ТІЛІҢЕ ИЕ, СӨЗІҢЕ АБАЙ БОЛ!
Алла Тағала жұмыр басты пендесіне тіл мен ақыл беріп өзге мақұлықтардан артық қылды. Сондай-ақ әрбір дене мүшемізді көркемдікпен жаратып, оны аманат етті. Соның бірі тіл.
Тілімізбен талай дүниенің басын қайыра аламыз. Сөздің ең асылы Алланыңкі болса, ал ұрымталы-орынды айтылғаны болар. Ата-бабаларымыз асқан ақыл, шұрайлы тілмен соғыссыз-ақ талай дауды ұтқыр шешіп, талай жаудың бетін қайтарған емес пе?
Сондай-ақ кері қайтара алмайтын бір-ақ нәрсе бар. Ол-ауыздан шыққан сөз. Көңіл-күйге қарай астасып, сөз де сондай не ащы не тәтті болып шығады. Мұны халық даналығы "Бал тамған тілден у да тамар" деп түйеді.
Пенденің жүрегі қазанда қайнаған ет секілді аунап, тұрақты тұрмайтыны белгілі. Сол себепті халқымыз адамның тілін жүрегінің шөмішіне балаған. Қазаннан не ілсең, шөмішке сол түседі. Яғни дертті жүректен кесірлі ауыз қалыптасады. Ал "кесірлі ауыздан кесапатты сөз шығады", Адам көңілі азады, тілінен жазады", "Басқа пәле тілден", "Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі", "Аз сөз-алтын"-деген секілді.
Айтылған сөз, атылған оқпен бірдей. Адамды өлтірмесе де, жан дүниесін құлазытады. Мұндай ауыр сөздер ауада еріп кетпейді. Ол адамның амал дәптеріне тізбектеліп жазыла береді екен. Бұл жөнінде Алла Тағала құранда былай дейді "Оның оңынан да, солынан да екі байқаушы отырады. Аузыңнан бір-ақ сөз шығарса-ақ алдыңда аңдушы дайын". (Каф.17-18 аят)
Өкінішке орай бүгінде өсек айтпайтын, біреудің сыртынан ғайбат сөйлемейтін ауыз кем де кем болар. Кейде пендешілікке салынып, екі-үш әйел бас қосып қалса өсек айтатыны болады. Ал, қу басының қамы үшін жалған айтып, онысын өнер санайтындар жетіп артылады. Тіпті өзгенің кем-кетігін түгендеп, бар-жоғын айтып тілге тиек ету де қалыпты жағдайға айналған. Осы орайда өсек пен ғайбаттың айырмашылығы бар.
Өсек (нәмимә)-бір кісінің жағдайын, екінші адамға жаман мақсатта айту. Ал ғайбат-кісі сыртынан қажет болмаса да оның кемшілігін айту. Мұның екеуі де үлкен күнәға жатады.
Мәселен мына төмендегі жағдайлар ғайбатқа итермелейді екен.
1) Тақуалықтың жоқтығы
2) Көреалмаушылық, қызғаншақтық
3) Өзін басқалардан жоғары санап, өзгені кемсіту
4) Ашуын басу үшін болған жағдайды басқа біреуге айту.
5) Келемеждеу, жағымпаздану
6) Өзгені аяғансымақ болып, оның басына түскен жағдайды сөз ету.
7) Алла үшін жеккөрген болу.
Сондай ақ орынсыз қалжың да ғайбат болып саналады екен.
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тілдің қатері жайында және тілге ие болу керек екендігі жөнінде көптеген хадис шәрифтері жеткен. Мысалы: "Адам баласының ең көп қателігі тілінде" Хадис (Хатыйб риуаят етілген Сатих), "Менің үмметімнің ең жаманы бос сөз сөйлейтін мылжыңдар, көп мақтанып сөйлейтін мақтаншақтар және паңданып сөйлеушілер" Хадис (Сахих Бұхари) деген екен.
Сондықтан да тілімізге ие болып, аузымыздан шыққан әрбір сөзге абай болу керек. Күнәлі істерден арылып, Алланың разылығын іздеген жөн!
Жазира ТУЛЕШОВА