ТӘҢІРДІ ТАНУ яки МОЙЫНСҰНУ
Құдай бізге Құлақ берді –
«Жақсы сөзді тыңдасын», - деп,
«Жамандықты қылмасын», - деп.
«Жарғағына жақсы ән ұйып,
Шарбағына торласын», - деп.
Тәңір бізге Жанар берді –
«Көзбен бәрін көрсінші», - деп,
«Құдіретіме сенсінші», - деп.
«Кең дүниенің кереметін
Көріп барып өлсінші», - деп.
«Көзбен көрмей сенбейтұғын
Көркеуделер көнсінші», - деп.
«Көзі тоймас ынсапсызға
Көр топырағы толсыншы», - деп.
Жаратушы Аяқ берді –
«Жаман жерді баспасын», - деп,
«Жақсылықтан қашпасын», - деп.
«Денесінің салмағы да
Аяғынан аспасын», - деп.
«Әрбір басқан қадамдары
Маған қарай бастасын», - деп.
«Артына тек ақ жолы мен
Адал соқпақ тастасын», - деп.
Құдай бізге Қол да берді –
«Ізгі амалдар істесін», - деп,
«Теріс жолға түспесін», - деп.
«Зәмзәм суы тұрған кезде
Зәһар суын ішпесін», - деп.
Тіл менен Жақ берді Тәңір –
«Жақсылықты жар салсын», - деп,
«Тәтті сөзге тамсансын», - деп.
«Арайланып атқан таңды
Ақ тілеумен қарсы алсын», - деп.
Құдай бізге Жүрек берді –
«Мейіріммен нұрлансын», - деп,
«Шұғыланы шұлғансын», - деп.
«Инабатын ұмытпасын,
Иманымен қорғансын», - деп.
Тәңір бізге Бауыр берді –
«Сүзгісінен өткізсін», - деп,
«Сүмбіле-нұр төккізсін», - деп.
«Сүйіспеншілік дәнін елге
Себезгілеп сепкізсін», - деп.
Алтын Бас та сыйлады Ол –
«Ақыретті ойласын», - деп,
«Тіршілігін жоймасын», - деп.
«Алтын бастың ішін әман
Асыл ойлар жайласын», - деп.
«Қабір іші – қараңғы-дүр,
Шам-шырағын сайласын», - деп.
«Періште де тайған жолдан
Пендем менің таймасын», - деп.
Құдай бізге Сана берді –
«Аңнан болсын айырмасы,
Ауа көшіп, жайылмасын.
О дүниенің жауабын, - деп, -
Осы күннен дайындасын».
Ар мен Намыс берді Тәңір –
«Таптамасын тасырлар», - деп,
«Аттамасын асылдар», - деп.
«Адам өлсе – өлер, бірақ
Ары өлмейді ғасырлар», - деп.
Жаратушы Рух берді –
«Әзәзілді жеңсінші», - деп,
«Әділетке сенсінші», - деп.
«Оның алмас қылышынан
Озбыр жауыз өлсінші», - деп.
Тәңір бізге Нәпсі берді –
«Тән ләззатын татсыншы», - деп,
«Рахатқа батсыншы», - деп.
«Бірақ бес күн фәниді емес,
Бақиды ойлап жатсыншы», - деп.
Қанағат та берді Құдай –
«Өзін-өзі тежесін», - деп,
«Білсін мөлшер, межесін», - деп.
«Ынсабың бар болса егер,
Ықыласты сезесің», - деп.
Құдай бізге Ауру берді –
«Сау күніңді салмақта», - деп,
«Аялай біл әр уақта», - деп.
«Аманатқа берген жан мен
Ақ тәніңді ардақта», - деп.
«Денсаулықтың қадірін біл,
Ауырғасын, зар қақпа», - деп.
Емін және қоса берді,
«Күресе біл, жан бақпа», - деп.
Құдай бізге Қайғы берді –
«Тәубесіне келсінші», - деп,
«Тәңіріне ерсінші», - деп.
«Бар менен жоқ, аз бенен көп,
Таразы тең болсыншы», - деп.
Қуаныш та берді Құдай –
«Серпілсін де сергісін», - деп,
«Жанын шаттық желпісін», - деп.
«Мырза пейіл мыңға татыр,
Білсін анық белгісін», - деп.
Жаратушы Өнер берді –
«Жақұттарды жинасын», - деп,
«Сұлулықты сыйласын», - деп.
«Адамның бар мүмкіндігі
Арнасына сыймасын», - деп.
Тәңір бізге Білім берді –
«Бәрін түгел ұқсыншы», - деп,
«Түу шетіне шықсыншы», - деп.
«Күрессе де, тірессе де,
Білімімен жықсыншы», - деп.
Құдай бізге Ғұмыр берді –
«Өлшеулі күн өткізсін», - деп,
«Өмір гүлін еккізсін», - деп.
«Бір-біріңді сыйлау үшін,
Бір-біріңді қимау үшін
Бес күн тірлік берілгенін
Жер-дүниеге жеткізсін», - деп.
Ажалды да жіберді Ол –
«Өткіншінің мәнін білсін,
Өмірінің дәмін білсін.
Бір-біріңе қонақсың, - деп, -
Сыйластықтың сәнін білсін».
Құдай бізге Ана берді –
«Құрсағында жаралсын», - деп,
«Құшағында балаңсың», - деп.
«Жарық дүние сыйлаушы боп
Жалғыз өзі саналсын», - деп.
«Адамзаттың асылдары
Ақ сүтінен нәр алсын», - деп.
«Алпыс екі тамырынан
Адамдық тек таралсын», - деп.
Құдай бізге Әке берді –
«Құламайтын қорғаның», - деп,
«Қурамайтын орманың», - деп.
«Арқа сүйер асқар тауың,
Артық көрер ардағың», - деп.
Тәңір Тума-Туыс берді –
«Бір кіндіктен өрсінші», - деп,
«Бірлік күшін білсінші», - деп.
«Бір-біріне шуақ сыйлап,
Бірге ойнап-күлсінші», - деп.
«Татауы жоқ тәтті тірлік,
Тату өмір сүрсінші», - деп.
«Сүрінгенде сүйеу болып,
Сүйенісіп жүрсінші», - деп.
Құдай бізге Қосақ берді –
«Жалғыз едің, егіз бол», - деп,
«Жайдақ едің, теңіз бол», - деп.
«Жан жарыңмен қол ұстасып,
Жапырағыңмен сегіз бол», - деп.
«Жарты едің ғой, бүтін бол», - деп,
«Жайылатын тұқым бол», - деп.
«Ошағыңның оты сөнбей,
Ордалы ел, түтін бол», - деп.
Тәңір бізге Бала берді –
«Ұрпақтарын жалғасын», - деп,
«Жол ортада қалмасын», - деп.
«Артқы күнін ойласын», - деп,
«Алғы күнін қамдасын», - деп.
«Ақ кемесін өрге сүйреп,
Алға тартсын арбасын», - деп.
«Болашаққа перзентімен
Армандары самғасын», - деп.
Құдай бізге Құзірет берді –
«Ақ жолыммен жүргейсің», - деп,
«Адал өмір сүргейсің», - деп.
«Құлшылықтың хиуазын
Тіршілікте білгейсің», - деп.
Пайғамбар да жіберді Ол –
«Тура жолға бастасын», - деп.
«Шектен шығып, аспасын», - деп.
«Жан дертіне дауа тауып,
Жаһилдікті тастасын», - деп.
Бәрін-бәрін берді Құдай,
Берді Көк пен Жерді Құдай.
Тау мен Көлді, Желді Құдай,
Ұлт пен Ұлыс, Елді Құдай;
Тіл менен Діл, Ғылымды да,
Бәрін-бәрін берді Құдай!
Атқан Таңмен, батқан Күнмен
Арамызға келді Құдай.
Көрмедік біз бірақ Оны,
Ал Ол бәрін көрді Құдай.
Хақ жолына бұрылсақ біз,
Қайтарған жоқ қолды Құдай.
Сол Тәңірдің нығметін,
Пенделерге құрметін;
Он сегіз мың бұл ғаламды
(Дәргейіне жүгінетін)
Бір тарының қауызына
Сыйдыратын құдіретін;
Барша әлемді бас игізген
Байтақ әмір құзыретін
Біз бағалай білдік пе екен?!
Хақ жолымен жүрдік пе екен?!
«Өмір сүрдік» дегеніміз
Өз мәнінде тірлік пе екен?!
Оның бәрін кім біліпті?!
Кімдер оны жыр қылыпты?!
Жер шары да мәңгілікке
Мекен емес тұрғылықты.
Мәңгі-бақи тұрған Құдай!
Жүрегіме тұнған Құдай!
Жұмбақ Сырдың құпиясын
Біледі оны Бір Жар Құдай!!!
Сенерім де, сүйенерім,
Сенен басқа кім бар, Құдай?!
Рахат ҚОСБАРМАҚ