Зайырлылық - қазақ қоғамының рухани дамуының кепілі
Қазақстан мемлекетінің дін және зайырлылық саясаты, мұндағы басты бағыттары жайлы сөз қозғалғанда мемлекет алдындағы стратегиялық мақсаттарды ескере, жалпылай қарастыру қажет.
Ең алдымен, біраз себептерге байланысты, мемлекеттіліктің зайырлылық моделі Қазақстан үшін баламасыз екенін атап кеткен жөн.
Зайырлылық негізіне құрылған мемлекет басқару принципі бүгінгі таңдағы көпконфессионалды және полиэтникалы мемлекетіміздегі бірегей модель екенін түсінуіміз керек.
Қазақстан әлем бойынша зайыры мемлекет ретінде танылады. Елімізде әр түрлі дін өкілдері өзара бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр. Біздің басты мақсатымыз – жастарымыздың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түсуіне жол бермеу. Сондықтан, оларға мұны түсіндіріп, дұрыс бағдар көрсетуіміз керек.
Діндер мен дін өкілдеріне қатысты да мемлекет өз тарапына шектеулер алады. Мысалы, діни ұйымдардың іс-әрекетінде заң бұзушылық байқалмаған жағдайда олардың өзіндік діни тәжірибесіне араласпау. Әсіресе, бұл догматикалық мәселелерге байланысты – ғасырлар бойы қалыптасқан діни доктриналар мемлекеттік органдар тарапынан реттелмеуі қажет. Азаматтардың дінге қатысты ұстанымына мемлекет араласпайды. Діни көзқарасы үшін ешкім де кемсітілмейді. Әркім өзі үшін қажетті немесе қолайлы деп таныған дінді таңдауға құқылы. Қандай да бір сылтаумен немесе формамен нақты бір дінді ұстануға мәжбүрлеуге жол берілмейді.
Мемлекетті құраушы ұлттың ділін, мәдениетін және руханиятын сақтай отырып, қалай заманауи, дамушы мемлекет болып қала беруге болады деген сұрақ көпшілікті мазалайды. Конституциялық құрылымның зайырлы ұстанымы деген не, ол Қазақстан Республикасындағы ислам дамуына қайшы келмейді ме?
Бұл сұрақтың жауабына: ислам жауапкершілік пен әр нәрсенің артықышылығын дұрыс анықтайды. Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) билік, дәреже және байлықты көздеп, басшыны ауыстыруға шақырмаған. Діннің негізі – «дінде мәжбүрлеу жоқ».
Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өзін қуғынға ұшыратқан меккеліктерді әрқашан бейбітшілікке шақырып отырған және Худайбияда жасалған екі жақ арасындағы шарт мұсылмандар үшін айтарлықтай қолайсыз болса да келіседі. Бұл шартта ол өзінің пайғамбарлығын меккеліктерге мойындатқызуды көздемеді, меккеліктер арасындағы жаңадан ислам қабылдағандарды олардың басқа мұсылмандарға қосылуға жол бермеулеріне, қажылық өтеуін келесі жылға қалдыруына – қан төгісті болдырмау үшін келісті. Бірақ, келісімде діни көзқарас пен адамдарға жеткізу еркіндік кепілі қарастырылды.
Бұл мысал исламның, яғни мұсылмандардың бейбітсүйгіштігінің анық дәлелі. Сәлемдесудегі «Ассалаумағалейкум» сөзі бейбітшілік тілеуді білдіреді. Керісінше, адамдардың ақылмен шешім қабылдамай, олар арасында агрессия, төзімсіздік, қақтығысты тудыру – бұл, исламның таралуына тосқауыл қойып, адамдарды нәпсісіне ергізу арқылы басқаруды көздегендердің мақсаты.
Бір сөзбен айтқанда, мұсылманның қоғамдық келісімді сақтап, адамдар арасында бейбіт өмір сүруіне исламда қайшылық жоқ. Осылайша, Конституция діни сенім бостандығына кепілдік береді. Сонымен қатар, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР 2011 жылғы Заңы бойынша ханафи мазхабы Қазақстанда дәстүрлі ислам діни ұстанымы ретінде танылады.
Біз егемендігімізді алғалы бері: адамның діни сеніміне қарамастан тең құқылы қарым-қатынас құруды, дін ұстану адам өмірі мен денсаулығына, қоғамдық негіздерге қауіп келтірмейтіндей ережелерді қалыптастырдық.
Сондықтан, бүгінгі таңда зайырлылық Қазақстанның рухани дамуының кепілі болып табылады.
Атеизм мен зайырлылықты теңестіруге болмайды. Қазақстан Республикасының Конституциясы діни сенім бостандығына кепілдік береді. Ел президенті «зайырлылық атеисттік дегенді білдірмейді» деп анық айтты.
Әлемдік тәжірибеде зайырлылық діннен бас тарту деп танылмайды. Мысалы, АҚШ – зайырлы мемлекет болғанымен, шенеуніктері, әскери қызметкерлері, куәгерлер Библиямен ант етеді. Ұлыбритания басшысы – королева Англикандық протестанттық шіркеу басы болып табылады. Германияда шіркеу салығын мемлекеттік салық қызметі жинайды. Байқағанымыздай, зайырлылық дінді қоғам өмірінен шығарып тастамайды.
Байқағанымыздай, зайырлылық пен руханият бір-біріне қайшы келмейді, себебі зайырлылық ұғымы – мемлекет басқару формасы, ал руханият – дін құраушысы. Зайырлы мемлекетте әртүрлі діни ағымдар өмір сүре алады, барлығына ортақ қағида – азаматтардың заңға бағынып, заң алдында тең болуы.
Ең бастысы, зайырлылықтың идеологиялық негізі жоқ, зайырлылық – дүниетанымдық бейтараптық пен басқару формасы. Егер де зайырлылықты дінге қыспақ жасау деп түсінсек, әлбетте зайырлылық пен руханият арасындағы байланысты түсінуде қиындықтар пайда болады.
Зайырлы, дін ұстанушы азаматтың бейнесі – ол ең алдымен заңға бағынған, өз халқының салт-дәстүріне құрмет көрсететін және діни радикалды деструктивті идеологияны қолдамайтын азамат.
Дереккөз: Астана қаласы әкімдігінің дін істері мәселелерін зерттеу орталығы