ТЕМІРҒАЛЫ ТҮЙТЕҰЛЫ НҰРЕКЕН (1856- 1919)

12 қыркүйек 2023 2127 0
Оқу режимі

Қазақ тарихында есімі алтын әріппен жазылған талай тау тұлға бар. Соның бірі - Темірғалы Нұрекен. Ол ұлтының келешегі, қазақ халқының болашағы үшін биік мінберлерде сөз сөйлеп қана қоймай, нақтылы істерімен ел есінде қалды. Патша үкіметі тұсында қазақ жерінде мешіттердің көптеп бой көтеруіне, қазақ балаларының сауат ашып, оқып-білуіне барынша жағдай жасаған жан. Руы Уақ, Кенебай бидің табынан.

 Темірғалының атасы Нұрекен де, өз әкесі Түйте де атақты адамдар болған. Нұрекен би (Нұрмұхамбет, ел аузында Нұреке, Нұрке қажы деп те аталып кеткен) шамамен 1799 – 1874 жылдары өмір сүріпті. Ол елге сыйлы, дәулетті адам болған. Оның атасы Кенебай би Төле бидің қызына, әлде қарындасына үйленген, алысқа жүріп-тұр­ған беделді адам екен. Нұрекеннің өзі елінің болашағын ерте ойлап, туған жұртын өрке­ниет жолына бастаған өрелі елағасы. Меккеге барған алғашқы қазақтардың бірі – Нұрекен қажы деген қазақ жұртына тарап кеткен қалыптасқан ұғым бар. Бұл, әрине, бұған дейін қазақтардың ішінен басқа ешкім қажыға бармаған деген сөз емес.

Өткен ғасырлардағы белгілі сөз шебері, шежіреші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мына­дай нақты мәліметтер келтіреді: «...Қазақ қазақ болғанда, бұл қазақта қажыға ілкі бастап барған Уақ Нұрекен бай. Тоқал қаты­нымен барып, төрт жыл жолаушылықпен жүріп, бесінші жылда қайтып, аман-есен еліне-жұртына келген». Бұған қоса, Нұре­кен қажының Меккеде қазақтарға арнап қонақ­үй салдырған абыройлы ісі де ел аузында жиі айтылады.

Темірғалы - жомарт болған жан. Дін жолындағы қарызын қажылыққа Меккеге барып өтеген. Балаларын, ауыл-аймақтағы жасөспірімдерді оқытқан, қол ұшын берген, қажетті жәрдем-көмек еткен.

Ресейдің екінші Думасына депутат сайлау науқаны басталғанда шараға Темірғалы Нұрекен жалғыз түсіп, сайланған. ІІ Мемлекеттік Дума өз жұмысын 1907 жылғы 20 ақпанда бастады. 1907 жылы 3 маусымда ІІ Мемлекеттік Дума таратылды. Сонда ІІ Мемлекеттік Дума небәрі 5 ай шамасында ғана өмір сүрді. ІІ Дума жұмысынан Патша үкіметі өзінше «тәжірибе» жасады. Ендігі жерде Мемлекеттік Думаға қазақ елінен депутаттар сайланбайтын болды. Сөйтіп, Дума жұмысына содан бері қазақ жұртынан депутат бүгінге дейін сайланбай келуде.

Орыс патшалығы дәуірінде қазақ даласындағы барлық жарамды, сулы, нулы, өзен бойларының бәрі қазыналық жер болып есептелген. Қазақ халқы жерсіз қалды. Бұл жұрттың жаппай наразылығын тудырды. Осы жағдайдан Алаш партиясы өсіп шықты. Жер - қазақтың ең басты құндылығы. Жерсіз қалған елдің ешқандай келешегі жоқ. Біз қазіргі кезде жерсіз қалған кейбір жұрттың аяғын құшатын жағдайға келдік. Екіншіден, қазақ жұртының билігі толығымен отаршылардың қолына өтті. Қазаққа қалғаны - болыс болу не ауылнайлық қызмет. Оның өзінде болыстың қолында айтарлықтай билік болмады.

Мәшһүр Жүсіптің «Болыс болдым дегенше, орыс болдым десеңші» дегені осы. Хакім Абай болыстық қызметке мынадай мінездеме берген. «Ұрысса орыс, елге болыс, үйден үрген итке ұқсап» деген.

 Уезд бастығы, губерния бастықтары, сот құқықтық органдарына қазақтарды жолатпаған. Халыққа білім беру мәселесі мен дін мәселесі шешілмеген. Керісінше, ислам дініне қысастық жасалып, шоқындыру, орыстандыру әрекеттері жүре бастаған. Осы мәселелер халықтың, әсіресе зиялы қауымның, байлардың, мырзалардың, жақсы адамдардың ашу-ызасын келтірген. Бұның алдындағы Дулат, Шортанбай жырлаған зар-заман шындыққа айналып, халық рухани күйзеліске түскен.

Басқа амалы қалмаған қазақ зиялылары Қоянды жәрмеңкесінде ІІ Николайға арналған петиция жазып, өз қолдарын қойған. Петицияны жазуға Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жақып Ақбаев, Темірғалы Нұрекен белсенді атсалысқан. Осы жұмыста ұйымдастырушылығымен және тікелей авторлығымен көзге түскен - Темірғалы мырза.

Ол 1905 жылы 22 шілдеде петицияның бір нұсқасын орыс тіліне аударып, Ішкі істер министрінің атына жіберген. Петицияның бұл нұсқасы барынша толық еді. Ол 47 тармақтан тұратын.

 

Аударманың көшірмесі.

Ішкі істер министрі мырза!

 

 Семей облысының Қарқаралы, Семей, Павлодар уездерінің қазақтары атынан. Сіздің жоғары аса дәрежедегі жарлығыңыздан соң төмендегі біздің петициямызды заңды тәртіппен бекітуіңізді сұраймыз. Петицияның мәтіні:

1) Қазақ халқының аты мұсылман қазақ деп аталып әскери міндеттен босатылсын.

 2) Қазақтарды Орынбордың рухани жиналысына бағындырып, 1868 жылға дейінгі ережелерді қолданып, қазан мұсылмандарының тәртібіне сәйкестендіру керек.

3) Қазақтарға мешіт, медресе салуға рұқсат керек. Құдайға құлшылық етуге еркіндік болсын. Ол жерлерде арабша, парсы және түрік тілінде сабақ беруге, газет және кітаптар шығаруға, баспахана салуға рұқсат берілсін.

4) Қазақ халқын басқаратын адам қазақ тілін білулері міндетті. Оларды тағайындау немесе орнынан алу мәселесі қазақ қоғамының өкілінің таңдауымен болуы шарт. Бүгінгі шаруа бастықтарының орнына халықтың арасын бітістірушілерді заңдандыру керек. Бұл қызмет қазақтардың  ішінен жеткілікті білімді қырғызды тағайындау қажет.

 5) Барлық қазақ істері қазақ диалектісінде жүргізілуі міндетті. Хат жазушы, күзетші, хаттарды таратушылары тегіс тек қазақ тілін білетін адамдардан тағайындалсын.

 6) Болыс басқарушысы, халық соты, ауыл старшындары және сайлауға қатысушылар бүгінгі ережеге сай жүргізілсін. Бұл қызметтегі адамдар өздері сауатты адамдар болуы, олар ол қызметке кірісер алдында өз қызметінде заңсыздыққа жол бермеу үшін ант берулері керек. Олардың бұл қызметтен кетуіне тек халықтың көпшілігі дауыс бергенде ғана рұқсат етілсін.

 7) Бөлімшелік ара бітістірушісі қазақ тілін білсін, сонда аудармашының қажеті болмайды.

8) Тергеу жұмысы жүріп жатқан кезде айыпталушы жағынан қорғаушы қатыссын.

9) Округтік соттың жанында сот ісіне қатысып отыратын қазы болуы шарт.

10) Тергеусіз және соттың шешімінсіз әкімшілік жолымен жер аудару тыйылсын.

11) Қазақтың  халық соты Заң министрлігіне ғана бағынсын.

 12) Халық сотынан, Бидің билігінен алып, мұрагерлікті толығымен молда мен шариғатқа бағындырсын.

13) Сайлаудан өткен қызмет орнын бекітерде әскери Губернаторға ұсынбас бұрын сайлауға қатынасқан бастықты бекітуге жіберілгелі отырған адамды Ахунмен ақылдасуы тиіс.

14) Қазақ халқынан өз еріктерімен беретін садақа мен айыпталғаны үшін түсетін қаржы әкімшіліктің нұсқауымен емес, халықтың өзі бөлгендері дұрыс болар еді.

15) Ертіс бойындағы жерлер ерте заманнан қырғыздардың ата қоныстары болып есептелген, кейіннен әскерлердің пайдасына берілді. Сондай-ақ басқа мәртебелінің кеңсесіне қарасты қазақтардың пайдалануына берілген жерлер сол қазақтарға атақонысы ретінде мәңгілікке берілсін.

16) Қазақтардың қыстаулары және жаз жайлаулары бұрынғы салт бойынша олардың меншігінде қалуы тиісті.

17) Қазақтың  таулы даласында ашылған қазба байлықтары олардың өз меншігі болуы, ол жерде салынатын заводтар қазақтардың өзінікі болып есептеледі. Егер де олар өздері оны өндіруден бас тартса сонда ғана басқа адамдарға жалға беруге болады. Бірақ олар әр десятинасына жалдау ақысын төлеулері тиіс.

18) Қазақтар ағаштарды қажетке жарату, балық аулау тағы басқа да құқықтарға рұқсат етуді талап етеді.

19) Қазақтар  тұрған жерлерге таяу орналасқан тұзды және балығы бар көл де солардың меншігіне қалдырылсын. Ол көлдерді жалға беру уездің өкілдерінің сенімділерінің біріне тапсырылсын.

20) Тұзды және балық аулайтын көлдердегі жалға беруден түсетін қаржыны бүкіл уездің қажетіне жұмсау үшін арнаулы салым-қаржы депозит есеп шотын ашу керек. Қоғамның келісіміне сәйкес бұл қаржы астық қорын дайындауға жұмсалады.

21) Қазақ халқының діни адамдарын қамтамасыз ету Қазан мұсылмандарымен теңелуі тиіс.

22) Қажылыққа баруға шек қойылмасын, еркіндік берілсін.

23) Қажылыққа барған кезде билет-паспортпен пайдалану тәртібі православтармен бірдей дәрежеде болсын. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.

24) Қазақ халқының ішіне миссионерлердің баруына тыйым салынсын.

25) Қазақтардың, әсіресе кәмелетке толмаған жастардың басқа дінге өтуіне тыйым салу керек. Ал басқа діннен мұсылман дініне өтемін деушілерге егер олар сауатты болса рұқсат ету керек. Христиан дініне өткендер болса, ескі салтты орындауға мәжбүр етілмесін.

26) Некеге отыру немесе айырылысу мәселесін губернатор мен уезд бастықтарының қарамағынан шығару керек.

27) Әкімшілік мұндай іске кіріспесін, ешқандай мәлімет сұрамасын.

28) Мешіт пен медресенің пайдасына «Вакуфқа» рұқсат етілсін.

29) – 30) Қазақтар православниктер сияқты Империяның қай уезінен, облысынан, губерниясынан болмасын жер алуға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерде істеуге құқығы болсын.

31) Діни адамдар православяндар сияқты құрметті болсын.

32) Мектептерде міндетті түрде мынадай шарт орындалуы керек: Алдымен қазақ   оқушыларына мұсылманның діни сабақтары оқытылады, кәмелетке жеткендерге діннің бес негізгі шартынан сабақ беріледі, ал одан кейін ғана орыс тілінен сауатын ашу сабағы жүреді. Мектепті бітіргенге дейін мұсылман діні сабағы негізгі болып есептеледі.

33) Мектептерде христиан діні туралы сабақ оқытылмасын.

34) Таяудағы бастықтардың қол астындағы қырғыздар туралы жоғарғы бастықтарына өсек, мәлімет жеткізу олардың ісіне қарсылық көрсете алатын қырғыздарға хабарлау міндеттелсін. Өйткені осыған дейін қазақтар туралы мәліметтерде: қазақ – ұры, қазақ – пәлеқор, қазақ – өтірікші, қазақ – жалқау, тағы басқа да теріс ой тудыратын өсектер арқылы қазақтың байлары мен кедейлерінің арасына от жақты. Шындығында, Патшаның қоластындағы халықтың ішінде қазақ халқы – көнбіс, күй талғамайтын, шыдамды, бәрін кешіре білетін, кек сақтамайтын, өте жоғары дәрежеде қарапайым шын ықыласымен Патшаға бағынған, әркезде оның діни әрекеттеріне ғана қарсы шығатын халық.

35) Жаңа ереженің жобасын жасап жатқан жиынға қазақтардың өкілетті депутаты қатынасуы керек.

36) Қазақтар туралы мәселе мемлекеттік кеңесте қаралғанда қазақтың депутаты қатынасуы шарт.

37) Жоспарланған жоба 100 жылға бекітілсін.

38) Соңғы 20 жылда қазақтардан тартып алынып жер аударылғандарға берілген жерлер қазақтардың басшыларына қайтарылсын.

39) Ал олар салған құрылыстардың құны Земствоның қаржысынан қайтарылсын.

40) Өткен Патшалар сый­ла­ған,кейіннен тартып алынған жерлер атақоныстардың иесіне қайтарылсын. Бұл жерлер қазынанікі немесе жекеменшіктікі болады.

 41) Ұлы тақсыр Император салғызған бұрынғы мешіттер мен медреселер ескірді. Оларды жөндеуден өткізу керек немесе жаңадан салу қажет. Сол арқылы біздің ұлы монархқа деген құрметті күшейтеміз.

42) Түземдік әкімшіліктерде өзара қазақтардың арасында жауласу болмас үшін төмендегілер орындалсын: «Егер бір болыстың партиясына қарсы жағы ашуланса, онда сайлауға түсетін жаңа қызметкерді басқа көршілес болыстың адамымен ауыстыруы қажет. Сайлану құқығынан айырылғандармен сайланушының саны теңелсін. Сайлауға түсетіндер жеребеге сәйкес тең мөлшерде әрбір болыстан шақырылсын. Бұл съезде партияға бөлінген болыстан ешкімді кіргізбеу қажет. Сайлауға шақырылғандарға жұмсалған шығынды партияға бөлінген жақтарына төлетуді бастығы шешсін. Сайлауға түсетіндердің ісімен бастығы ол сайлауға түспей тұрып танысуы керек. Съезге ол партияның жақтаушылары да қатыстырылмасын. Мұндай бөлінгендерді болдырмау бөлім-шенің бастықтарының және Ахунның міндеті. Сайлау кезінде Ахундар да қатынасулары қажет.

43) Ұрлық және тағы басқа да лайықсыз істерді халық сотының төтенше съезінде қарауға жүктеген дұрыс. Оны түрмеге жабу құқығын азайтып, жер аудару құқығын көбірек қолданатын құқық берілсін.

44) Төтенше съезді жылына бір рет шақыру құқығы берілсін. Съезді өткізетін жері, уақыты және қанша күн бөлімшелердің бастықтарының жиналысында белгіленсін. Бұл съезде бастықтары және Ахуны қатынассын.

45) Бидің, болыстың съезді 100 рубльге дейінгі істі шешсін, үш айға дейін тұтқындау құқығы болсын. Өйткені келіспейтін жағы істі төтенше съезге беруіне уақыт керек.

46) Әр болыста алымды жинайтын адамдар сайлануы тиіс, шариғатқа сәйкес қозғалыстағы дүние мүлкінен алынатын процентті белгілі (зекет, готур, пітір) басқа да міндетті алымдар, кедей отбасының оқушыларына төленеді.

47) Кісі өлтіргені үшін заңды соттаудан басқа олардан салт бойынша кұн өндіру (төлету) қажет. Егерде өлген адамның (каторгаға жіберген) туыстарының тұрмыстары нашар тұрса, онда оған көмек қазына есебінен беріледі.

Қол қойғандар:

Семей облысының Павлодар уезінің Атағозы болысының қазағы Омархан молда Мусафыров,

Семей уезінің Сейтенев болысының қазағы  Темірғали Нороконов,

Қарқаралы уезінің қазағы  Едрей болысы Апық Жолшарин.

Қазақ  тілінен орыс тіліне аударған - Темірғали Нороконов.

Бұл петицияға 14500 адам қол қойды. Бірақ осы петицияны патшаға жеткізу өте қиыншылық туғызды. Пошта петицияны алмаған. Сондықтан Әлихан Бөкейхан бұл петицияны Петерборға жақын жердегі пошта арқылы алғызып, содан барып петиция жеріне жетеді.

Темірғалы Түйтеұлы Нұрекен 1919 жылы 63 жасында дүниеден озды.

 

Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

 

 

 

Пікірлер Кіру