«ҰЯТ» СӨЗІН ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ ТҮСІНГЕН?

10 сәуір 2024 1854 0
Оқу режимі

Хәкім Абай осы Ұят мәселесіне «Отыз алтыншы сөзінде» терең талдау жасаған. Ол ұяттың тікелей иманмен байланыстылығын паш етіп: «Пайғамбарымыз салалаһу һалайһи уәселәмнің хадис шарифінде айтыпты: «Мән лә хаяһун уә лә иманун ләһу» деп, яғни кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ, деген» деп сөзді хадистен бастайды.

 Яғни, ұят тікелей иманмен қатысты нәрсе екен. Абай сөзін әрі қарай жалғастырып: «Біздің қазақтың өзінің мақалы да бар: «Ұят кімде болса, иман сонда» деген. Енді бұл сөзден білінді, ұят, өзі иманның бір мүшесі екен» дейді. Абай атамыздың осы хадисі Әбу Дауд пен Нәсәидің хадистерінде айтылған. Яғни «Иман жетпістен астам мүшеден тұрады. Ұят та иманның бір мүшесі» дейді (Әбу Дауд, Суннәт, 14; Нәсәи, Иман, 16).

Абай ұятты «надандықтың ұяты», «шын ұят» деп екіге бөлген. Шын ұятты «шариғатқа теріс я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады» деп түсіндіреді. Бірақ осының өзін «өзгенің бойынан шыққан», «өз бойыңнан шыққан ұят қылық» деп бұны да екіге жарып, талдайды. «Өз бойыңнан шыққан ұят қылықты» «іштен ұят келіп, өзін жазаға тартқан», «адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп қылған қысымның аты» деп түсіндіреді. Ал, Ислам ғұламалары да ұятты екіге бөледі:

Біріншісі: Болмысқа тән табиғи ұят. Бұл адамның ұятсыз қылықтар жасауына тосқауыл жасайды. Жасай қалса мазалайды. Бұл мұсылман емес адамдарда да болады. Өйткені барлық пенденің бойында ұят бар. Ұят қашанда ақиқатшыл келіп, жалғанға, жасандылыққа басқа да теріс қылықтарға қарсы шығады. Ол адамның бойында тіпті «әлімсақтан» бері бар. Рух жаралғанда Хақ Тағаламен жүздесіп әлімсақтан бері сақталған осы ұят иесі – адам қай кезде ұят қылық жасай қалса Құдай Тағаланы анық таныған ұяты Одан қатты қысылып, тез арада өз иесін «жазаға тарттырады». Сол себепті пенде құпия қылмыс жасап қоғам сотынан құтылғанмен өзінің «ар-ождан сотынан» құтыла алмай, түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден қалып азап шегеді. Пенде өзгеге өтірік айтқанмен ұят құзырында бір ауыз жалған айта алмайды. Өйткені Хақ Тағаламен жүздескен ар-ождан Оның құзырында жалғандығын жасыра алмайтындықтан өз иесіне де жалған айтқызбай, ақиқатқа басын игізеді.

Екіншісі: Иманнан туындаған ұят. Бұл Ислам дінінің негізгі бөлігін құрайды. Осы «табиғи ұят» пен «имани ұят» қосылып толысқанда толық ұят әбес қылықтарға қарсы үлкен күшке айналады. Егер табиғи ұят жалғыз қалатын болса, өмірдің ауыртпалықтарын көтере алмай толқын ұрған кемедей құрып кетуі мүмкін. Иә, адам бойындағы осы ұят «Ол Алла Тағаланың өзін көріп тұрғанын білмей ме? (Алақ, 96/14) аятында және де «Сөзсіз Хақ Тағала сендердің төбелеріңнен көріп бақылауда» (Ниса, 4/1) сияқты аяттарда айтылғандай «ихсан» кәусәрін ішпесе, өмірі ұзақ болмайды. Пайғамбарымыздың да (с.а.у.) «Ұят – иманнан туындайды» деуінде осы сыр жатыр. Ендеше ұят адам жүрегіндегі сырлы дақыл. Ол иман мен мағрипат қайнарынан сусындап, нәр алса ғана өсіп өнеді. Егер нәпсіқұмарлықтың ұрасына тастап, кірлететін болса, құм басқан шөлдегі дақылдай өнбей, шіріп кетеді. Жүрегіндегі ұяты шіріген адам яки қоғам бұдан соң нәпсіқұмарлыққа тән барлық жаманшылықты жасайды. Бірақ олар бір-бірінен әсте ұялмайды. Ұяламақ былай тұрсын, сол бір адамшылыққа жат қылықтарды «идеал мәдениет» санайды. Ақырғы Елші (с.а.у.) осыған қатысты: «Ұятсыз болсаң, ұялмасаң білгеніңді істе!» дейді (Бухари, Әнбиә, 54; Әбу Дауд, Әдәб, 6; Ибн Мәжә, Зуһд, 17).

Кейбір ғұламалар аят пен хадистерге қарап ұятты мәртебелерге бөлген.

 Алғашқы мәртебе: Адам өзіне Хақ Тағаланың назарымен қарай бастайды. Яғни ол өзіне Құдай Тағаланың өлшемімен баға береді. Өзінің жүріс-тұрысында шариғат заңымен жүріп, соған қарай қаракет жасайды. Мұсылман адам өзін осылай бақылауға алуының арқасында жүрегінде терең ұят сезімі ұялайды.

Екінші мәртебе: Хақ Тағаланы жанында сезіне білуі. «Қайда болсаңдар да Ол сендермен бірге» (Хадид, 57/4) биігіне жеткендердің мәртебесі. Осыған қатысты Алла Елшісі былай дейді: «Шамаларың келгенше Алла Тағаладан ұялыңдар! Хақ Тағаладан ұялған адам басы мен басының ішіндегілерін және асқазаны мен асқазанының ішіндегілерін бақылауға алсын! Өлім мен шіруді де естен шығармасын! Ақыретті қалаған пенде бұл дүниенің жалған әсемдігін тастайды. Кімде-кім осылай істесе Алла Тағаладан сонда ғана ұяла алады» (Муснәд, 1/387).

Үшінші мәртебе: «Ең ақырғы аялдама Раббың» (Нәжім, 53/4) мақсатына жету жолында жүрегі мен рухының тереңдіктеріне бойлағандар. Хәкім Абай «Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар, хатта өзін-өзі өлтіретұғын кісілер де болады» дейді. Иә кейде адам бір қателік жасайды да, сол күнәсін көтере алмай, жер басып жүргеннен өлімді артық санайды. Өйткені ол өзінің жаратылыс мақсатынан адасқанын сезеді. Хәкім Абай «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ тұрмақ, қызармайды да» дей келіп сөз аяғында «Немесе «пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәленшедей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» - деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!» деп ар-ұяттың мәнісін ұқтыра алмағандығына қынжылады. 

Иә, Абай мұны бекерге айтып отырған жоқ. Ұят илаһи мінез һәм Хақ Тағаланың сыры. Бір хадисте ол былайша бедерленген. Хақ Тағала қиямет күні ғарасат майданында қария кісіні есепке тартып: «Сен неге мына күнәларды жасадың?» деп сұрайды. Әлгі қария да жасаған күнәсін мойындамай, «мен жасаған жоқпын» деп жауап береді. Осы кезде рақымды Хақ Тағала: «Ендеше мынаны жәннатқа апарыңдар» деп жарлық береді. Сонда періштелер таңырқап: «Я, Құдай! Бұл пендеңнің күнә жасағанын Сен білесің ғой» дейді. Алла Тағала оларға: «Иә солай. Бірақ Мұхаммедтің үмбеті болған оның ағарған шашы мен сақалына қарадым. Айыбын бетіне басуға ұялдым» дейді. Осы хабарды Жебірейіл Пайғамбарымызға жеткізгенде жанарына жас толып, жылап жібереді. «Хақ Тағала үмбетімнің ақ сақалдарына азап етуден ұялады да үмбетімнің ақсақалдары күнә істеуден ұялмайды» дейді. Иә, ұятты Абай хәкім иманмен байланыстыра түсіндірген. Иманы кәміл ата‑бабаларымыз да «Ұялмағаннан ұял» деп, осы екі сөзден-ақ кемел пайым тудырған.

 

 

Дереккөз:  «Иман мен дәстүр хикметтері» кітабынан алынды,

Пікірлер Кіру