Жаратылыстың қос құпиясы

13 шілде 2018 9744 0
Оқу режимі

Қазіргі таңда ғалымдардың көпшілігі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қасиетті Құранға келіп жүгінуде. Барлық сұраққа Құраннан жауап табылуда. Бұған дәлел жетерлік. Әр саланың ғалымдары зерттеулер жүргізе келе Құран кәрімдегі айтылған ғаламның, дүниенің жаратылуына т.б. тоқталады. Дегенмен олардың ашқан жаңалықтары қасиетті Құранда айтылғанына еріксіз таңданасыз. Өйткені Құранда Аллаһ тағаланың құдіретін көрсететін ақиқаттар көп.

Тарихтан белгілі, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.) Меккеде өсті. Ол кезде шахарда ғылым, оқу-ағарту орындары, медреселер сонымен қоса жаратылыс ғылымдары (астрономия, химия, физика) болмады. Мұхаммед (с.а.с.) те оқу-жазу білмеген. Бірақ оған Аллаһтан жеткен қасиетті Құранда қазірге дейінгі ғылыми тұжырымдардың бәріне түсінік беріле бастады. Себебі ғылымның дамуы шексіз. Ғылым дамыған сайын Құрандағы ақиқаттар ашыла бермек. Мысалы, «Әнбия» сүресінің 30-аятында былай делінген:

«Әуелде көк пен жер біртұтас еді. Біз екеуінің арасын ажыраттық. Жанды мақлұқаттардың барлығын судан жараттық».

АҚШ- тың атақты геологы профессор Альфред Корнер бұл аяттың ағылшынша аудармасын оқып, қатты таңғалады. Соңында АҚШ-та өткен бір ғылыми симпозиумда:

«Бұл ғылыми жаңалық электрондық есептеу машиналары мен техниканың соңғы жетістіктері арқылы ғана жақында ашылды. Бұдан ХІV ғасыр бұрын өмір сүрген әрі ядролық физика туралы ештеңе білмейтін адамның, яғни, пайғамбардың жер мен аспан денелерінің бір уақытта жаратылғанын ақылмен танып білуі таңғаларлық. Анығында оның мұны білуі мүмкін емес еді», - деп тұжырым жасай келе, Құранды Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.с.) жазбағанын былай деп мойындайды:

«Бұл ақиқат Аллаһтың көктен түсірген нұры».

«Фуссилат» сүресінде көктің, әлем жаратылмай тұрып әуелде түтін тәріздес болғандығы айтылады. Бұл ғылыми мағлұматты қазіргі ғылым толық қуаттап отыр. Ғылыми көзқарас бойынша, ғалам газ тәріздес пішінде болған. Кейіннен ядролық реакциялар (көзге көрінбейтін заттық өзгерістер) нәтижесінде газды пішіннен (температурасы жоғарғы ыстық плазма түрінен) суынып, әртүрлі пішінді иеленген. Біздің күн жүйеміз де осындай бөліністің нәтижесінде пайда болды. Жердегі тоқсан екі заттың көбісі күн мен айда табылып отырғаны белгілі жайт. Бұдан Құранда айтылған «Әлемдегі барлық заттың негізі бір» деген тұжырымдаманың ақиқат екенін көреміз.  

Токиодағы обсерваторияның директоры профессор Эдиши Казан жұлдыздардың газ тәрізді зат пен түтіннен пайда болғанын айтады. Ал бұл ақиқат «Фуссилат» сүресінің 11-12 аяттарында және «Фурқан» сүресінің 61-аятында жазылған:

«Сосын көкке жөнелді. Ол бір түтін еді. Сонда оған әрі жерге: «Екеуің де ерікті не еріксіз түрде келіңдер» деді. Екеуі де: «Бой ұсынған түрде келдік» деді. Оларды жеті көк етіп, екі күнде жасады. Сондай-ақ әр көктің міндетін өзіне білдірді. Жақын көкті жұлдыздармен әшекейледік әрі қорғауға алдық. Осы тым үстем, толық білуші Аллаһтың тағдыры» (Фуссилат сүресі, 11-12);

«Сондай мол игілік иесі Аллаһ аспандағы жұлдыздардың орнын жаратып, онда бір жарық (күн) және сәуле беруші айды жаратты» (Фурқан сүресі, 61).

Жоғарыдағы жазылған Аллаһ сөзін мысалға келтіре отырып, төмендегі тұжырымды жасайды:

«Мен ғаламды зерттеудің жаңа тәсілін таптым. Қазір біз телескоптар арқылы аспан денелерінің негізгі массасымен бірігуін көре аламыз. Сондықтан Құранның көмегімен алдағы уақытта ғаламды зерттеудің тиімді жолын табатынымызға сенімдімін».

Ал жер қыртысын зерттеуші профессор Польмен Құран жайлы былай дейді:

«Бұл – ғажап кітап, онда өткеніміз де, болашағымыз да баяндалған. Мен Шығыс елдерінің дамуын ұзақ уақыт зерттедім. Сол дәуірдегі ғылыми жетістіктерді жақсы білемін. Бұл ілім нұрын Мұхаммедке Аллаһтың өзі түсіргенін шын жүрегіммен мойындаймын».

Енді жоғарыда келтірілген «Әнбия» сүресінің «Жанды мақлұқаттардың бәрін судан жараттық» деген аятқа келейік.

Қазіргі ғылыми жетістіктер тірі организм үшін судың маңызы зор екендігін дәлелдеп отыр. Су бүкіл биологиялық, биохимиялық, химиялық реакциялар үшін қажет. Өйткені су – бүкіл табиғаттың, өмірдің, тіршіліктің негізгі элементі, қайнар көзі.

Адамның, жан-жануарлардың ұрықтары сұйық заттардан құралады. Аталық ұрық пен аналық ұрық қосылып эмбрионға айналғаннан кейін, оның өсіп-жетілу процестері жатыр ішіндегі суда өтеді. Бұл жанды мақұлықтардың судан жаратылатындығы ақиқат деген сөз.

Жердің үш ширегі, яғни 4/3 бөлігі, яғни 75 пайызы судан, ал адамның тірі жасушаларының одан да көп бөлігі, нақтылай айтсақ 80 пайызы, ¾ судан тұрады. Судың негізгі қасиетінің бірі деп өзендердің, теңіздердің, мұхиттардың температурасын тұрақты ұстап тұруын айтуға болады. Бұның өзі ондағы тіршіліктің, өмірдің негізгі шарты болып табылады. Судың мұндай ғаламдық қасиеті Аллаһтың құдіретттілігін, хикметін көрсетеді. Құранның қасиеттілігіне назар аударайық, қысқа (лаконикалық) аяттарда да аз сөзбен әлемнің маңызды құпиялары, сырлары туралы айтылады. Осы келтірілген бір аяттың өзі Құранның асыл, қасиетті кітап екендігін, ал Мұхаммедтің (с.а.с.) пайғамбар екендігін дәлелдейді. 

Бақытжан Өткелбаев,
"Әзірет Сұлтан" мешітінің наиб имамы 

Тегтер: жаратылыс
Пікірлер Кіру