ҰЛЫҢА МЫНА ҚАҒИДАНЫ ҮЙРЕТІП, БЫЛАЙ ДЕ...

18 мамыр 2026 125 0
Оқу режимі

Ұлыңа адамның қадірі мен беделін сақтайтын мына 21 қағиданы үйретіп, былай де:

Адамның абыройын түсіретін нәрсе көп, содан сақ бол:

1. Қолмен ойнап-қалжыңдасудан сақтан. Бұл адамның көркін кетіреді. Қалжыңдасаң да, сөзбен, орнымен қалжыңда.

2. Киімің қымбат болуы шарт емес, бірақ таза болсын. Үстіңнен жағымды иіс шығып, демің таза болғаны жөн, әсіресе адаммен сөйлескенде не жақындағанда.

3. Лайық емес адаммен дауға түспе. Олай етсең, өзіңді оның деңгейіне түсіресің. Кейде елемей кету — өз қадіріңді сақтағаның.

4. Ер адам әйелмен ұрыспасын, әйел кішкентай баламен жанжалдаспасын. Бұл адамның абыройын аласартады.

5. Өзіңді өзгемен салыстырма. Іші тоқ адамды салыстыру шайқалтпайды, ол өзін ешкімнен кем сезінбейді.

6. Біреу сөйлеп отырғанда сөзін бөлме. Тек аса қажет жағдайда ғана, рұқсат сұрап барып сөйле. Бұл — әдеп пен парасаттың белгісі.

7. Сұрамаған адамға ақыл айтпа. Немесе оның қабылдайтынын сезсең ғана айт. Кей адам қабылдамай тұрғанын сөзімен емес, жанарымен білдіреді.

8. Өзіңе қойылмаған сұраққа жауап берме. Орынсыз сөйлеу адамның салмағын кемітеді.

9. Егер сөзің үнсіздіктен артық болмаса — үндеме. Аз сөйлеген көп үйренеді, көп тыңдаған көп түйеді.

10. Көп шағымданба — ақшаға да, қайғыға да. Үнемі мұңын айтып жүретін адамнан жұрт та қашқақтайды. Өзіңді де төмендетпе, өзгені де мезі етпе.

11. Уәдеңде тұр. Уәде — ер азаматтың айнасы. Сөзінде тұрмайтын адамның ел алдындағы қадірі болмайды.

12. Жұрт отырған жерде жатып ұйықтама. Егер мәжбүр болсаң, етпетіңнен жатпа, бұл жарасымсыз көрінеді.

13. Ешкімді сыртынан жамандама, ғайбат сөз айтпа. Сонда адамдар саған сеніп, қасыңда өзін еркін сезінеді.

14. Өзіңді ешкімге күштеп таңба. Сені қалайтын адамға жақын бол, қаламайтын жанға қадіріңді түсіріп жабыспа. Үндемей кеткен де — бір парасат.

15. Мінезсіз еруші болма. Өз ойың болсын. Біреуді жұрт жамандап жатыр екен деп, сен де қосылып кетпе. Әр нәрсеге ақылмен қара.

16. Біреудің жауымен сен де жауласпа. Әркімнің өз қарым-қатынасы, өз есебі бар.

17. Міндетіңді мақтау күтпей атқар. Адамды сөз қылғаннан гөрі, үндемей жақсылық жасаған абзал. Жақсылықты Алла ұмытпайды.

18. Шын ниетпен кешірім сұраған адамды кешіре біл. Кешіре алу — үлкендіктің белгісі.

19. Қаралы жерде күлме, қуанышты жерде қабақ шытпа. Әр ортаның өз әдебі бар. Адамның парасаты — орнын білуінде.

20. Қателеспесең, орынсыз кешірім сұрама. Бұл өз қадіріңді түсіреді. Ал қателессең, арсыздықпен не бейпілдікпен қателеспе, кейін өзің ұялатындай болма.

21. Көп қарыз сұрай беруден сақтан. Үнемі біреуден ақша не ұсақ-түйек сұрай беретін адамнан жұрт жалығады. Тек өте жақын, кеңпейіл адам болмаса, өзгені мазалама.

 

Abdulakhad Smanov

Пікірлер Кіру