ШӘУУӘЛ АЙЫНДАҒЫ 6 КҮНДІК ОРАЗА

11 сәуір 2024 2212 0
Оқу режимі

Дінімізде кейбір уақыттардың өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері бар. Рамазан айының артынша келетін Шәууәл айының да өзіне тән артықшылықтары көп.  

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады» – деп,  бұл айда ұсталатын алты күн оразаның мол сауабын сүйіншілеген (Сахих Мүсілім). Бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсінуге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» – деген. Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күні ораза ұстауға болмайтын Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айттың төрт күні. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз.

Міне, бұл да Жаратушы Иеміздің бізге деген шексіз мейірімі. Осындай үлкен нығметтен өз үлесін алмақ ниетпен біздің сайтымызға көптеген сұрақтер келіп түсуде.

Осыған байланысты, Шәууал айындағы оразаға қатысты көпшіліктің көкейінде жүрген кейбір мәселелерге тоқталуды жөн көрдік.

1. Шәууәл айының оразасы нәпіл ораза болып табылады. Яғни, мұны ұстау ешкімге міндет емес, адамның өз ыхтиярында. Дегенмен, мұны ұстамаған жан жоғарыда келтірген Пайғамбарымыздың хадисіндегі бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады.

2. Шәууәл айының нәпіл оразасы тек Шәууал айында ғана ұсталады. Және оны айт күнінің екінші күнінен бастап ұстаса болады.

3. Шәууәл айының нәпіл оразасын арасын үзбей қатарынан, сонымен қатар арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде де ұстауға болады.

4. Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады. Дегенмен, Рамазан оразасын толығымен ұстау Алла Тағаланың бұйрығы екенін ескерген жөн. Ал, Шәууәл айында 6 күн ораза тұту Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті болғандықтан алдымен оразаның қазасын өтеу абзал. Себебі адамның белгіленген ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс. Бұған қоса жоғарыда келтірілген хадисте «Рамазан оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса» делінгенін ескерсек, әуелі Рамазанның қазасын өтеудің абзалдығын ұғамыз.

5. Осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Бірақ бұл нәпіл оразаға уақыты жетпей қалғандар үшін. Әсілінде, әр оразаны жеке-жеке ұстау қажет. Бұл жоғарыда келтірілген бір жылдық сауаптың математикалық есебіне де сай келіп тұр.

6. Рамазан оразасын ұстамаған адамдарға да Шәууал оразасын ұстауына болады. Алайда, олар Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Себебі, Рамазан оразасы – парыз. Оны ұстамау – үлкен күнә.

7. Шәууал оразасы да Рамазан оразасы секілді «таң» намазынан (Таң намазына 10 минут қалғанда ауыз бекітіледі) басталып, «шам» намазына дейін жалғасады.

8. Шәууал айының алты күндік оразасын әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаса, нұр үстіне нұр. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні (апталық) істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын» деді (Тирмизи).

Рамазаннан кейін Шәууал айында алты күн ораза тұтудың жыл бойы ауыз бекіткенге теңестірілуі – Алла Тағаланың мейірімінің шексіз екенінің бір көрінісі. Яғни, Хақ Тағала Өзіне тән рахымымен құлының жасаған ғибадатына бірнеше есе артық сауап жазып, ақыретімізді құтқаруға илаһи мол мүмкіндік тудырады.

 Алла Тағала ниеттерімізді қабыл еткей! (әмин)

 

Дереккөз: Мүфтият.кз сайтынан

Пікірлер Кіру