түсіріп береді. Қарыз алған кісіге кеңшілік жасап, берешек қарыз уақытын ұзартады.

Мұндай қасиеті бар кәсіп иесінің дүкеніне сатып алушылар ағылып келеді. Демек, саудагер өзінің имандылығы арқылы адамдарға қажетті тауардан да көбірек бір дүние ұсынады. Оның ұсынатын басты тауары – адамгершілік пен имандылық. Мәселен, сахабалар мен табиғиндер және олардан кейінгі буындар теңіз асып сауда-саттық жасады. Жат жерлік һәм діні бөлек халық мұсылмандардың адалдығына тәнті боп, лек-легімен Ислам дінін қабылдады. Расында, сөзі мен іс-әрекеті үйлескен мұсылман саудагерлер жат жұрттың жүрегін баурап алған еді. Иманы бар саудагер тауарының кемшілігін жасырып сатпайды. Сатып алушының тәжірибесіздігін пайдаланып, арзан затты қымбатқа саудаламайды.

Әрине, сауда – берекетті кәсіп. Ең бастысы, тауарын өтірік мақтап сатпаса, уәдесін бұзбаса және қиянат жасамаса болғаны. Сауда – ең жақсы кәсіптердің бірі. Әз пайғамбардың (с.ғ.с.) «Аманатшыл және шыншыл саудагер пайғамбарлар, сыддықтар және шейіттермен бірге»[2] деген сөзі алтынмен жазуға лайықты. Ардақты пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бастап, көптеген сахабалар сауда-саттықпен айналысқан. Алайда, саудамен айналысудың да белгілі бір ережелері бар. Кезінде, халифа Омар бин Хаттаб (р.а.): «Біздің базарда дін бойынша сауда-саттық талаптарын үйренбеген кісі саудамен айналыспасын»[3], – деген екен. Өйткені, табыс көзінің ең олжалы түрі – сауда-саттық. Алайда, мол табысқа жету үшін жұрттың ақысын жеу – ең үлкен күнәнің бірі.

Демек, сауда жасау барысында кісінің ала жібін аттап кетпеу үшін сауданың ережесі мен қыр-сырын үйретіп барып кірісу керек.

Қуат Ерғалиұлы

 


[1] Тирмизи
[2] Тирмизи
[3] Тирмизи

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру