Жарқанат Хинауханұлы

17 желтоқсан 2018 4444 0
Оқу режимі

1998 жылы 21-қазанда Моңғолияның Баян-Өлгий аймағының Цэнгэл ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің бірінші курс студенті. Солтүстік Қазақстан облыстық ақындар орталығының мүшесі. Қалалық, облыстық, аймақтық мүшәйралардың жүлдегері. Өлеңдері газет-журналдарда жарық көрген.

Пайғамбарлар сұлтаны
(Мұxаммед (ғ.с)! Біз сені бүкіл әлемге раxым етіп қана жібердік. Әнбия сүресі, 107-аят.)

Өнегесі өлшеусіз алтын тізбе,
Үмметі үшін мұң кешкен салқын түзде.
Хазіреті Мұхаммед Я, Пайғамбар,
Жаратқанның сəлемі болсын сізге!

Атақ, мәнсап бас тартып биліктерден,
Ауыр міндет, кемелді күй жүктелген.
Ардақты да сүйікті
Пайғамбарым,
Адамзатқа Аллаһым сый ғып берген.

Адам ата пайғамбар ұрпағына,
Елшілікті ежелден қылса мұра.
«Әл-Әмин» деп танылған ұл туыпты,
Әминадай ананың құрсағынан.

Әділеттік орнатқан көркем күші,
Толғандырған ұрпақтың ертеңгісі.
Хияметтік пайғамбар болып келген,
Жүз жиырма төрт мың елшінің ең соңғысы.

Бір дәуірге орнаған жазғы таң боп,
Ақиқатқа бастаған сөзді сан көп.
Отыз үш мың асxабқа сардар болған,
Пайғамбарлар сұлтаны - Әз Мұxаммед.

Байлық үшін, тақ үшін таласпаған,
Мұнафықпен, сатқынмен санаспаған,
Жәһилия дәуірін гүлдендіріп,
Әбу Жаһл сұмдарын аластаған.

Мүшіріктер атса да тасын оған,
Шындық үшін күрескен.
Жасымаған.
Майкл Харттың жүздіктер еңбегінде,
Ең бірінші ықпалы басым адам.

Ғибратқа тариxы толы ғұмыр,
Рабымнан бойына дарыды нұр.
Көрінсе ғой жарқ етіп көкжиектен,
Жақұт болған жүзінің жарығы бір.

Мәңгілікке ғаламға нұр боп келген,
Сан ғасырға сән берген; сүннеттермен.
Ұшқын болып тамса бір шапағаты,
Артық еді сансыз көп құрметтерден.

Мұжизасы ем болған сан жүрекке,
Төгілгендей мейрімі таңғы лепке.
Өзіңіздей асылды өмірге әкеп,
Қасиетті болған ғой мәңгі Мекке.

Нұр шапағың ғаламға тарап сан мың,
Сіз өмірге келген күн - таң атқан күн.
Раxым ғып жіберген күллі әлемге-
Нығыметі ең үлкен Жаратқанның.

Құлшылығын жалғатып түнге түннің,
Хақ жолына берілдің, шын бекіндің.
Маxаббатын тауса алмас сөзбен айтып,
Сағынышы бұл сізге үмметіңнің.

Дереккөз: muslim.kz

Пікірлер Кіру