Юсуфбек Шұғайұлы

03 желтоқсан 2018 4180 0
Оқу режимі

2014 жылдан бері ҚМДБ-ның рұқсатымен Мысырдағы атақты Әл-Азһар университетінде білім алуда. Қазіргі таңда осы университеттің шариғат факультетінің 3-курс студенті.

Бақыт бағдары

Жылдар өтіп, айлар кетті, келмес қайта айналып,
Сонда да біз есіміңді, жүректерден  жоймадық.
Өзіңді аңсап, сағыныштың сәулесімен ой тербеп,
О, Пайғамбар, оңашада отырмын мен ойланып.

Талас-тартыс, қараңғылық жер-әлемді қаптаған,
Тас мүсінді жаратушым, құдайым деп мақтаған. 
Сол заманда, өзің келдің Әз Пайғамбар, Әз Елші, 
Адамзатты бір Алланың ақ жолына бастаған.

Туралық пен адалдықтан айнымадың  қас-қағым,
Үмметіңнен бұл өмірде ойламадың басқа мұң.
Мұхаммадүл әмин деп сені атады,                                                
Ақыл қосар достарың мен көре алмайтын қастарың.

Бұл өмірде қарапайым жан болуды таңдадың,
Атақ, мақтан, астамдыққа көз қырыңды салмадың.
От жағылмай ошағыңа, дастарқаның жайылмай,
Қанша ай бойы атқан екен қара сумен таңдарың.

Бақыт берді жаратушым, оны да еске алайын,                                                   
Шүкірлік деп, бір Аллаға құлшылық та қылайын.                                                     
Алла берген нығметін азсынғандар өмірде,                                                
Пайғамбардың өміріне үңілсе екен ағайын.

Адамзаттың басындағы асыл тәжі ардағы,                                                              
Өзің болдың жетімдердің арқа сүйер қормалы.                                                
Жылағандар сенен ғана жан жылуын табатын,                                                            
Әлсіздердің паналайтын ыстық ұя, қорғаны.

Бөле жармай үлкен-кіші адам ата ұрпағын,                                                   
Теңдікпенен достық деген гүлін тердің қырқаның.
Бейбітшілік туын тігіп, қатпарына тарих,
Адамзаттың бақыты үшін, өміріңді жұмсадың.

Қиындыққа сабыр ету сенің болды жолдасың,
Адамзаттың бақыты үшін, сан бодауға барғасың.
Қайсарлықпен өміріңде сынақтарда сүрінбей,
Сабыр деген сара жолды үмметіңе салғасың.

Соңғы елшіге үммет болған дарқан көңіл халайық,
Пайғамбардың өміріне күнде үңіліп, біз де үлгі алайық.
Отан үшін серігіміз сабыр, қайрат, жігер боп,
Казағымның қамын ойлар ұландардан болайық.

Жылы жүзді, көркем мінез, шешен сөзді сен едің,
Таусылмайтын дариядай, ақылдың алтын кені едің.
Пайғамбарым жас пен кәрі, адамзаттың баршасын,
Мейірімді мінезіңмен шуағыңа бөледің.

Адамдар аз бүгінгі күн бірін-бірі кешірер,
Достық отын арасынан, болмашыға өшірер.
Әлемдегі орын алған бар мәселе бүгінгі,
Пайғамбардың өмірінен тәлім алса шешілер.

Ұлдарымыз ұлағатты болсын десек төрінде,
Қыздарымыз инабатты жүрсін десек өмірде.
Пайғамбардың әдебімен сөзін үйрет, ағайын,
Жағдай жаса тарихымен танысуға, өмір жолын білуге.

Толған айдай нұрлы жүзбен өмірдің аштың есігін,
Мекке болды, туған жерің, алтын ұяң бесігің.
Адамзаттың бақыты деп отаныңнан алыстап,
Туған жерден дін үшін ғой Мәдинаға көшуің.

Дін жолында жетейін деп бір аңсаған арманға,
Тұрақтадым алтын бесік, Әл-Азһардай заңғарға.
Сол көшіңнің сауабын жазсын рахымды бір Алла,
Білім іздеп, ата-анадан алыстаған жандарға.

Бағдары үшін екі әлемнің қолға қалам аламын,
Адамзаттың асылы деп өзіңе арнау жазамын.
Туған күні Пайғамбардың, мәуліт нәби бүгінгі,
Кұтты болсын баршамызға қасиетті, қазағым!

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру