ТАҢДАЙ БЕРУ

26 ақпан 2024 2348 0
Оқу режимі

"Бас - атаңның сыбағасы, жамбас - қазақ жолы" дейтін халқымыз жасы мен жолы үлкен ақсақалдардың алдына бас тартып сыйлайды. Бас ұстаған кісі оны жалғыз өзі мұжып, өзі ғана жемейді. Дастархандас отырғандарға да үлестіріп, ауыз тигізеді.

"Таңдай беру" салты - сол үлестірудің балаларға арналған кәдесі.

Бас ұстаған қария таңдайдың сыртқы қатқылдау қабыршағын тазалап, ұл болсын, қыз болсын, өзі қалаған балаға ұсынады. Ұсынады дегенде жай бере салмайды.

Таңдай алушының алақанын ашқызып:

"Көмекейің кесілген әнші бол, сөз қадірін білетін ділмар бол!" - деп ашылған алақанға таңдайды ұрып береді. Сол кезде бала оны шапшаңдықпен шап беріп ұстауы керек.

"Таңдай берудің" жөн-жобасы осы. Бұл салт жеткіншектерді сөз өнері мен ән-жырға деген ықыласын аударып қанаттандырады, зердесіне сенім сіңіріп өнерлі болуға талпындырады.

Балаларға "құлақ беру", "таңдай беру" секілді кең тараған салттармен қатар тұрмаса да, "тіл жегізу", "көз жегізу" деген арнайы ырымдар да болған. Өмірдің бел-белесінен өткен парасатты қариялардың сыншы көзі қайсыбір жасөспірімнің бойынан өзгеше қарым-қабылеті, жанарынан жалындаған отты байқағанда "қарағым, әділет-шындықты парықтай білетін көреген бол, айналаңды алаламайтын көрегенді көсем бол" дегендей тілек айтып, бастың екі көзін бірдей береді.

Көзді көбінесе үлкендер өздері жейді әрі екі көзді екі адамға бермейді. "Алакөз, араз болып қалады, туралықтан тайқып кетеді" дейтін тыйым бар.

"Тіл жегізу" ырымы да кез келген балаға бұйырмайды, тәлімгер қариялардың ықыласы, пейілі түскен балаға берілетін сый-сыбаға деуге болады. Мұның да өз жөн-жоралғысы бар.

"Тілінің ұшымен жалған сөйлемесін, тіл ұшымен оңай айта салатын жел сөзден аулақ болсын" деп, тілдің үшкір ұшын кесіп тастайды.

"Айтар ойы көмейіне кептеліп тұтықпасын" деп тілді көмекейінен ажыратады.

Содан кейін ғана балаға береді.

"Өнер алды - қызыл тіл" деген, "тілді-жақты шешен бол, тіліңді таза сақта, тілің ел-жұртыңа қызмет етсін!" - деген секілді бата-тілектерді айтады.

Назар аудара қарасаңыз, жоғарыдағы ырымдар баланың рухани санасынан сілкінтіп ой салады, өзіне деген сенім күшін күшейтіп, жақсылықтарға жетелейді. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен бұл ырымдар да ұлттық өнеге, қазақи әдемі тәрбие жатыр.

Зейнеп Ахметова "Күретамыр"

 

 

 

Пікірлер Кіру