Тәуба намазы қалай және қай кезде оқылады?

14 қаңтар 2021 51525 0
Оқу режимі

Қате-күнәсі үшін истиғфар етіп, кешірім тілеуді қалаған адам мұқият және бабымен дәрет алып, тәубе ниетімен екі ракағат намаз  оқиды. Себебі, намаз – дұға-тілектің ең ұлығы. Сондықтан, намаз оқып, тәубе сұрау құп саналады. Тәубе – мұстахап намаз.

Әбу Бәкір (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Мен Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Кісі бір күнә жасап қойса, дәрет алып намаз оқып, Алла Тағаладан кешірім сұраса, әлбетте, оның күнәсі кешіріледі деп, «Әрі олар жиіркенішті іс жасаса немесе өздеріне зұлымдық етсе, Алланы естеріне алып, күнәлары үшін кешірім тілейтіндер. Күнәларды Алладан басқа кім кешіреді? Әрі олар істегендерін біле тұра қасарысып жалғастыра бермейді. Міне, солардың қайтарым сыйы – Раббысынан кешірім және астынан өзендер ағып жататын әрі олар мәңгі қалатын бақтар. Амал етушілердің сыйы неткен тамаша[1]» аятын оқығанын естідім[2]», – делінген.

Түнгі нәпіл намаз екі ракағаттан, жұп-жұп етіп төртеу, алтау оқыла береді. Ал, күндізгі нәпіл намаз төрт ракағатты бір сәлеммен оқыса рұқсат. Алайда, екі ракағаттан бөліп оқыған абзал[3]. Абдулла бин Омар (р.а.): «Түнгі намаз екі-екі ракағаттан оқылады[4]», – деп айтқан. Сондай-ақ, тәубе намазын тек екі ракағат оқыса да болады.


[1] Әли Имран сүресі, 135-136 аяттар.
[2] Әбу Дауд, Насаи.
[3] У.Зухайли, Ислам фиқһ энциклопедиясы, 2-том, 82-бет.
[4] Ахмед.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру