ЫҚЫЛАС

26 қаңтар 2024 412 0
Оқу режимі

Намазға жалқаулық танытып, қаза ету, немқұрайлы қарау ықылассыздықтың белгісі. Шынайы ниет пен ықылас тозаңның түйіріндей жақсы істің Алла Тағала тарапынан қабыл болуына кепіл. Ал таудай амал жасағанымызбен жүректе Алла Тағала разылығы емес, көптің мақтауын қалау болса амалдар зая кетеді. Ойшыл Абай қара сөзінде: “ Махшарға барғанда Құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт - соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана Құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр”, - деп Құдай Тағала ықыласы күшті пендесіне ғана риза болатынын көрсетеді.

Намазға ықыласты болу  мұсылманның шынайылығының белгісі. Ықылас пен кіршіксіз ниет ғибадаттың өзегі. Әңгімемізге тұздық ретінде төртінші ғасырда өмірген сүрген ғұлама имам Әбу Бәкір Шибили мен Бағдаттық наубайшы туралы оқиғаны баяндайық. Бағдаттағы қарапайым наубайшы тақуалығына ел сүйсінген ғалым имам Шибилиді көруге ынтық болады. Алайда кәсібін тастап кете алмайды.

Бір күні наубайшының алдына ескі-құсқы киім киген қария келеді. Қарт:

  • Алла разылығы үшін жарты нан беріңізші деп көмек сұрайды. Наубайшы ашуланып:
  • Алла разылығы үшін деп мазамызды алатын болдыңдар. “Алла разылығы” дегенге әбден еттерін үйреніп алған екен. Аулақ жүр, - деп қуып жібереді.

Ел наубайшыны сөгіп:

  • Алдына келген имам Шибили ғой, - дейді.

Наубайшы жұпыны киінген адамның имам Шибили болуы мүмкін екенін ойламаса керек. Дереу имам Шибилиден кешірім сұрайды. Имам Шибили наубайшыға насихат болсын деп  халыққа тамақ таратуын тапсырды. Наубайшы:

  • Ғұлама, имам үшін ол сөз болып ба, - деп Бағдат алаңында халыққа ас беріп, елдің ризашылығын алады. Жиында жұрт имам Шибилиден жаннат пен тозақ жайлы насихат айтуды сұрайды. Ғұлама тұрып:
  • Жаннаттықтардың кім екенін білмеймін. Тозақтықтар жайлы сұрасаңдар айтайын.Тозақтық адамды көргілерің келсе мына наубайшыға қараңдар, - деді.

Сонда имам Шибили Алла разылығы үшін жарты нанын қимағанымен, бірақ Шибили үшін 100 алтынын қиып елге тамақ таратқан наубайшыға ренжиді.

 

Құранда ықылас туралы

“Кітаптағы Мұсаны есіңе ал. Шындығында, ол – ықыласты етілген, елші әрі пайғамбар еді” [1]

 Жүсіп пайғамбар туралы (а.с):

 “Күмәнсіз, ол – ықылас табыс етілген құлдарымыздан еді” [2]

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарға:

 “Күмәнсіз, бұл кітапты саған хақ етіп түсірдік. Олай болса, сен де дінді тек қана Аллаға лайық етіп, ғибадат жаса!” [3]

“Кәпірлер жақтырмаса да, сендер ғибадаттарыңды шын жүректен Алла үшін жасап, Оған дұға етіңдер” [4]

“Сенің ұлылығыңмен ықыласты құлдарыңнан басқасының бәрін аздыруға ант етемін” [5]

Ықыласқа қалай қол жеткізуге болады? Ықыласты болу үшін нәпсіні тәрбиелеу керек.”Нәпсісін жамандықтардан пәк тұтқан сөзсіз құтылады.Ал оны жамандықтарға көмген әлбетте зиянға ұшырады”[6] Аяттан көретініміз адам баласының нәпсісінде нәпсінің құмарлығы, күнә жасауға бейімі болса,оған қоса  тақуалық бар.Нәпсіге сүйікті ішіп-жеу мен бос сөзді азайтып, керсінше Құран оқу мен истиғфарды көбейту  нәпсіні жақсылыққа қарай шындайды.Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с)   “Уа, Раббымыз және барлық жаратылыстың Раббысы! Уа, жомарт Иесі болған Алла Тағала! Мені және жанұямның әрдайым, дүние және ақыретте ықыласты болуын нәсіп ет!” деп дұға жасаған.[7]Жарты нан, тіпті жылы сөз құлдың ықыласы мен пейіліне қарай тозаққа қарсы қалқан болатын күшке ие. Қиямет күні Алла Тағаланың алдында жүзіміз жарық, мерейіміз үстем болсын.Әмин!

 

[1] Мәриям сүресі, 151 аят

[2] Юсуф сүресі, 124 аят

[3] Зүмәр сүресі, 2 аят

[4] Ғафир сүресі, 14 аят

[5] Сад сүресі 82-83 аят

[6] Шәмс сүресі, 7-10 аят

[7] Әбу Дәуіт хадистер жинағы

 

 

Тұмар ҚАЙРАТҚЫЗЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті

 

Пікірлер Кіру