ТӘУБЕҢЕ КЕЛ, ЕЙ, ПЕНДЕ!

01 тамыз 2022 7472 0
Оқу режимі

Тәубе ету – күнәлардан бас тарту дегенді білдіреді және тәубе жасаудың өзіндік шарттары бар.

Имам ан-Науауи өзінің «Риадус солихиин» кітабында былай деген: «Адамдардың әрбір жасалған күнәдан кейін тәубе етуі міндет.  Егер адамның күнәсі басқа бір кісінің ақысына қатысты болмаған болса, онда тәубе жасау үшін үш шартты орындау қажет.  Біріншісі – Аллаға бойұсынбаушылықтан бас тарту. Екіншісі – күнә істегендігіне өкіну. Үшіншісі – кейін шынайы ниетпен мұндай істі жасамауға бел буу қажет. Егер осы аталған шарттардың біреуі орындалмаса, жасалған тәубе есептелінбейді. Ал егер де жасалған күнә басқа біреудің ақысына қатысты болған болса, онда жоғарыда аталған үш шартқа, ақысы кеткен адамның ақысын  өтеу  атты төртінші шарт қосылады. Ал егер жасалған қылмыс не күнәлі іс, мал-мүлікке қатысты болған болса, онда мүлік, иесіне қайтарылады да әлгі адам жасаған барлық қылмысы мен күнәлі ісі үшін өкініп тәубе етуі қажет».

Адам баласы болмысынан күнә жасауға бейім жаратылған және ол  күнә мен қателік жасағандығы үшін емес, керісінше сол күнәларды жасаған кездегі қасақана қырсықтығы себепті айыпқа лайық. Егер де адам күнә жасап қойса, бірден тәубе етіп, Алла Тағаладан кешірім сұрауы қажет.

Имам Мүсілім Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят еткен хадисте  Пайғамбарымыз (с.ғ.с) айтқан: «Жанымның Иесі болған Алла Тағаламен ант етемін, егер де сендер күнә жасамағанда, Алла Тағала сендерді күнә жасайтын және Раббысынан жарылқау тілейтін басқа адамдармен алмастырып, есесіне олар Алланың жарылқауына бөленер еді».

Имам Мүсілім Әнас ибн Мәліктен (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла Елшісінің (с.ғ.с)  былай деп айтқанын жеткізді: «Расында сендердің біреуің, сапар шегіп келе жатқан уақытта, үстінде азығы мен сусыны артылған түйесі қашып кетіп, шөл далада жалғыз қалып, түйесін табуға үміті үзіліп, бір талдың көлеңкесіне келіп ұйықтап кетіп, кейін оянып, жоғалған түйесі бүкіл азығымен жанынан табылған кезде, дереу ноқтасынан ұстап: «Уа, Аллам, Сен – менің құлымсың, ал мен – сенің Раббыңмын!» деп, есі шығып қуанғаннан, қателесіп кеткенін білмей қалған пенде  қалай қуанса, Алла Тағала құлының тәубесіне, одан да артық қуанады».

Күнәсі үшін тәубе еткісі келген кісіге Алла Тағаланың тәубе есіктері қашан да ашық. Себебі Алла Тағала, құлының тәубесін өлімі алқымға келгенге дейін қабыл етеді. Сонымен қатар Алла Тағала тек күнәларды кешіріп қана қоймай, бұған қоса, жаман істерді жақсысына алмастырады. Алла Тағала айтады: «Алайда, істеген күнәсіне шынайы өкініп, Аллаға бойұсынуға қайтса (тәубеге келсе) әрі иманға келсе және ізгі амал жасаса, олар басқа. Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады. Алла – өте Кешірімді (Ғафур), ерекше Мейірімді (Рахим)» («Әл-Фурқан», сүресі, 70-аят).

Бұл аятқа қатысты Ибн Касир былай дейді: «Бұл жаман амалдар тәубенің арқасында игілікке айналады.  Әрдайым жүзеге асырған жамандығын есіне алу себепті, мұндай адам шынайы түрде тәубе етіп, қайта-қайта өкінумен болады. Осылайша, күнә Аллаға деген бойұсынушылыққа айналады. Басқаша айтқанда, бұл амал адамның амал дәптеріне жазылады да, бірақ ол – ізгі амалға айналған түрде жазылады. Бұл жайлы сүннетте және әсәрларда айтылған әрі мұны растайтын дәйектер, сәләф салих ғұламаларымыздан да келіп жеткен» (Тәпсір, Ибн Касир).

Ұлы Алла Тағала Пайғамбарына (с.ғ.с) Өзінен кешірім сұрауды бұйырып, былай деді: («Ей Мұхаммад! (Өзіңнің күнәң үшін және иманды ерлер мен иманды әйелдер үшін кешірім тіле» («Мұхаммед» сүресі, 19-аят).

 Әрбір мұсылман, діндегі бауырлары үшін кешірім тілеуге, оларға кеңес беруге, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтаруға міндетті (Тәпсір, А. Сағди). Түндерін намаз оқумен өткізіп, таңсәріде жарылқау тілегендері үшін Алла Тағала тақуа құлдарын мақтап былай дейді: «Олар түннің аз ғана бөлігін ұйықтайтын. Ал таңсәріде жарылқау тілейтін еді» («Зәрият» сүресі, 17-18 аяттар).

Бұл аятардың мағынасына қатысты имам әл-Қуртуби былай деген: «Олар намаз оқып, Алла Тағаладан жарылқау тілейтін». Жаратушы Иемізге мінәжәт жасап, намаз оқуға және кешірім сұрап, жарылқау тілеуге сахар мезгіл – ең абзал уақыт болған соң, иман келтірген тақуа жандар таңсәріде Алла Тағалаға дұға жасап, жарылқау тілейді. Алла Елшісі (с.ғ.с) айтқан: «Кемшіліктен пәк Ұлы Алла Тағала әр түннің соңғы үштен бір бөлігі қалған кезде, дүние аспанына «Алланың рақымы, мейірімі) түседі де айтады: «Кімде-кім Маған дұға етсе, дұғасына жауап беремін. Кімде-кім Менен сұраса, сұрағанын беремін. Кімде-кім Менен жарылқау тілесе, Мен оны кешіремін». (имам Мүсілім жеткізген).

Басқа бір аятта Алла Тағала: «Тақуалық етушілер өздеріне шайтаннан бір азғыру тисе, (Алланы) еске алады да, сөйтіп көзі ашылады (түсінеді)» («Әл-Әғраф», сүресі, 201-аят). Аса Ұлы Алланың жазасын еске алады да өздерін қолға алып, күнәдан тиылады және бұл азғырудың шайтаннан екенін түсінеді (Тәпсір, А. Сағди). Тәубе жасаған кезде истиғфар сөздерінің ең абзалы жөнінде Имам Әл-Қуртуби былай деп айтқан: «Ең дұрысы – Пйғамбарымыздан (с.ғ.с) келіп жеткен жарылқау тілеу дұғаларын қолданып айту».

Шаддад ибн Аус р.а.) Алла Елшісінің (с.ғ.с) былай деп айтқанын жеткізді: «Алладан кешірім сұрап жасаған дұғалардың мырзасы (патшасы) мына сөз: «Иә, Алла, Сен – менің Раббымсың, Сенен басқа құлшылыққа лайықты еш нәрсе жоқ; Сен мені жараттың, ал мен – Сенің құлыңмын, мен Саған берген уәдеме шамам жеткенше бекем боламын. Өзім жасаған зұлымдықтан пана іздеп Өзіңе сыйынамын, Сенің маған жасаған мейіріміңді мойындаймын, сондай-ақ жасаған күнәләрімді мойындаймын, кешір мені, өйткені, расында, Сенен басқа ешкім күнәләрді кешірмейді!» Осы сөздерге адам толығымен сеніп күндіз айтса, сосын сол күннің кешіне дейін қайтыс болса, онда жұмақ тұрғындарының қатарында болады әрі осы сөздерге толығымен сеніп кешке айтса, кейін сол түннің таңына дейін қайтыс болса, онда жәннат тұрғындарының қатарында болады».

Қадірлі оқырман, жоғарыда айтылған тәубеге қатысты аят пен хадистерден тағылым алып, Аллаға сүйікті пенде, пайғамбардың шапағатына лайықты үмбет болып ғұмыр кешуді, өзіме және Сіздерге Алла Тағаладан сұраймын. Сөзімді ағартушы Шәкәрім Құдайбердіұлы айтып кеткен осы өлеңмен аяқтаймын.

Есің барда еліңді тап,
Баратұғын жеріңді тап.
Жаратқанның құлысың,
Жағатұғын ебін тап.

Алла Тағала аманат берген жанымыз кеудемізде тұрған тірі кезімізде, жаратқан Алла Тағалаға жағудың амалын іздеп, тәубеге келейікші.

 

Қабдысалым Рақымқазы
Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы, 

Дереккөз: Muslim.kz

Пікірлер Кіру