ШӘКӘРІМ ШЫҚҚАН ӘЛЕМДІК ШЫҢ (ғұламаның өмірін саты-сатылап тану туралы бірер сөз)

17 шілде 2024 1438 0
Оқу режимі

Мәңгілік проблемалардың жауабын іздеген ойшылдар аз емес. Бірақ олардың арасында сол түп хақиқатты тапқан, бүкіл адамзаттың түзу жолы мынау көрсеткен жандар санаулы ғана. Өйткені, Тәңірінің хикметін сезу, жаратылыс сырын танып білу – руханияттың Эверест шыңы. Оны бағындыру үшін «жан көретін көз керек» (Шәкәрім). Сөйтіп, дүниенің көрінбеген сырын түгендеу ой  алыптарының сыбағасы. Оларды «көріпкел әулие», «әлем ойының алыбы», «кемеңгер ойшыл» немесе «данышпан философ» дейді. Дала данасы Шәкәрім осы қатардан. Мұны өзі де жақсы білгендіктен:

Бас көзімен сенделуге,
Бізге рұқсат жоқ, шырақ!

– дейді («Бізге» дегені – әулиеге дегені).

Сонымен, жұмыр басты пенденің бағындыратын ең биік шыңы – әулиелік. Хақиқат жалғыз, ал сол рух биігіне апарар жолдар көп. Бәрі де «бек шетін, бек нәзік жол» (Абай).

Олай болса, Шәкәрімнің өзіндік соқпағы, өткен саты-сатылары қандай? Алдымен қырық жасқа дейінгі өміріне шағын шолу жасайық. Барлап қарасақ, қырық жасқа дейінгі өрісі ислам діні болғаны, хақиқатты соның  аясынан іздегені белгі береді.

1880 жылдардан бастап қазақ поэзиясында ағартушылық діни бағытпен астасып жатты. «ХІХ ғасырдың аяғында қазақ сахарасында кітаби ақындар көп болған,  – деп жазады Т.Әлімқұлов. – Оңтүстік Сырда Мәйкөт, Молда Медеу, Базар жырау, Жылқыбай, Сауытбек, Балта, Шәді-төре, Мәнсұр, Санбай, Өтебақ, Садуақас, Айтбай, Құлыншақ, Ақберді, Ораз Молда, Омар Шораяқов сияқты хисса шығарып, жыр жазған ақындар бар-ды» (Жұмбақ жан. – Алматы, 1993. – 97 б.). Осы аталған он алты ақын да діни тақырыпқа қисса шығарғандар.  Бұл жылдары Ертіс өңірінен Әріп Тәңірбергенов, Көкбай Жанатайұлы, Ақылбек Сабалұлы, Мәшһүр Жүсіп және т.б. кітаби ақындар шықты. Қай қайсы да мұсылман ғұламаларының жазғандарын көп оқыған, дін ислам қағидаларына қанық һәм көптеген діни қиссалардың авторы.

Абайдың өлеңі бар өнерлі інісі Шәкәрімнің жаңағы аталған діншіл ақындар тобынан табылғаны шүбәсіз. «Абай жолы» эпопеясының «Қастықта» тарауынан   мына бір үзіндіні келтіре кетейік: «Семейдің мешіт-медресесіндегі қазірет-халфелермен кездескенде, Шұбар өзінің мұсылманша көп оқығанын және мұсылман ғұламаларының кітаптарынан қол үзбей жүретін молдалығын да іске жаратады». Көрдіңіз бе, Мұхаң Шұбардың, яки Шәкерімнің мұсылман іліміне жетіктігін һәм молдалығы барын оқырманға жеткізіп отыр. Сынап-мұқаған сияқтанады, шындығында іш тарта айтқан. Сол сияқты жеңгелерінің Шәкәрімге «молда жігіт» деп ат қойғаны да діншіл болғандығын бекіте түседі.

Дін жолының анық-қанығын білуге құмартқан Шәкәрім:

Не сыр бар дін деген жолда,
Кітап, тәпсір, қожа, молда…

 – деп өзі айтқандай, көп ізденген. Бірақ дін тазасын, сондай-ақ, өзін алаң қылған жаралыс сырларын әзірге таба алмайды. Себебі, діншілдер «анық нұры осы, тура жол бізде ғана» десе, ал пәншілдер керісінше «Жан, Құдай жоқ» деп сандалды («пәншілер» дегені – «әлем өз-өзінен дамып, жетілуде» деп адасқан атеист ғалымдар). Бұл жөнінде көп кейінде (1924 ж.) жазған «Тура жолда қайғы тұрмас» өлеңінде ақын былай деп ағынан жарылады:

Молдалардан дін сұрасаң,
Сандырақтап, сандалар.
Пәншілермен бас құрасаң,
Жан, Құдай жоқ дер тұра-ақ.
…Таза діннің шын негізін,
Ұстаған бір бенде жоқ.
Дүние толған көп шатақ дін,
Бәрі бірдей шатпырақ.

Сөйтіп, діни өріс жігіт Шәкәрімнің шөлін қандыра алмаған. Діни һәм ғылыми догмат құрсауынан ұстазсыз босанып шығу қиынның қиыны. Жас ақынның жолы болды, данышпан ағасы Абай дұрыс бағытқа салды. Мәселе сонда, 1894-1895 жылдары Абай өз шығармашылығының ішкі мазмұны мен табиғатын түбегейлі өзгертті.  Ендігі күш-қуатын «Лай суға май бітпес...» деген өлеңіндегі:

Мекен берген, халық қылған Ол лә мәкан,
Түп Иесін көксемей бола ма екен?
Және Оған қайтпақсың, оны ойламай,
Өзге мақсат ақылға тола ма екен?

– делінген қос сұрақтың жауабын іздеуге жұмсады. Сондықтан біртіндеп хакімдік биікке басқыштады. Өзі рух шыңына беттеген Абай талапты шәкірттерін жетегіне алды, әрине. Оларға иманның тазалығы неде екенін ұқтырды һәм догмаларға күдікпен қарау дағдысын екті.

Шәкәрім 1898 жылы қырық жаста еді. Бұл бұрылысты шақ болғанын  «Қырық жылдан өтіп жасым», «Қырықтан соңғы иманым», «Қырықтан соңғы қырымды, Сынамақ болсаң түрімді» сияқты әлденеше өлең-жырларынан білеміз. Сөйтіп, ізденгіш ақынның тура жолды тапқаны – ұстазы Абайдың даналығының арқасы.

Енді Шәкәрім кәмалатының саты-сатылары деген басты мәселемізге көшейік. Ислам ілімінде адамның кемелденуін төрт кезеңге бөледі. Олар: шариғат (білім жинау кезеңі), тарихат (нәпсіні ауыздықтаған тақуалық), мағрифат (Алланы тану) және хақиқат (Аллаға жету).  Сенсеңіз, аталған төрт саты Шәкәрімнің қырықтан соңғы өмірі жолынан ап-айқын белгі береді.

«Мұтылғанның өмірі» деген өмірбаяндық жырында ақын былай дейді:

Жас қырыққа кірген соң,
Бір ой түсті жаңадан.
Қылығын сынап білген соң,
Дедім қазақ неткен жан?

Қазақтың мінін айтып, қылығын сынаған жырлары «Қазақ айнасы» жинағына топталған еді (бұл жинақ 1912 жылы Семей қаласында жаңа ашылған «Жәрдем» баспасында жарық көрді). Бұл кездегі поэзиясында адамгершілік идеясы, надандықты түйреп, адал еңбек пен ғылым-білім жолына шақыру көктей өтеді. Осылайша Шәкәрім өзінің Абайдың ізбасары екенін паш етті. Сол сияқты ойшылдың Ресей мұсылмандарының мәдени қозғалысы – жәдидизмнің үні болған «Тәржіман» газетін жаздыртып алып, оның тұрақты оқырманы болғанын айта кету орынды. Оған мынадай сөзі куә: «Абайдан соңғы ұстазым – «Тәржіман» газетінің иесі Исмағұл Гаспринский десем бек дұрыс, оның үшін сол кісінің газетін оқып бек көп пайдаландым». Сөз болып отырған кезеңде Шәкәрім орыс тілін үйреніп, орыс және батыс әдебиетін жіті меңгерген болатын. Сүйіп оқыған авторының бірі орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой еді. Толстой өмірінің соңын ойшыл ретінде танымал болып, православ дін басылары тарапынан қудалауға ұшыраған еді. Шәкәрім оның осы ойшылдық еңбектерін жоғары бағалап былай деп жазады:

Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,
Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.
Жанымен сүйді әділет, ардың жолын,
Сондықтан ол иесі терең ойдың.

1902-1903 жж. Шәкәрім тәржімә ісіне кірісіп, Пушкиннің «Дубровский» романын қазақша өлеңмен сөйлетеді. Осы жылдан Орыс география қоғамының Семей қаласындағы бөлімшесінің мүшесі. Бұл қоғамның бай ғылыми кітапханасы бар еді, ойшылды магнитше тартқан ондағы ғылыми кітаптар мен «Живая старина» сияқты тарих журналдары еді (бұл Шәкәрім «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» кітабын қолға алған кезі).

Қорыта айтқанда, 1898-1912 жылдары Шәкәрім тынбай ғылым-білім жинады. Мұсылманша айтсақ, шариғат кезеңі болды. Бірақ ғылымның да ғылымы бар. Шәкәрімнің көксеп іздегені, ғашық болғаны көкірек көзді ашуға мүмкіндік беретін рухани ғылым еді.

Бұл ретте қажылық – Мекке сапарын (1905-1906 жж.) айналып өте алмаймыз. Сәтті сапардан Шәкәрім мол ғылыми-танымдық әдебиеттер жинап оралған болатын. Рухани кәмәлат жолына түскендер кімдер? «Бұл айтылмыш үш хасләттің иелерінің алды – пайғамбарлар, онан соң – әулиелер, онан соң – хакімдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар» дейді Абай.

Осы тұрғыдан алғанда Шәкәрім 1912 жылы кәміл мұсылман деңгейіне жетті, ислам ілімі бойынша айтсақ, тарихат жолына түсті деуге толық негіз бар. Себебі, Шәкәрім қауымнан оңашаланды. Оңашалану – рух тәрбиесі мен жан қуатының өсуінен, жетер жеріне жеткізе айтуға тіл жетпейтін ішкі жан дүниенің сұранысынан туындайтын қиын сырлы құбылыс. Бұл хәлді Шәкәрім: «Таза ой ойлай алмас үйде басым, Ойсыз сіңбес бойыма ішкен асым» деп жеткізеді. Оңашалану, яки тақуалықтың нәтижесі – 1913-1918 жылдары «Үш анық» атты философиялық трактатын аяқтап шықты. Бұл еңбегінде ойшыл үш анықты дәлелдеп шықты. Олар: Құдай бар, жан жоғалмайды, бір, өлгеннен кейін де өмір (дүние) бар, екі, екі дүниеге де керегі – ар-ождан, үш. Негізі, осы айтылған үш анық (яғни ар ілімі) әлемдік брендіміз (бұл ілім мойындалса, жекелей ел тұрмақ, бүкіл адамзаттың түзу жолды табары сөзсіз).

Тоқ етері, 1913-1918 жылдар аралығында Шәкәрім әлемдік философия биігіне шықты. Мұсылманша оны «тарихат» немесе «кәміл мұсылман» кезеңі десек қате айтқандық бола қоймас деген ойдамын.

Енді келесі сатыға (1919-1927 жж.) өтейік. Бұл Шәкәрімнің хакімдік деңгейі, мұсылманша мағрифат кезеңі. Жарықтық Лев Толстой: «Құдаймен проблемаңды шешсең, өзге проблеманың бәрі өзі-ақ шешіледі» демекші, Шәкәрім өзімшіл нәпсіні жүгендеп, Құдайға жақындады. 1917 жылы «Сарыарқа» газетіндегі көсем сөзінде: «Биыл жалпы жұрт оянып, ар-ұяты үшін қанша жанды құрбан етіп талпынғанда барша Алаш берекесін бұзбай, сұм нәпсімізді құрбан қылуымыз жөн» дейді ғұлама. Жырларының өзегі де – Хақты тану, ар-ұятты сақтау идеясы. Ойшыл ақынның мұраты – пенденің ішкі рухын өсіріп гүлдендіру, зұлымдық арқылы жақсылықты жасамақтық еш мүмкін еместігін ұқтыру. Сөйтіп, хакімнің поэзиясын «Үш анық» концепциясы көктей өтеді.

Руханиятта әулиеліктен асқан шың жоғын сөз басында айтқанбыз. Шәкәрімнің бұл шыңға шыққанының айдай айғағы – 1928-1931 жылдары жазылған «Иманым» атты өлеңдер циклі. Бұл кездегі пірі –  сопы ақын Хожа Хафиз. Бір анығы, әулиелер мен хакімдер – рухани азықты тікелей ғайыптан (тылсымнан) алады. Жүрек көзі арқылы.  Дініміз исламда осыны, яғни еш жерден оқып білмей-ақ тек Алланың рақымымен білім бұлағынан сусындауды «илхам» дейді. Сөйтіп, «Иманым» циклі (отызға тарта өлеңдер) – ақынның әулиелік шыңға жетіп, нәрді тылсым әлемімен тілдесу арқылы алғанының куәсі. Мәселен, әулие Шәкәрім бірде:

Шын асықтың әрбірі
Өліп топырақ болды да,
Жаралыстың тағдыры
Жаратты мені орнына – десе, енді бірде:

Ескі иманды отқа өртеп,
Асыл иман алған күн.
Асық Жарды таптым деп,
Хақиқатқа нанған күн,

 – деп жан сырын ақтарған. Бақсақ, бұл хақиқатқа (Құдай дидарына деп оқыңыз) жеткен керемет хәлін жеткізгені емес пе.

Мінеки, терең ойдың иесі Шәкәрім қырықтан соң басқыштаған төрт саты осылар. Әрбір сатысы өз алдына зерттеушілік нысанасы болуға сұранып тұр (бірақ әзірге әулиенің толық жинағы да баспаға даярланған жоқ). Абай, Шәкәрімнің ілімінсіз құлқын билеген заманның құрығынан құтылу мүмкін емес. Бұл дәлелдеуді қажетсінбейтін ақиқат деген пікірдемін.

Асан ОМАРОВ,

абайтанушы

 

 

Пікірлер Кіру