ТӘЖДИДТІҢ (РЕФОРМА) РӨЛІ: ДӘСТҮР МЕН ЗАМАНАУИЛЫҚ АРАСЫНДАҒЫ ИСЛАМНЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

08 қаңтар 2025 151 0
Оқу режимі

Тәждид – Исламның әмбебап әрі мәңгілік дін болуына қарамастан, уақыт пен қоғамның өзгеруіне, жаңа жағдайларға бейімделуіне және діни құндылықтарды қазіргі заман талаптарына сай ұсынуға бағытталған маңызды процесс. Сондай-ақ, тәждид дегеніміз – ислам негіздерін өзгерту емес, керісінше оның түпкі қағидаларын заман талабына сай дұрыс түсіндіру және жүзеге асыру болып табылады.

Қазіргі заманның сын-қатерлері – технологиялық өзгерістер, моральдық құндылықтардың құлдырауы, радикализм қаупі сияқты мәселелердің аясында тәждидтің исламдағы рөлі үлкен мәнге ие.

Дәстүрді жоғалтпай, оны қазіргі заман талаптарымен үйлестіру – мұсылман қауымы үшін маңызды міндет. Ендеше, исламды реформалаудың маңыздылығын дәріптеп, берер пайдаларына тоқталайын:

Бірінші пайдасы: Тек қана сыртқы рәсімдерге (формализм) негізделіп қалудың алдын алады. Қазіргі таңда, діннің рухани құндылықтары ескерусіз қалып, тек сыртқы рәсімдерін орындаумен шектеліп келеміз. Ол рас, мысалға: мұсылмандар дін десе көз алдына жаназа намазы, айт намазы, неке қию, жағдайына қарай умра немесе үлкен қажылық жасау секілді рәсімдері көрінеді, бейне бір құлшылық десе тек осы рәсімдерді ғана түсінетін болды. Бұл дегеніміз формализм діннің сыртқы формасымен шектеліп негізгі мақсаты болған рухани құндылықтарды жоғалтуға әкеліп жатыр дегені.

Мұның салдары қоғамымызға ауыр тиіп сенімсіздіктің өршуіне әкеліп соғуда. Адамдардың намаз оқып, артынша әділетсіздік жасауы, басқаларға зиян келтіруі, алаяқтық іс-әрекеттердің көбеюі осының үлкен айғағы. Егер олардың бұл іс-әрекеттері тоқтамаса қоғамда үлкен дүрбелең мен сенім дағдарысына әкелуі мүмкін. Ол кезде өмір сүрудің мәні де мағынасы да қалмайды. Бұл өте ауыр да аянышты, тіпті жылайтын жағдайға әкеледі.

Діндарлық пен адалдықтың негізі туралық пен әділдікте жатыр. Егер дінбасылар мен діндарлар осы екі маңызды болған рухани құндылықтарды сақтамаса, олардың беделі мен ықпалы әлсіреп, адамдардың дінге деген көзқарасы өзгеруі бек мүмкін. Бұл, өз кезегінде, рухани және әлеуметтік дағдарысқа алып келуі әбден ықтимал.

Мұның жалғыз шарасы: Рухани мазмұнды тәждид арқылы күшейту. Яғни, Ахмет Яссауи бастаған Ұлт зиялыларының туралық пен әділдік және басқа да рухани құндылықтары туралы тұжырымдарын адамның ішкі әлемі мен сыртқы қоғам арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталғанын кеңінен дәріптеп насихаттау маңызды. Өйткені, бұл идеялар этикалық өмір салты мен рухани жетілудің негізгі қағидаларын айқындайды. Яссауидің концепцияларын зерттеу арқылы біз ислам мәдениеті мен түркілік дүниетанымның үйлесімділігін түсіне аламыз. Бұл тәждид ішкі кемелденудің маңызды екенін алға тартып, иманның тақлиди (еліктеуші) дәрежесінен тахқиқи (шынайы, мызғымас) дәрежесіне көтереді.

Қорытындылай келе, рухани құндылықтар дегеніміз: Бұл Құранның “Сирата әл-Мустаким” (тура жол) концепциясымен байланыстырылады. Яғни, Аллаға жақындау үшін адамның жүрегі, сөзі және ісі бір болуы шарт дегені.

 

ТӘЖДИД АЯСЫНДА ДІНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАҢАРТУ

Исламда моральдық, әлеуметтік және діни қатынастарды реттейтін үш негізгі қағидаларды ғылыми түрде талдау және көпшілікке баяндау  аса маңызды. Олар: الحب في الله (Алла үшін жақсы көру), البغض في الله (Алла үшін жек көру), الحكم لله (Үкім шығару Аллаға тән).

Егер осы негізгі қағидалар қоғамдық өміріміздің негізгі ірге тасына айналмаса онда алауыздық пен араздық кең етек жаятыны сөзсіз. Бұл қағидалардың перспективалары келесідей:

-Алла үшін жақсы көру- мұсылмандардың бауырмашылдығын арттырып, бір-біріне деген сүйіспеншілігіні күшейтеді.

-Алла үшін жек көру-исламға қайшы келетін әрекеттерден аулақ жүруге бағыттайды.

-Үкім шығару Аллаға тән-Алланың әділдігі барлық нәрсені орын-орынына қоятынын, үкім шығаруда теңі жоқ екенін білдіреді.

Осы ұстанымдарға мән-маңыз берілмесе адам баласы әділдік жасаймын деп зұлымдық етеді.

Үлгі аларлық екі мысал келтірейін:

Біріншісі, Алла үшін жек көру ұстанымына мысал: Бір соғыста имам Әли (р.а) бір кәпірді жерге алып ұрады. Қылышын суырып шаппақ болғанда әлгі кәпір оған түкіріп жібереді. Сонда ол кәпірді шаппай жібере салады, өлтірмейді. Әлгі кәпір одан:

- Мені неге шаппадың?,-деп сұрайды.

- Сені Алла үшін шабайын деген едім, бірақ сенің түкіруің ызамды келтірді. Нәпсім араласқандықтан ықыласым бұзылды. Сондықтан сені шаппадым дейді. Әлгі кәпір оған:

- Сені ашуландырсам тезірек өлтірер деп ойладым. Шынымен діндерің осыншама таза, пәк болса, онда ол дін-нағыз Хақ дін дейді.

Екіншісі, үкім шығару Аллаға тән ұстанымына мысал: Бірде сот қызметіндегі қазы ұрының қолын ашулана шауып тастайды. Мұны байқап қалған әділ төраға оны қызметінен босатады. Оның себебін: ол шариғат атынан, Алланың заңы үшін шапқан болса, қайта оған жаны ашуы керек еді. Жүрегін ашу қыспай, бірақ аяушылықта жасамай бұйрықты орындау керек еді. Демек, бұл үкімге оның нәпсісі де араласып, жүктелген істі әділ орындай алмады-деп түсіндіреді.

Бұл негізгі үш қағидаларды мәдени антрапологиялық, психологиялық және социологиялық тұрғыдан жан-жақты талдау маңызды. Себебі, бұл ұстанымдар діннің құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде негізгі механизмдік қызметтерді атқара алады.

Темур АМАНҚҰЛ

Пікірлер Кіру