«ҰЛДЫ БОЛДЫҢ - ҚҰЛДЫ БОЛДЫҢ!»

28 қазан 2024 719 0
Оқу режимі

Ерте де Мақаш деген елге сыйлы кісінің әйелі жеңілденіп, ұл туыпты.

Төңіректегі бай-мырзалар алдымен келіп құтты болсын айтса Мақаш оларға ашылып сөйлеспепті. Оң қабақ беріп, қуанған түр де танытпапты. Әлгі мырзалар өкпелеп аттанып, жолай Жантұрған биге кездесіп:

– Біз Мақаштың қуанышына құтты болсын айтып едік, «әмин» дегеннен басқа шешіліп ештеңе демеді. Тіпті жаратпаған сыңай танытты, – депті.

– Сендер маған еріп жүріңдер. Құтты болсынды мен айтып көрейін – дейді Жантұрған би.

Барлығы Мақаштың ауылына келеді. Үйге кіріп жайғасып, амандық сұрасқан соң:

– Уа, Мақаш! Ұлды болдың – құлды болдың. Балаң – адал сүт емген болсын! – депті би.

– Әумин! Айтқаныңыз келсін! – деп Мақаш қуанып жадырап қалады.

Жарасты әңгіме басталады.

Сөз арасында мырзалардың біреуі:

– Мәке, сіз, бірінші келіп жақсы-жақсы тілегімізді айтқанда шырай бермей шығарып салып едіңіз.

Мына Жантұрғанның екі ауыз сөзіне құлай кеткеніңіз қалай? – деп сұрапты.

– Е, жігіттер, сендер маған «балаңыз өмірлі болсын, ғұмыр-жасы ұзақ болсын, дәулетті болсын, би болсын, бай болсын, ғалым болсын!» деп құттықтадыңыздар. Өмірде бидің де, байдың да, ғалымның да залымы болады. Ұлым жауыздық жолына түсіп кетсе оның ұзақ өмір сүргенінен не пайда? Билігінен не пайда? Байлығынан не пайда?

Мына Жантұрған «ұлды болдың – құлды болдың» -деді. Баланы туған соң бетімен жібермей құлша жұмсап шаруаға үйрету керек. Адал еңбекпен ғана нанын тауып жесе адам болады. Ата-анасының үлгісін алған бала азбайды. Адал сүт емген деп соны айтады. Бидің тілегі көңіліме қонды – депті Мақаш.

 

Райхан МАТАЕВА

Пікірлер Кіру