ЗЕКЕТ ДЕГЕН НЕ?

19 наурыз 2024 2494 0
Оқу режимі

Зекет – исламда маңызы жоғары парыз ғибадаттың бірі. Зекет сөзі тазалық, берекет, көбею, арту, өсу сынды мағыналарды береді. Яғни, парыз болған зекетін уақытылы өтеген адамның дүние-мүлкіне береке келеді. Дүниесінің ішіндегі ең ласы тазаланады. Талап қып өсіріп жатқан мал-дүниесінің ырысы артып, өседі. Міне, зекет ғибадатының құнды­лығы осында. Зекет ғибадатының түпкі мақсаты мұқтаж жандардың қажеттілігін өтеу болып табылады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің хадисінде: «Мал-мүліктеріңді зекетпен қорғаңдар, ауруларыңды садақа­мен емдеңдер және бәлеге қарсы дұға әзірлеңдер» деп айтқан. Қабли­са жырау бабамыз:

«Әй, мұсылман жарандар,

Малыңнан зекет беріңіз.

Бірлігін Хақтың біліңіз.

Хақ жолымен жүріңіз,

Пәк болады дініңіз» деген екен. Шәкәрім бабамыз: «Құдай Тағаланың пақырлар үшін жүз қойдан бір қой зекет бізге осынша ауыр көрінгені қалай? Тегінде байқасаңыз бізге көрінбей тұрса да бізді теріс жолға қызықтырып, оң жолдан жиіркендіріп тұрған бір нәрсе бар емес пе? Сол шайтан деген жауыңыз. Не қылсаңыз соған алдатпа» деп зекеттің парыз екендігін айтқан. Зекет беру мұсылманға ауыр көрінбеу керек, пенде баласын теріс жолға жетектеп, оң жолдан тайдырып, жақсы істен ұзақтататын ол шайтанның азғыруы екенін Шәкәрім бабамыз осы сөзімен  баяндап  кеткен.

Зекет сөзінің шариғаттағы мағынасына келсек, белгілі бір өлшемдегі мал-мүліктің белгіленген бір бөлігін Алла Тағаланың разылығы үшін тиісті кісінің меншігіне беру деген­ді білдіреді. Мал-дүниенің, байлық­тың белгіленген бір бөлігін Алла разылығы үшін «зекетім» деп атап тұрып, шын көңілмен беру жай нәрсе емес. Себебі, берілген зекетіміз арқылы қолда қалған дүние-мүлкіміз рухани ластықтан түгел тазарып, орнына береке мен көбею келе бас­тайды.

 

ЗЕКЕТТІҢ  ПАРЫЗ  БОЛУ  ХИКМЕТІ

Алла Тағала зекет құлшылығын ислам дінінің негіздерінің бірі ретінде бекітіп, оны әл-ауқатты мұсылманға парыз етіп бұйырған. Құранда: «Әрі намазды толық орындаңдар, зекетті беріңдер!» делінеді («Бақара» сүресі, 43-аят). Осы аяттан көруге болады зекеттің парыздығы намаз құлшылығымен қатар бұйырылуда. Айтпақшы, зекет сөзі Құранда жиыр­ма жеті жерде намазбен бірге аталады екен. Мұндағы мақсат намаз оқушылардың зекет берушілерден  екенін  баяндаса  керек.

Зекет – ауқатты, дәулетті кісінің мұқтажға беруі тиіс Алла белгілеген мойнындағы қарызы. Өмір – сынақ. Байлық та – бір сынақ. Жоқшылық пен таршылық та – сынақ. Бай адамның қолындағы көл-көсір дүниенің сұрауы бар. Мәселен, қайдан тауып, қалай жұмсағандығы, адал жолмен тапты ма, жоқ арам жолдан келген дүние ме, міне, Алла алдында осындай есебі болады. Бай адам байлығының бір бөлігін кедей, мұқтаж жандарға беруге міндетті. Құранда: «Сұраған мұқтаждың немесе ар-намысынан себеп ұялып сұрай алмағанның байлықта белгілі бір хақы бар» деп келеді («Зәрият» сүресі, 19-аят). Осы тұрғыдан қарасақ, байлығы оған бір сынақ. Сондықтан, жыл сайын зекетін беріп, мал-дүниені адалдан табу, берекесін сақтау өте маңызды.

Дүниесі жоқ кедей адамның да өзінің сынағы болады. Жоқшылыққа сабыр көрсете ала ма, жоқ әлде күпірлік ете ме?! Тағдырға разылығы не болмаса оның наразылығы кедейлік кезде байқалады. Адамдарға қол жайып масылдық танытпай, адал еңбек етуі сынды өзіндік сынағы көрініс беріп тұрады. Сондықтан, кедейлік сәтінде тағдырға разы болу, қиыншылыққа сабыр көрсету, дүние үшін ар-намысын сатпау, мінез-­құлқын бұзбау – Алланың разы­лығына жеткізетін амал. Қоғамда байлық мен кедейліктің болып тұруы заңдылық. Өмірде мұндай бір-біріне қарама-қайшы жағдайлардың болуы өмірдің сынақ мекені екенін аңғарт­са керек. Демек, байлық абырой емес, кедейлік қорлық емес. Бұлар жай ғана сынақ.

Егер зекет құндылығын, оның парыз болу хикметін бай мен кедей түсіне білсе, араларында кек сақтау, өшпенділік секілді жағымсыз істер жойылып, тек бір-біріне деген сүйіс­пеншіліктері артып, сыйластық­тары нығая түсер еді. Қоғамның тыныштығы бай мен кедейдің бір-бірін жете түсінуінде жатыр. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Малыңның зекетін бергенде, кедейдің өзіңнің малың­дағы ақысын төлеген боласың» деген екен. Кедейдің ақысы зекетті дер уағында беруімен өтеле­ді. Қоғамда тыныштық орнайды. Зекетін есептеп, дәл уағында әрбір адам беретін болса, қоғамдағы кедейліктің саны азайып, қиыншылықта  жүрген  адамның тұрмысы әжептеуір  түзеле  түседі.

Зекет беру кезінде адамның нәп­сісі сыналады. Құранда: «Кім өзінің сараңдығынан сақталған болса, міне, солар – табысқа жетушілер» деп айтқан («Хашр» сүресі, 9-аят). Зекет беру арқылы адам бойындағы сараңдық сынды жағымсыз істер жойылып, жомарттық, сақилық сынды қасиеттер артады. Жоқ-жітіктерге деген мейірімі оянады. Осындай жақсы қасиеттер адамды сауапты істерге жетелеп, дүние-мүлкінің береке­сін кіргізеді. Ардақты Пайғам­барымыз (с.ғ.с.): «Әр күні таңертең екі періште түседі. Бірі: «Ей, Раббым! Садақа бергенге садақасына қайтарым ретінде жаңасын нәсіп ет» десе, екіншісі: «Ей, Раббым! Сараңдық еткен­ге мал-дүниесін опат ет» деп дұға  етеді»  деп  айтқан.

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қолына түскен алтын не күміс­ті жақсылық  іске жұмсамайынша тыныш­тық таппайтын. Тіпті қобал­жып, түн ішінде болса да, оны мұқтаж іске жұмсайтын бол­ған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тәлім-­тәрбиесін алған ізгілер: «Адалдың есебі, арамның азабы бар» деген қағидамен өмір кешкен. Демек, қолдағы мал-дәулет – Алланың берген сыйы әрі уақытша аманаты. Сондықтан, дүние-мүлікті нәпсі қалауымен жұмсау берекесіз іске душар етеді. Ал, шариғаттың әмірі аясында жұмсалатын болса, яғни садақа мен зекетін дер уағында бере білсе, мол сауап пен жақсылыққа  жетері  ақиқат.

Зекет беру біз ойлағандай жатқан шығын емес, бұл шүкіршілік болып табылады. Ал, шүкіршілікті жай тілмен емес, мүлік иесі Алланың әміріне сай зекетті өтеу арқылы білдірсе, игілігі артып, дүниесі көбейе түседі. Алла Тағала былай дейді: «Егер шүкір етсеңдер, сөзсіз, (берген игіліктеріме алғыс білдірсеңдер), сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін. Ал күпірлік қылсаңдар, сөзсіз, Менің азабым тым қатты» («Ибраһим» сүресі, 7-аят). Зекет «мен таптым» деген күпірліктен сақтап, дүние-мүлікті берген «Алла» деген ақиқатқа жеткізеді. Зекет – дүниені жүрекке кіргізіп алудан  қорғап, пенде баласын Аллаға  жақындататын  ғибадат.

 

ЗЕКЕТТІ  ЖЫЛЫНА  БІР  РЕТ  БЕРУ  –  ПАРЫЗ

Ең әуелі зекет беруге міндетті болу үшін адамның бойында мына­дай шарттар болуы тиіс. Зекет бере­тін адам мұсылман болуы, бас бос­тандығы болуы және ақыл-есі дұрыс, балиғат жасқа жеткен болуы керек. Сонымен қатар, зекет беретін адамның негізгі қажеттіліктерінен және қарыздарынан тыс нисаб мөлшеріндей немесе онан да көп мал-мүлікке ие болуы керек. Нисаб деп мал-мүліктің зекетін беруді қажет ететін мөлшерді айтады. Зекет беруші мал-мүлікке толық иелік етуі керек. Яғни, зекеті берілетін мал-мүлік  кісінің өз иелігінде болуы қажет. Қарыздар болмауы. Адамның мойнындағы берешегі зекеттің оған парыз болуына кедергі болады. Сондықтан  ең алдымен қарыздан құтылу  қажет.

Шариғат қағидасымен қарасақ, негізгі қажеттіліктері мен қарызынан тыс нисаб мөлшеріндей зекеті берілетін және үстінен бір жыл өткен мүлікке ие адам зекетін кешіктірмей беруі парыз болып табылады. Зекетті қандай да бір себепсіз кешіктіріп, әдейі бермей жүрсе, күнәһар болып табылады. Өйткені, зекет жоқ-жітіктің мойнындағы ақысы болып табылады. Зекет мұқтаждың қажеттілігін өтеу үшін парыз етілген болса, демек оны дер уағында беру парыз екенін ұмытпаған жөн.

Зекетті өтеу мәселесіне келсек, алтын, күміс, ақша немесе әртүрлі сауда  заты  мен  төрт түлік мал нисаб мөлшеріне  жетіп  тұрса, әр  жылы  бір рет зекет беру парыз бо­лып табылады. Зекетті өмірде бір рет қана беру керек деп түсіну – қате пікір. Әрбір жылы шариғат бекіткен нисаб мөлшеріне жетуімен зекет парыз­дығы өтеліп тұруы тиіс. Дүние-мүлкі көбейген әрбір мұсылман жылына бір рет зеке­тін тиісті орынға есептетіп, өзіне парыз болған зеке­тін уақытымен өтеуді парызы деп біліп, жауап­кершілікпен іске асыруы тиіс.

 

САУДА  МҮЛКІНІҢ  ЗЕКЕТІ

Сауда тіршіліктің өзегі, табыс­тың көзі болып табылады. Саудада табыс­тың өсуі көзделеді. Сондықтан сауданы кәсіп етіп отырған әрбір кәсіпкерге сауданың зекеті парыз санала­ды. Құранда Алла тағала былай бұйырады: «Әй, мүміндер! Табыс­тарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан, тиісті орынға жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып әрең ғана алатын сапасыз нәрсені Алла жолында беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы» («Бақара» сүресі, 267-аят).

Тәпсірші ғалымдар осы аяттағы «табыстарыңның» деген сөзді «сау­да арқылы тапқан табыстарыңның зеке­тін беріңдер» деп түсіндірген. Ардақты сахабаларлың бірі Сәмура ибн Жундаб (р.ғ.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) сауда үшін әзірлеген мүліктерден зекет беруімізді әмір ететін» деген екен. Және бір хадисте: «Түйе­ден де зекет бар, сиырдан да зекет бар, матадан да зекет бар» делінген. Хадисте айтылған мата сауда тауарының бірі болып табылады. Нисаб мөлшеріне толған төрт түлік мал, алтын-күміс (ақша) және егістік өнімдерінен зекет беру парыз болғаны секілді айналымдағы сауда тауар­ларынан да шариғат белгілеген мөлшерге жетсе, зекетін беру парыз екендігін ислам ғұламалары бірауыз­дан қабыл еткен.

Сауда тауарлары қалай есеп­теледі? Бұл жайлы «Ислам ғылымхалы» кітабында былай келеді: «Бір заттың   сауда тауары болып   есеп­телуі үшін баста сауда жасап, кіріс кіргізу   ниетімен иелікте ұстау керек. Сау­да   тауарларының нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құны деп есеп­телуде. Осы мөлшер жылдың басы мен аяғында толық болып, ортасында азайса да, зекеті беріледі. Заттарының бағасы мен қолындағы ақшаның құны – 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең келіп, бір жыл толса, қырық та бірі – зекет ретінде беріледі. Сауда заттарының зекетін заттай немесе ақшалай беруі­не болады. Сауда тауарлары жыл соңындағы көтерме бағаға қарай бағаланады. Жыл басындағы немесе ортасындағы өзгерістер есепке алынбайды. Сату үшін бағылған малдар сауда тауарларының қатарына кіріп, 2,5% зекеті алынады. Сауда арқылы жыл бойы табылған кіріс және жалпы сауда-саттық жолымен келмеген мирас, сыйлық сияқты кірістер де негізгі капиталға қосылып, жыл соңында бәрінің есебі бірге есептеледі. Негізгі капиталға бір жыл толғаннан кейін келген кірістерге бір жыл толмай зекет алынбайды» делінген ғылымхал  кітабында.

Сауда заттарының зекетін заттай беру үкімі жайында «пәтуа.кз» сайты былай деп жазады: «Сауда заттарының зекетін ақшалай да, заттай да беруге болады. Бірақ берілген зекет мұқтаждың қажетін өтеуі тиіс. Егер мұқтаж жан зекетке берілген затты пайдасына жарата алмайтын болса, онда ақшалай беріледі. Егер зекет алушы адам ақшалай немесе заттай алуға бірдей мұқтаж болса, қажеттілігін өтеу тұрғысынан тиімдісін берген  абзал».

Қоса айтарымыз, сатып пайда көру мақсатымен иеленген үй, дүкен, бау-бақша, жер тағы басқа адал жолмен келген кіріс көздерінің үкімі де сауда заттарының үкімі секілді. Мұндай кіріс көздері сауда зат­тары сияқты зекетке тиесілі болып табылады. Табысы есептеліп зекет мөлшеріне жетсе, зекетін беру парыз бола­ды. Тек қана адамның өзі тұратын үйі, қолданыстағы кәсіп­орны, өндіріс жасайтын зауыты мен фаб­рикасы, қоймасы, офис сынды қажет­тіліктерінен зекет берілмейді.

 

«ЗЕКЕТ»  ҚОРЫН  БІЛЕСІЗ  БЕ?

«Зекет» қоры еліміздің әрбір түкпірінде ауқымы мол жұмыстары­мен қызмет жасап келеді. ҚМДБ «Зекет» қоры 2011 жылдың 3 маусы­мында Әділет Министрлігіне тіркелген. «Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Зекет Қоры» Корпоративтік қоры деп аталады. ҚМДБ «Зекет» қайырымдылық қоры жеке  және  заңды тұлғалардың зекет­тері  мен садақаларын қабыл­дап, оны Шариғат үкімдеріне сай таратумен айналысады. Қордың құрылтайшысы – Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқарамасы. Өңірлер бойынша «Зекет» қорының 20 өкілдігі бар. Әр өкілдік атқарған жұмыс­тары мен қаржылай есебін беріп отырады.

«Зекет» қорының негізгі мақсаты – шариғат бойынша мұқтаж жандар­ға зекет пен садақалар ар­қылы көмек көрсету. Ол төмен­дегі қордың жобалары арқылы іске асуда. «Қолдан қолға» атты жоба аясында зекет таратылады. «Тайқазан» жобасы бойынша жалғыз бас­ты аналар мен көпбалалы мұқтаж отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетіледі. Алланың дінін насихаттап, ата-баба салты мен діни білімді ұштастыра білген мешіт-медресе­лерге көмек көрсетіліп тұрады. «Болашаққа үміт сыйла» атты ауқымды жоба аясында рес­публика бойынша медресе шәкірттеріне қолдау  көрсетілуде.

Сонымен қатар, «Жетім көрсең, жебей жүр» атты қордың тұрақты жобасы аясында балаларға қуаныш сыйлап, көмек көрсетілуде. «Құрбан шал да, қайырымды бол» жобасы аясында Құрбан айт кезіндегі рәсімдер өткізуге ат салысып, мұқтаж жандарға құрбан еттері тара­тылады. «Мектепке жол» жобасы бойынша еліміздегі мұқтаж отбасылардан болған балаларға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен мектеп формалары таратылады. Қыстың суық күндері баспаналарын жылытуға мүмкіндіктері жоқ отбасыларға «Жылулық сыйла» акциясы аясында көмірмен көмек көрсетіледі. Рес­публика бойынша ең ауқымды «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында аса мұқтаж отбасыларға баспана кілттері табысталуда.

Сондай-ақ, аталған жобалардан бөлек, қордың тұрақты «Берекелі нан», «Алтын алқалы анаға тосынсый», «Үміт сыйла сәбиге», «Табиғатты аялайық» сияқты жобалары жұмыс істеуде. Өзін-өзі қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ете алмайтын ауыл мешіттеріндегі дін қызметкерлеріне жалақы беру; Қазақстанның діни оқу орындарындағы студенттерге шәкіртақы тағайындау; Діни оқу орындарына ғимараттар салып, оларды техникалық базамен қамтамасыз ету; ҚМДБ-ның басқа да діни қызметтеріне қаржылай қолдау көрсету. Міне, осының барлығы – «Зекет» қорының әлеуетімен ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс бағыттары.

Осы аталған бағыттардың бір сыпырасы Сыр өңірінде атқарылуда. Жалғыз және көпбалалы мұқтаж отбасыларына азық-түлікпен көмек көрсету, өңірлердегі медреселерде білім алып жатқан шәкірттерге қолдау жасау, жетім балаларға қамқорлық, Құрбан айт мерекесінде мұқтаж отбасыларға құрбан етін үлестіру, қыстың суық күндері қиналған отбасыларға отын-көмірмен қамтамасыз ету, «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында өңірдегі мұқтаж жандарға пәтер сыйлау, «Үміт сыйла сәбиге» жобасы аясында аурушаң балалардың еміне қолдау жасау сынды жобалар жалғасып келеді.

Мәселен, биылғы жылы «Таби­ғатты аялайық» жобасы бойынша Қызылорда облысында «Зекет» өкілдігі Арал өңірінде екі мың түп сексеуіл көшетін отырғызды. Мұның өзі «Зекет» қорының өңірдегі атқарған жұмысының бір парасы деп білеміз. Мұнымен қоса, Сыр өңірінде жағдайы төмен отбасы балаларының ішінен он оқушының ағылшын тілінде тегін оқуына жағдай жасап келеді. Биылғы жылы Қызылорда облысы бойынша «Ерекше балаларды дайындау» орталықтарына жиырма бір «Бизиборд» ойын тақ­тасы табысталды. Кемтар балаларды оқытатын арнайы курс жұмыстары осы «Зекет» қорының бастамасымен қолға алынып келеді. Аталмыш іс-шара «Зекет» қорының ұйытқы болуымен өңірлерде жалғасып, игі істер үлкен деңгейде қолдау тауып жатыр. Бұл істің барлығы халықтың әлеуетін түзеуге «Зекет» қорының қосқан айтулы үлесі деп білеміз. Бес парыздың бірі зекет қоғамда осындай  игі  істердің атқарылуына баршамызды  үндейді.

 

Оңталап ЖИДЕБАЙ

 

 

Пікірлер Кіру