Ұзын балаққа жаза тозақ па?

30 шілде 2018 9950 0
Оқу режимі

Барлық мақтау әлемдердің раббысы Алла Тағалаға тән, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Мұхаммедке салауаттар мен сәлем айтамыз.

Қасиетті Рамазанның соңғы күндері болатын. Ақыретіне алаңдаған жұрт құлшылықтарын барынша күшейтіп жанталасуда. Мешіт жамағаты екінті намазынан тарап жатқан еді. Кенеттен бір жас жігіт бізге жақындап келіп, менің жанымдағы екінші қариға сұқтана қарап:

– Сізге сұрақ қойсам бола ма? – деп сөзге тартты. Пайымдауымша, шамамен 20 жастағы  студент бала, шашын барынша өсіріп алған, бұтында тырысқан джинсы шалбар, шалбарының балағы шолтиған, үстінде еңкейсе бел-арқасы бірқарыс ашылатын футболка. Қари бауырым оған жымиып, Құран туралы бірдеңе сұрайды-ау деген үмітпен:

– Әрине сұраңыз, – деп қол алысты. Сонда әлгі жас жігіт:

– Сіздің балағыңыз неге ұзын? – деп қойып қалды. Қари бауырымыз басқа әңгімеге бұрып, жауап бергісі келмеген сыңай танытты. Алайда, студент бауырымыз сұрағын қайталап қойды. Қари бауырымыз:

– Алдымен танысып қояйық, есімің кім өзі? – деді. Ол:

– Есімім – Арман, Еуразия университетінде  2-курс студентімін.

– Арман бауырым, егер менің балағымды ұзындау десең, оның себебі  – такаппарлықта емес, – деп жауап берді Қари жігіт. Арман: 

– Ағузу билләһи, бауырлар, хадис бар емес пе?

– Ол қандай хадис?

– Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Изардың тобықтан төмен

түскені тозақта» деген, ал сендер болсаңдар хадиске амал істемей жүрсіздер, – деп бас шайқап, кете барды. Біз оған:

– Бауырым, тоқта! Бері келсеңші, асықпай сөйлесейік, – деп едік, әлгі жігітіміз:

– Жігіттер мен сендерге ескерттім, байқаңдар! Тозақтан сақтаныңдар! – деп асығып тұрған адамның кейіпінде мешіттен шығып кетті. Екеуіміз бір-бірімізге қарап абдырап қалдық.

– Сүбхәналлаһ! Мына бауырымыз бізді тозаққа кіргізуге аз қалды ғой, қандай өкінішті. Алланың ризашылығын іздеп Құран жаттадық па десек, мына бауырымыздың көзқарасы бойынша нағыз күнәһар біз боп шықтық қой, – дедім. Қари бауырым:

– Мән бермей-ақ қойыңыз, қазір осындай пікірде жүргендер жиілеп барады, – деді.

Мен ішімнен «сонда Мейірімді Алла Тағала пендесін балағы тобықтан төмендеу болса, яғни 2-3 сантиметр ұзындау болғаны үшін тозаққа кіргізіп жазалай ма? Зина жасап, ұрлық істеу, кісі өлтіріп, біреудің ақысын жеу, Отанды сату т.б. бұлардың барлығы үлкен күнә, қоғамға зиян екені  түсінікті. Ал 2-3см матаның жеке адамға немесе қоғамға қандай зияны бар екен, аталмыш хадистің басқа бір себебі бар емес пе?» дедім де қойдым.

Шынымен де, зерттеп қарасаңыз, балаққа байланысты айтылған бір ғана емес, бірнеше  хадистерді кездестіруге болады.  Абдуллаһ ибн Омардан риуаят етілген мына хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла Тағала тәкаппарланып киімін жерге сүйреткен кісіге қиямет күні қарамайды (рақымдылық көрсетпейді)», – деген. Мұны естіген Әбу Бәкір: «Менің изарымның бір жағы егер қадағалап көңіл бөлмесем, төмен түсіп тұрады», – деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ей, Әбу Бәкір! Сен оны тәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой», – деп жауап берді.

Бұл хадистен түсінетініміз Пайғамбарымыз (с.а.у.) киімнің ұзындығына емес, оның тәкаппарлану ниетімен киілгені үшін тыйым салған. Сол уақыттағы киім үрдісінде ер адамдар шалбар емес, барлықтары изар (белден төмен киетін шалбар тәрізді мата) киген және оның ұзындығының қалыптасқан нормасы тобықтан аспаған. Ал кейбіреулері тәкаппарланып, елден ерекшелену мақсатында изарының етектерін сүйретіп жүретін болған. Сондықтан  «изардың тобықтан түскені тозақта» деген мәтінде тәкаппарлану сөзі бірге келмесе де, сол уақыттағы көпшілікке бұл мәселе түсінікті болған. Яғни, сол заманда ұзын кигендер көбінесе  тәкаппарлану үшін солай істейтін. Ал қазір біздің қоғамда балағын тобығынан сәл асырып киген адамдарды тәкаппарлану ниетімен деп айту қиын. Керісінше, балағын шолтитып алу –елден ерекшеленген болып көрінеді.

Әбу Һурайрадан риуаят етілген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) басқа бір хадисінде: «Тәкаппарланып изарын (дененің белден төменгі жағына киілетін шалбар секілді киім) сүйреткен кісіге Алла Тағала қиямет күні (рақымдылықпен) қарамайды» деп жалпы ұзын киюді емес, тек тәкаппарлану мақсатында ұзын етіп киюдің күнә екенін нақты түсіндірген.

Иә, тәкаппарлық – дінімізде кісіні тозаққа лайық ететін қатерлі рухани ауру. Бұл жайлы Пайғамбарымыз: «Кімде-кімнің жүрегінде тозаңдай өркөкіректік болса, ол кісі жұмаққа кірмейді», – деді. Сонда бір адам:Әркім өзінің киімі мен аяқ киімінің әдемі болғанын қалайды (бұл да тәкаппарлыққа жата ма?)», – деп сауал тастады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Алла Тағала көркем, көркемдікті жақсы көреді. Тәкаппарлық ол – ақиқатты мойындамау әрі өзге адамдарды менсінбеу», – деп жауап берген.

Киім киюдегі негізгі өлшемді Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа бір хадисінде былай деп түсіндірген: «Ысырапқа және паңданып, тәкаппарлануға жол берместен ішіп-жеңдер, киініңдер әрі садақа беріңдер!». Бұл хадис әл-Бұхариде келгенИбн Мәсғуд бұл хадиске: «Қалағаныңды ішіп-же, қалағаныңды ки. Тек екі нәрсе жаңылтпасын: ол мыналар – ысырап және паңданып тәкаппаралану» деп түсіндірме берген. Демек, киім киюдегі негізгі тыйылған нәрсе – тәкаппарлық пен ысырап. Осы екі нәрсе қадағаланғаннан кейін қалаған киімді киюуге дініміз рұқсат етеді. Тек шариғат белгілеген әурет жерлердің жабылуы шарт. Бұл жайлы Хафиз Ахмад Ибн Әли ибн Хажар әл-Асқалани «Фатхул-Бари би шархил-Бухари» деп аталатын әл-Бухаридің хадис жинағына жасаған түсіндірмесінде былай дейді: «...Егер балақтың ұзындығы қоғамда әдет болып қалыптасқан деңгейде ұзын болса, ондай киім кию харам емес. Тек етек не балақ тыйым салынған деңгейге, яғни жерге сүйретуге дейін жетпесе болғаны. Ғалым Ғиад «киімнің ұзындығы мен кеңдігі адамдардың әдет еткен мөлшерінен артығы – мәкрүһ» екенін ғұламалардың бір ауыздан мақұлдаған пікірін жеткізді...» («Дін мен Діл», 125-бет).

Ал Ибн Тәймия болса, кісінің амалды атқарудағы ниетіне қарай күнә не сауап алатындығын: «Кімде-кім көрікті киімді сараңдық ниетімен кимейтін болса, оған сауап жазылмайды. Ал кімде-кім көрікті киімді харам санап кимейтін болса күнәһар болады. Ал кімде-кім оны Алла Тағаланың өзіне берген жақсылығы мен нығметін көрсету әрі тағат-ғибадатқа қолдану мақсатындакисе, сауапқа кенеледі. Ал енді кімде-кім оны мақтану мен тәкаппарлық үшін кисе күнәһар болады. Себебі, Алла Тағала мақтаншақтар мен тәкаппарларды жақсы көрмейді. Міне, сол себепті Алла Тағала осындай ниетпен киімді ұзын киюді харам етті», – деп ашып түсіндіргенннен кейін жоғарыдағы Әбу Бәкірдің «Менің изарымның бір жағы егер қадағалап көңілбөлмесем төмен түсіп тұрады» деген сауалына Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Уа, Әбу Бәкір! Сен оны тәкаппарланып істейтіндерден емессің ғой» деген жауабын дәлел ретінде келтіреді»134. (Дін мен Діл 125-бет)

Қорыта келе айтпағымыз, мұндай ұсақ мәселелерде бүлік іздегеннен гөрі, біздің қоғамның ерекшеліктеріне қолайлы пәтуаларға жүгінген дұрыс.     Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Алла Тағала сендердің келбеттерің мен дене-пішімдеріңе емес, жүректерің мен істеген амалдарыңа қарайды», «Барлық амалдар ниетке қарай бағаланады...» деген. 

Таукен АЙТБАЕВ

Пікірлер Кіру