Тәлбина – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті асы

03 қараша 2020 7718 0
Оқу режимі

Тәлбина (تلبينة) – араб ботқасы. Бұл тағам ләбән, яғни сүттен жасалатын болғандықтан «тәлбина» деп аталған. Бұл өте пайдалы тамақ, сондай-ақ мұны Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзі сүйіп жейтін болған. 

Айша анамыздан (р.а.) жеткен хадисте бір туыстары қайтыс болған кезде әйелдер жиналады, кейін жақындары мен құрбыларынан басқасы тарап кеткен кезде Айша анамыздың бұйрығымен бір табақ тәлбина жасадық. Одан соң оған тұздық ретінде сарид жасадық. Кейін Айша анамыз бізге былай деді: «Жеңдер, мен Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегенін естідім: «Тәлбина аурудың жүрегін тыныштандырады және уайым- қайғының жартысын алып кетеді»[1].

Тәлбина – күйзелістің шипасы

«Тәлбина аурудың жүрегін тыныштандырады және уайым-қайғының жартысын алып кетеді» – осы жерге назар аудару қажет. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзінде жалған болмасы хақ. Күйзеліс пен торығуға толы біздің уақытымызда тәлбина рухани уайымнан арылтып, құлшылыққа ден қоюымызға жәрдем бере алады.

Тәлбина иммунитетті көтереді. Авицена өзінің XI ғасырдағы «Дәрігерлік ғылымның каноны» атты еңбегінде арпа суының, сорпаның қызу көтерілгенге мың да бір ем екендігін жазып кеткен.

Тәлбина жақыныңнан айрылған қайғыны жеңуге жәрдем береді

Жоғарыдағы келтірілген хадистен белгілі болғанындай, мүміндердің анасы Айша (р.а.) өзге әйелдерге қазадан соң жүректерін тыныштандыру үшін тәлбинаны жеуге кеңес берген. Біздің қоғамымызда көптеген әйел адамдар жақынының қазасын көтере алмай жатады. Осындай жағдайда Айша анамыздың (р.а.) кеңесіне амал етуге болады. Сол кезде Алла қаласа, ол қайғыны жеңіл қарсы алуға септігін тигізеді.

Өзіміз даярлайық, үйренейік

Қазіргі таңда дүкендерден кез келген азық- түлік түрін табуға болады. Сондықтан да тәлбинаны сүйікті Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) деген үлкен сүйіспеншілік белгісі ретінде және де сүннетіне амал ету ниетімен өз үйіміздің ас мәзіріне енгізіп қоюдың бір мүмкіншілігі десек қателеспейміз. Дәмі жағынан ұнамаса да, адамдардың асылы – Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) деген махаббатымызды білдірудің бір түрі деп санауға тұрарлық-ақ.

Дайындау тәсілі:

Тәлбина ұсақталған арпадан жасалынады. Қазанға бір кесе сүт және екі кесе су құйылып, кішкене шыныаяқпен арпа салып, араластырылады. Жіті араластырып, дайын болғанша отқа қоямыз. Ботқа қою да, сұйық та болмауы қажет. Қайнап болған соң оттан түсіруге болады. Ботқа дайын! Оны балмен қосып жеу қажет. Балды ботқаға қосып жіберсе де болады.

Алла Елшісіне (с.ғ.с.) деген махаббат

Саңлақ сахаба Абдулла ибн Масғуд (р.а.) егер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір жерден екінші жерге орын ауыстырар болса, ол да соны қайталайтын еді.

Және де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір жерде жөтелер болса, ол да сол жерге барып жөтелетін болған. Бірде бір сахаба уағыз айтып отырған Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп Қиямет жайлы сұрайды. «Сен оған не дайындадың?» – деп сұрады Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын). Ол болса: «Мен көп құлшылық, ораза я болмаса садақа дайындаған жоқпын. Алайда мен Алла мен Оның Елшісін жақсы көремін», – деп жауап береді. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімді жақсы көрсең, сонымен бірге боласың», – деді. Артынша Әнәс (р.а.): «Исламнан соң біз бұрын-соңды Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Кімді жақсы көрсең, сонымен бірге боласың» деген сөзінен басқа сөзге осыншалықты қатты қуанған емеспіз», – дейді. Ары қарай Әнәс ибн Мәлик былай деп жалғастырады: «Мен Пайғамбарды (с.ғ.с.), Әбу Бәкір мен Омарды (дос тұтамын) жақсы көремін және оларға деген махаббатымның себебімен (қияметте) олармен бірге боламын деп үміт етемін».  

Құранда Алла Тағала былай дейді: «(Мұхаммед Ғ.С.) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Алла (Т.) сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» де»[2].

Құрметті оқырмандар, келесі мақаламызда сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дастарханынан орын алған басқа тағам түрі жайлы әңгімелеп, дайындалу тәсілін де үйрететін боламыз. Астарыңыз дәмді болсын!

 


[1] Әл- Бұхари, 9/479; Муслим, 2216.

[2] «Әли Имран» сүресі, 31-аят.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру