ҰРПАҒЫНА ҰЛЫ ҚАЗЫНА ҚАЛДЫРҒАН - МӘШҺҮР ЖҮСІП КӨПЕЙҰЛЫ
Бабалар мұрасын жинауға бүкіл өмірін арнап, оны көзінің қарашығындай сақтап, өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдырған тұлғалардың бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ол Баянауыл өңірінде 1858 жылы дүниеге келген. Жасынан тілге шешендігі, алғырлығы, зеректігімен танылған. Бала Жүсіптің осы қабілетін байқаған атақты болыс Мұса Шорманұлы «Мәшһүр» деген атты қосып береді. Содан кейін «Мәшһүр Жүсіп» атанады. Ол 15 жасына дейін Камараддин хазіреттің медресесінде білім алды. Камараддин хазірет болса, Абайдың да ұстазы екені белгілі. Мәшекең кейін Бұхарада білім алып, араб, парсы тілдерін жетік меңгереді.
Мәшһүр Жүсіп өмірін сөз жинауға, кейінгіге сөз жазып қалдыруға арнады. Ол ел арасында айтылып жүрген хандардың, билердің, шешендердің сөздерін жинақтап, ауыз әдебиетінің небір үлгілерін хатқа жазып қалдырды. Сөз өнерінің, шешендіктің маңызын жете түсінді. Сондықтан да өз жазбасында «қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты, я кескінді суреттер болсын, қандай әдемі ән, күй болсын, сөзбен сөйлеп, суреттеп көрсетуге болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» деді. Осы тұрғыдан келгенде оның қазақ әдебиетіне қосқан үлесі зор.
Ақындық шеберлігін асыл дініміздің құндылықтарын насихаттауға арнаған Мәшһүр Жүсіп шариғаттың шарттарын халыққа өлеңмен жеткізді. Кейде өткір сөзімен кейбір шала сауатты діндарлардың ісін сынап та отырды. Сонымен қатар, Құрандағы қиссалар мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үлгі-өнеге сөздерін жыр-дастанға айналдырып, ұрпағына уағыздады. Мысалы, «бес парыз» деп аталатын өлеңінде исламның негізгі бес тірегін айтады.
Жігіттер, «Өнер алды – ғылым-білім» –
Деген жан, құлағың сал Ислам дінін.
Өз еркің өзіңде боп тұрған шақта,
Күнің өтпей тірлікте сайра, тілім!
Бес нәрсе бізге бұйрық бір Алладан,
Ықыласпен қылу керек білген адам.
Кетпейді күн туғанда көзі жастан,
Дүниеде бейпіл босқа күлген адам.
Исламның бес парызы: біреуі – иман,
Таппайды бұл бесеуін дүние жиған.
Ықтият, шын ниетпен жұмыс қылып,
Ерлерді айт Құдай үшін жанын қиған.
Аузыңда болсын дайым Құдай сөзі,
Таймасын қарарлықтан көңіл көзі.
«Бір!» – деп, «бар!» деп – илану – бізге парыз,
Ғаламға он сегіз мың патша Өзі.
Екінші, намаз екен – бізге парыз,
Айтпасақ білмегенге бізге қарыз.
Нәпсіні құрбан қылып бауыздасақ,
Құдайға жетеді екен сонда ғарыз.
Үшінші, бізге парыз – шаһри рамазан,
Бұ дағы бір қаруың жетсе қазаң.
Ұмытпай, бір күн қастан қаза болса,
Алпыс күн кәфарат, бар, осы – сазаң.
Төртінші, бізге парыз – зекет малдан,
Бұл пәле тосатұғын әр қамалдан.
Жүрмейді зекетіңе қабыл болып,
Ақсақ, соқыр, тып-типыл құйрық-жалдан.
Мінезі ұжмақылық – жеті түрлі:
Береген, шыншыл болып келер формы.
Және де қолы ашық, намазы көп,
– деп айтты – анық ұжмақ оның орны.
Біреуі бес парыздың – қажы бару,
Бұл жолға мал мен жанды бірге салу.
Шақырған бір Алланың ол жеріне,
Байларға қиын екен бармай қалу.
Мұнда мұсылманның бес парызының бар екенін баяндап қана қоймай, соны берік ұстану керектігін өсиет етеді. Исламның алғашқы әрі негізгі шарты – иман келтіру, «Лә иләһә Илаллаһ, Мухаммадур расулаллаһ» деп кәлима айту. Яғни, құлшылық қылуға, жәрдем сұрауға, бар мұқтаждығымызды тілеуге лайықты жалғыз Алла ғана, Мұхаммед оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік ету. Мәшһүр Жүсіп бұл өлеңінде Алланы «бар» және «бір» деп сену керектігіне ерекше тоқталып тұр. Бұр туралы басқа өлеңінде де келтірген.
Бір Алла – серігі жоқ, жалғыз Өзі,
Оның жоқ ата-ана, ұғлы-қызы.
Тумайды, өзі ешкімнен туылмады,
Осылай «Құл һуа Алла» Құран сөзі.
Бұл «ықылас» сүресінің тәпсірі іспеттес. Адамзат баласына келген күллі пайғамбарлар «Алладан басқаға сиынуға лайықты ешкім жоқ» деп Алланың бірлігін айтқан болса, Мәшһүр де соны жырға қосып отыр.
Пендесі бір Құдайды танымай ма,
Күнәға ғапу сұрап, налымай ма?
Пендеден пенде алғанмен не болады,
Жарылқап берсе Құдай, жарымай ма?!
Бұл шумағында әрбір пенде Раббысын танып, одан күнәларына жарылқау тілеу керек десе, соңғы екі жолында тілекті тек Алладан сұрау керектігін айтады. Бір сөзбен айтқанда, халқымыздың санасына сіңісті болған «адамнан сұрағанның екі көзі шығады, Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады» деген нақылын жеткізіп тұр.
Мәшһүр Жүсіп қаншама қисса-дастанды жатқа соғатын, тап бермеде тауып айтатын қабілеті күшті болған. Қызыл тілге жүйрік әрі даналық ойдың кені деуге болады.