Жәннатта үйің болсын десеңіз...

12 қазан 2020 6954 0
Оқу режимі

Алла Тағала Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жайында қасиетті Құран Кәрімнің «Нәжім» сүресінің 4-аятында: «Ол өз ойынан сөйлемейді. Бұл тек көкейіне салынған уахи ғана», – деп  ескертеді. Демек, Пайғамбар (с.ғ.с.) сөзінің маңызы мен мәнін терең түсіну – мұсылмандар үшін ең маңыздысы. Осы орайда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір хадисін сіздермен бөлісуді жөн санап отырмын.

Алланың Елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде былай деп бұйырады: «Кім түнде және күндіз он екі рәкағат сүннет намазын күнделікті жалғастырса, Алла Тағала жәннатта ол адам үшін бір үй тұрғызады».

Әбу Ханифа мәзһабының ғұламаларынан Әл-Маусили «Әл-Ихтиар» кітабында ол сүннет намаздары туралы былай жазады: «Таң намазының алдынғы екі рәкағат сүннеті, бесін намазының алдынғы төрт рәкағаты және соңғы екі рәкағат сүннеті, ақшам намазының соңғы екі рәкағат сүннеті мен құптан намазының соңғы екі рәкағат сүннеті».

Бір мұсылманның күнделікті оқуы керек болған бес уақыт намаздың сүннеттерінің барлығы он екі рәкағат болады екен. Жәннатта қонақтайтын үйіміздің кірпішін осы бастан  қалау өз қолымызда. Алла баршамызға жәннаттағы үйге кіруді нәсіп етсін. Әмин!

Исатай Бердалиев

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру