Сулардың шариғи үкімдері

25 ақпан 2021 9186 0
Оқу режимі

Су – тіршіліктің бастауы, күллі жаратылыстың бойына нәр беріп, қуаттандырып тұрған ерекше жаратылыс. Әрбір істің астарында тұнып жатқан мазмұнды мәселені, ой елегінен өткізіп, халық санасына жеңіл түсінікпен өрнектеп берген даналарымыздан  «бұлақ көрсең көзін аш», «судың да сұрауы бар» деген тәмсілдер қалған. Не дегенмен судың қажеттілігі орасан зор. Көпшілік білетін судың да шариғат назарында белгілі бір үкімдері бар. Бұл үкімдерді бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады.

  • Табиғи сулар.

Аспан сулары. Қар, жаңбыр, бұршақ секілді атмосфералық жауындар. Алла Тағала Құранда: «Және көктен тазартушы су жаудырдық»[1], – деген. Абдулла ибн Әби Әуфаа (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай деп дұға жасағанын жеткізеді: «Аллам, мені күнәларым мен қателектерімнен, кірден тазарған аппақ киім секілді тазартшы. Аллам, мені қармен, бұршақпен және салқын сумен тазарта көрші.[2]

Жер үсті сулары. Бұларға теңіз, мұхит, көл және оларға құятын өзен сулары жатады. Ғұламалардың бірауыздан берген келісіміне сәйкес, теңіз сулары ащы болсын, тұщы болсын, таза және тазартушы су болып табылады. Яғни, онымен дәрет алуға және де ғұсыл құйынуға рұқсат етіледі. Бір кісі Алла Елшісінен (с.ғ.с.) теңіз суының үкімі жайлы сұрағанда: «Теңіз суы – тазартушы, өлексесі – адал»,[3]деп жауап берген.

Жер асты сулары. Бұған бұлақ, құдық сулары жатады. Жер асты суларының ең қасиеттісі – зәмзәм. Ибн Аббас (р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Жер бетіндегі сулардың ең жақсысы – зәмзәм. Онда бойға тарайтын тағам және дертке ем болатын шипа бар»[4], – деп айтқанын жеткізген.

  • Сулардың таһарат тұрғысынан сапалық жіктелісі.

Нәжістен де, дәретсіздіктен де таразтушы негізгі зат – су. Су – таза және тазартушы зат. Дәретсіздіктен тазаруға жарамдылығы тұрғысынан суды бес топқа бөліп қарастырамыз.

Абсолютті таза су. Болмысы таза болуымен қатар, нәжістен де, дәретсіздіктен де тазартуға қабілетті суды абсолютті таза су деп атайды. Бұндай судың түпкі табиғи сипаттары (дәмі, түсі, иісі) еш өзгеріссіз сақталуы тиіс. Қандай да бір жағдайда абсолютті таза суға жапырақ, бұтақ, тас, жеміс, көкеніс секілді қатты таза зат түсіп кетіп, судың негізгі сипаттары (дәмі, түсі, иісі) бұзылмаған болса, бұл су өзінің бастапқы үкімін жоймайды. Ибн Масғудтан (р.а.) жеткен хадисте: «Кім сендерден жүніп бола тұра, жалбызтікен езілген сумен жуынса, содан кейін ғұсыл құйынып жатса, басын жуғысы келсе, өз қалауы білсін»[5], – делінген.

  • Абсолютті таза суға төгілген таза сұйықтықтың әсері су құрамын өзгертпеген болса, су тазартушы сапасын жоғалтпайды. Таза сұйықтықтар ретінде сүт, сірке суы және қолданылған суды мысалға келтірейік. Егер судың негізгі сипатына қатысты дәмі, иісі, түсі осы аталған заттар араласуымен өзгеріске ұшыраса, судың тазартушы үкімі жойылады.
  • Абсолютті таза суға қаны ақпайтын шыбын, маса, шаян секілді жәндіктер түсіп кетсе, тіпті өліп қалса да, су тазартушы сапасын сақтайды. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Біреулеріңнің ыдысыңа шыбын түсіп кетсе, оны түгелдей батырып барып, алып тастасын, Расында оның бір қанатында шипа, екінші қанатында дерт болады»,[6]деген.
  • Суда балық секілді су жануары өлген жағдайда су тазартушы үкімін жоймайды. Бұл үкім жоғарыда айтылған Алла елшісінің (с.ғ.с.) «Теңіз суы –таза, өлексесі – адал» деген хадисінен алынған.
  • Абсолютті таза судың көп тұрып қалуы оның сапасын жоймайды.
  • Абсолютті таза суға түскен бақа өліп қалса, су нәжістенбейді және дәретке алуға жарайды. Алайда оны ішуге болмайды, өйткені бақаның еті харам.

Болмысы таза, бірақ тазартушы сапасы мәкруһ су.  Бұл – үй мысығы, боқтық аралаған тауық, жыртқыш құс, жылан және тышқан секілді мақұлықтар ішкен суға қатысты. Яғни бұндай суды  абсолютті таза су болмаған жағдайда ғана дәрет алу үшін қолдануға болады.

Болмысы таза, бірақ тазартушы емес су.  Қолданылған су. Қолданылған су – кіші немесе үлкен дәреттен тазару барысында дене мүшелеріне тиіп ажыраған су. Бұл су нәжісті кетіру үшін таза әрі жарамды болғанымен, басқа адамның дәрет пен ғұсыл үшін қолдануына жарамсыз. Әбу Һурайра (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Ешбіреуің жүніп күйінде ағынсыз суда жуынбасын!»[7]деп айтқанын жеткізген.

Нәжіс су. Таза суға қандай да бір нәжіс түсіп, оның табиғи үш сипатының бірін бұзатын болса, бұл су нәжістенген болып табылады. Бұндай су дәрет және ғұсыл үшін, тіпті тіршілік мақсатында кір жуу сынды қажеттіліктерге де жарамайды.

Қорыта айтқанда, құлшылығымыз бен құлшынысымыз дұрыс бағытта болуы үшін, шариғат бекіткен үкімдер мен тыйымдарға зер салып, күнделікті өмірде әр ісімізге мұқият қарауымыз керек. Себебі намаздың дұрыс болуы дәретке байланысты. Олай болса дәретіміз дұрыс болуы үшін сапасы мен сипаты дұрыс суды пайдаланғанымыз жөн. Алла баршамызға пайдалы білім, қабыл болған құлышлық, құлшылыққа жетелейтін құлшыныс нәсіп еткей!

Бағзат АҚЖОЛ
«AQ MESHIT» мешітінің наиб имамы


[1]  «Фурқан» сүресі, 48-аят.
[2] «Сунан ан-насаи»: 1/198.
[3] «Сунан ат-Тирмизи»: 1/100.
[4] Табарани. «әл-Мужам әл-Әусат»: 4/179
[5] Әл-һайсәми, «Мажма аз-Зауааид»: 1/609
[6] «Сахих әл-Бухари»: 7/140
[7] «Сахих Муслим» : 1/236
 

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру