«Түзетпек едім заманды...»

24 тамыз 2018 11049 0
Оқу режимі

Саясаттың сан қырлы жақтарын сөз етіп басшы мен биліктен мін іздейтін жандардың қарасы көп. Бірақ, шен мен шекпен жамылғандардың мына сіз бен біз сияқты анадан туғанын, олардың осы орынға аяғы аспаннан салбырап түспегенін сол көп ескере бермейді. Демек, басшыдан кеткен кінәратты алыстан іздеудің қажеті жоқ екен. Ол мына сіз жұтқан ауаны жұтып, сіз сүрген қоғамда өмір сүріп жатыр. Басты мәселе – қоғамда. Парақорлық – елімізде өршіп тұрған, іріңі бетіне шыққан дерт сынды. Билік басындағылар қазынадан миллардтап қылғытып жатса, сіз де там-тұмдап әліңізге қарай жүз- екі жүз мыңдап жұтып жатырсыз. Жұтпасаңыз да біреудің тамағын солай тығындап, дегеніңізге жетуге тырысып жатқан жайыңыз бар. Айырмашылық нөлдерінде ғана болып тұр, бірақ екеуі де – түбі жақсылыққа апармайтын қылмыс. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сондықтан да: «Қандай болсаңдар, солай басқарыласыңдар», – деп, он төрт ғасыр бұрын осы бір ақиқатты соқырға таяқ ұстатқандай етіп айтып кетпеді ме?! Осыдан-ақ әлемді өзгертемін деген адамға көп нәрсенің қажет емесін, ең әуелі өзін түзеуі шарт екенін аңғарамыз.

 Мектеп жасындағы қыздардың жүкті болып қалуы, қоқыс пен дәретханадан балалардың табылуы сынды жайттардың елімізде көптеп орын алғаны соншалық – қоғамды селт еткізер жаңалық болудан қалды. Біреудің отбасы шайқалса, қоқыстан сәбилер көптеп табылып жатса, қала берді ғұмырлары жатырдан арыға бармай өз аналарының «қолымен» өлім құшып жатса – оларды кінәлаймыз. Бірақ, оған итермелеп жатқан фактор не? Ар-ұятын қорғаған қыз көрсе ақырзаман дінмен келердей байбалам салатын көпшілік еңкейсе әуреті көрінетін, бір қарыс матаны киім қылған қыздарға тыйым салды ма екен? Мүмкін, ол қыздың осылай тағдырдың тоқпағын жеп, жаза басуында сіздің де үлесіңіз бар шығар. «Қазақтың қыздары орамал тақпаған» деп өзеурейтіндер қазақтың әйелдері өлім-жітімде ғана шашын жайып қара жамылғанын, ал бір бала туғанда арнайы кішігірім той жасап, баланың анасына кимешек кигізу дәстүрін жасағанын біле ме екен? Әуретін жабу, сұлулығын сұқ көз бен сөзден қызғану – ұятты  іс, ал түбі сәбилердің, отбасылардың, қоғамның бақытсыздығына апаратын ашық-шашық киіну арлының ісі болып саналғаны ма? Жаман пиғыл мен жаман ойдың тұтануына себеп болып, қала берді ер азаматтарды белсіздікке ұрындыратын «заманауи» киімді есі дұрыс адам қалай жақтасын? Елімізде белсіздікке ұшырағандардың саны күрт артқан. Тарих беттерін парақтар болсақ, қазақтың әр шаңырағында он баладан болған және бұл қалыпты жағдай болып есептелетін. Ал, қазір біз төрт баланы «көп бала» деп шарқ ұрып жүрміз. «Мұндай құлдырауға не себептен тап болдық?» деген сауал кез келген «ұлтым» деген адамды толғантуы шарт. Дұрыс тамақтану өз алдына, «жаңашылдық» деп жалаңаштанған арулардың жатырларын суық қармағандықтан өздеріне ғана зиян тигізіп қоймай, жоғарыда біз атап өткен дерттің тікелей себепшісі болып отыр. Атақты дәрігердің «Ашық киінген әйел кездесуге шығу арқылы бір еркекті ғана бақытты етеді, он еркекке көр қазады» деген сөзін ескерсек, кез келген есті адам өзгелерге пайдасы тимесе де, зияны тимейтін жағын қарастырғаны жөн. Соны білген бабаларымыз бой жетіп, бетінде қызылы көріне бастаған қызды көлденең көз бен сөзден қорғап бақпады ма?! «Еркек үшін атамекеннің тыныштығы, ата-баба әруағы, ақ некенің беріктігінен артық намыс жыртатындай не бар?» (Ә.Кекілбаев). Еркек үшін иманнан кейін тоғыз ай, он күн көтерген, тар құрсағын кеңіткен анасының, бір жатырға сыйған қарындасы мен әпкесінің абыройынан құнды не нәрсе болуы мүмкін? Өзіміз үшін бағасы артық нәрсені сырт көз сұқтансын дегендей жалтыратып қойғанымыз ақылға теріс іс емес пе?! Ал, қыз балалардың бар қазақтың жігітін былай қойғанда, өз ағалары мен інілерін ауруға итермелеп, хайуани инстинкті ғана қоздыратын қысқа киімді «сән» деп киюі қаншалықты дұрыс?!  Ақылы орнында болған кез келген есті адам ақ пен қараның ара-жігін парықтауы тиіс. Мұндай рухани құлдыраумен ұлтымыздың маңдайын күн сипамасы белгілі. Бақыттың бесігінде тербеліп өмір сүргісі келетін адам мен қоғамға қойылатын шарт бар. Ол – өзіңе қалағанды өзгеге де қалап, өзіңе қаламағанды өзгеге қаламау. Шынайы әділдіктің шыңы да осы.

Қаузасаң қоғамда қордаланып қалған мәселе көп. Оның оң шешім алуы да сізге тікелей байланысты. Өйткені, теңіз тамшыдан құралады. Орыстың атақты жазушысы Лев Толстой: «Мен ақымақ болып әлемді өзгерткім келді, бірақ ақылым кіріп өзімді түзедім», – деген екен. Аңдай білген адамға азық боларлық есті сөз. Ендеше, әлемді өзгерткің келсе, өзіңнен баста!

Шынәділ Салтанат

Пікірлер Кіру