ТӘҢІР ТҮСІНІГІ ЖАЙЛЫ ЗЕРТТЕУШІЛЕРДІҢ ПІКІРІ

09 ақпан 2023 4394 0
Оқу режимі

Соңғы уақыттары «ата-бабамыздың діні –  Тәңірлік дін» деген ұранмен бірнеше топтар пайда болды.  Олар әлеуметтік желіде белсенділік танытып, исламофобиялық көзқарастарын ашық көрсетіп, көңілге күдік салумен айналысып жүргенін байқап қаламыз. Осы ретте «Тәңір» сөзінің түсінігі жайлы зерттеушілердің пікірін ұсынбақпыз.

О.Сүлейменов «Язык письма» еңбегінде адамзаттың ең көне діндері  мен Інжіл сырларының маманы Эрих Зехреннің адасушылықтары туралы айта отырып, «Тәңіршілдік» бірнеше ондаған мыңжылдықтар бойы дамыған «Күн» діні деп жазады. Осыған ұқсас деректі Албания тарихшысы Мұса Каланкатуклу (7 ғ.): «Ғұндар, хазарлар және басқа да түркі тайпалары массагеттер сияқты Күн, Ай, Танра хан құдайларына сеніп, жылқыны құрбандыққа шалған. Кейде құрбандықтар суға және отқа, жолдың құдайына, ай туғанда тіпті олардың көздеріне ғажайып болып көрінген барлық құбылыстарға арналып шалынған» деп баяндайды.

Белгілі Әзірбайжан зерттеушісі Ф. Агасиоглы: «Көне түріктер құдайды «Тәңір» деп атаған. Сонымен қатар, «Тенгри», «Дингир», «Кут» т.б атуларды қолданған» деп мәлімдеген.

Сәбетқазы Ақатай «Тәңіризм» терминінің орнына «Тәңіршілдік» терминін қолдана отырып, «Тәңіршілдік» «Орта Азия халқының тарихи синкреттік (түрлі сенімдерді жинақтаған) философиялық ойлардың табиғи синтезінің нәтижесі» деп тұжырымдайды.

Белгілі ғалым Ғарифолла Есім көне түркі аңыздарын саралай келе: «Түріктердің дүниетанымында Тәңір – түсініксіз Құпия... Тәңір-Аспанға табыну, биікке шөлдеу адамды асқақ, бітіспес, ерлік философиясын ұстануға итермелейді...» деп тұжырымдайды.

Мұрат Аджи өз пікірін, тәңіртануды зерттеуші неміс ғалымы Г.Дерфердің пікіріне сілтеме жасай отырып, «Адамзаттың алғашқы монотеистік діндерінің бірі», - деп жазады.

Зия Бунядов: «Таңры» және «Гёктүрк» ұғымдарына түсініктеме бере отырып, бүгінгі Орта Азия түркі диалектілерінің көпшілігінде Тәңірдің «Таңры» (Құдай) және «Гёк» (Аспан) мағынасын беретінін жазған. Оның пікірінше, қазіргі түркі халықтарының қолданыстағы  тілінде бұл сөз (ескіріп) тек «Алла» мағынасында қолданылады, деп атап өткен.

Өзбек саясаткері Каримов Борис тәңіршілдік туралы мақаласында: «Тәңір құдайы (тәңір, тәңір, хан тәңірі, көк тәңірі) культі барлық түркі халықтарының ежелгі наным-сенімдерінде маңызды орын алады. Бұл культтің шығу тегі әлі жеткілікті түрде зерттелмеген» деп айтады.

Ал Әуезхан Қодар өзінің философиялық талдауында «Тәңірлік идеясы –дүниенің шынайлығы туралы алғашқы идея. Ол анимизм, тотемизмнен генотеизм сатысынан сырғып монотеизмге дейінгі даму жолынан өтті. Алайда, монотеизм сатысына жеткенде  манихейлік сеніммен араласып кетті, кейін (бір бөлігі) ислам сеніміндегі «Алла» идеясымен және (екінші бөлігі) буддизмнің философиялық идеяларының ықпалында қалды» деп баяндаған 

А.Ю. Никонов өзінің «Алтун Битиг. Тенгрианство» атты еңбегінде тәңіршілдікті шаманизм ретінде көрсету стереотипін концептуалды  тұрғыда ұстана отырып, түркі халықтарының ауызша және жазба дәстүрінде  сақталған көне түріктердің мифтеріне негізделген тәңіршілдік пен тәңірлік  ұғымына түсінік береді. Сонымен қатар, Ш.Уәлихановтың шығармашылығында да тәңіршілдік түсінігі ерекше орын алғанын байқаймыз. Ол өзінің «Тенгри (бог)» атты  мақаласында тәңіршілдіктің әдет-ғұрыптары мен ұстанымдары, аруақтар мен  рухтарға деген сенімдер жайлы жан-жақты сипаттайды. Ш.Уәлихановтың  тәңіршілдік жайлы көзқарасының екіұшты пікір ұстануы өзі өмір сүрген дәуірдің тарихи-идеологиясымен  түсіндірілуде. Ол бір жағынан Тәңірді құдай деп таниды, тәңіршілдік – «Тәңірге деген монотеизм сенімі» десе,  екінші жағынан тәңіршілдік рухтар, жандар, перілер, диюлер мен зұлым шамандық  рухтар жайлы түсініктер деп түсіндіреді.

Мағжан Жұмабайдың «Тәңірі» деп аталатын өлеңін оқығанда «Тәңірі» сөзі «Құдай» сөзінің синонимі екеніне көзіміз жетеді:

Зор Тәңірі, күштісің сен, сенеміз біз,
Әділ деп, әр ісіңе көнеміз біз.
Өз құлын өзі еңіретпес тура Ие деп,
Өзіңе ерік тізгінін береміз біз.
Ауыздан Алла атыңды тастамаймыз,
Алласыз ешбір іске бастамаймыз.
«Әділ хан, бұйрығыңа бойсұндық»- деп,

Бұйрықсыз бір адым да аттамаймыз.

Қорыта айтқанда, Әлемді Жаратушы «жоғары сана мен Құдіретті күштің Иесін» Түркі тілдес халық «Тәңір» деп атайды екен. Бұл сөздің орысша аудармасы «Бог», араб тілінде «Иләһ» немесе «Аллаһ» болады екен.

Жалғасы бар

Әділхан ИМАНӘЛІҰЛЫ
«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру