"ЖЕТІ ҚАЗЫНАДАҒЫ" АҚЫЛ-БІЛІМНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

12 тамыз 2024 1595 0
Оқу режимі

1. Қазақтың философиялық дүниетанымы “Жеті қазына” ер жігіттің өмірімен байланысты ғой. Осы жеті қазынадағы “ақыл-білім” ұғымының маңыздылығын айта кетсеңіз

2. Жаугершілік заманда ер-жігіттің айла-әдісі, ақыл-білімі маңызды болды. Ал бүгінің ер-азаматы қандай болу керек?

Қазақ халқының дүниетанымында "Жеті қазына" деген көне ұғым бар. Бұл ертедегі ата-бабаларымыздың рухани және материалдық танымынан туып, жалпы халықтық дәстүрлі ұғым болып қалыптасып кеткен. Жеті қазына деп танитын ұғымдарға мыналар кіреді және олардың символдық мәні де бар:

1. Ер жігіт — көсем-шешен, мерген, әнші-күйші, ел мен жерін қорғаған қас батыр, балуан, сегіз қырлы бір сырлы, жомарт, ел сүйген азаматты “Ер жігіт” деп атаған. Мысалы, үш жүздің басын қосып, ұланғайыр ұлы даланы қорғаған, елі мен жерін даналықпен басқарып, басқыншы жауына даналықпен қарсы тұрған, қол астындағы Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Ержінібек сынды қазақ батырларын даналықпен, әділдікпен басқарып ұйымдастыра білген осындай хан-сұлтандар мен даңқты батырларды нағыз ер жігіт деп бағалаған.

Бүгінде ел намысын әлем деңгейінде қорғап, қазақ мемлекетінің көк туын әлем аренасында желбіретіп жүрген Генадий Головкин, Ардақ Назаров, Қанат Ислам, Жәнібек Әлімханұлы, әлемдік әнші Димаш Құдайбергендерді де нағыз ер жігіт деп ауыз толтырып айтуға болады. Бүкіл ұрпаққа үлгі-өнеге етіп үгіттеуге болады. Жеті қазынадағы ер жігіт деп меңзеп отырған ұлы ұғымның ұясында осындай ұлағаты ізгі бағалар жатыр.

2. Сұлу әйел — ибалы, иманды, тәртіпті, тәрбиелі, саналы, ақылды, отбасына, еріне опадар, хақ жолындағы адал әйелді “Сұлу әйел” , “Үй құты” деп таныған. Мұнда әйелдің сыртқы сымбаты яғни тән сұлулығы емес, жан сұлулығын меңзеп отыр. Қазақ тарихында ерекше орын алатын және құрметке лайықты аналардың ішінде Домалақ анадан басталатын он ананы атауға болады:

1. Домалақ ана (Нұрила) – Тарихи тұлға, Қараханидтер дәуіріндегі белгілі әйел.

2. Айша бибі – Қазақ халқының белгілі аналарының бірі, аңыздар мен тарихта ерекше орын алған.

3. Ұлпан ана – Ұлпан батырдың анасы, қазақтың аңызға айналған аналарының бірі.

4. Әйгерім (Айгерім) – Абай Құнанбайұлының сүйікті жары, мәдениет пен өнерді қолдаушы.

5. Бопай ханым – Кенесары Қасымұлының қарындасы, батыр, қазақ ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі.

6. Құртқа ана – Қобыланды батырдың әйелі, қазақтың батырлық эпостарында ерекше орын алған.

7. Ұлжан ана – Абай Құнанбайұлының анасы, қазақ мәдениеті мен тәрбиесінде маңызды рөл атқарған.

8. Гаухар ана – қазақ ханы Абылайдың әйелі, мемлекет басқаруда маңызды рөл атқарған.

9. Зере ана – Абай Құнанбайұлының әжесі, оның тәрбиесінде ерекше орын алған.

10. Абақ ана – қазақтың аңыздық тарихи тұлғаларының бірі, өз заманының белгілі анасы.

11. Қызай ана – ақыл мен білімнің кені саналған.

Осындай аналарды жеті қазына ұғымында “Сұлу әйел” деп таныған. Бүгінгі қыздарымыз да осындай сұлу, арлы, білімді, ұлтқа үлес қосатын, жаңа заман ғылым мен мәдениетін игерген қыздардан болуы шарт.

Бұл аналар қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алып, ұлттың дамуына зор үлес қосқан.

3. Ақыл-білім— білім мен даналық, рухани байлық. Қазақ тарихында биыл 1150 жылдығы аталып өтілетін ғалым, ойшыл Әбу-Насыр әл-Фараби, түрік қағанатының негізін қалаған Күлтегін, Тоныкөк, ұлы хандар Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Айтеке би, ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов, қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлы, Алаш зиялылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат сынды ұлы тұлғалар білім мен ақыл парасаттың алтын қазығы деуге болады. Әлемдік математик Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаевтар бүгінгі ақыл мен парасаттың тірі образдары. Қазақ жеті қазынасындағы білім-ақыл деп отырғаны осындай ұлы тұлғалардан болуды дәріптегені.

4. Жүйрік ат — ат - ердің қанаты, сенімділік пен жылдамдық, бәйге қосудың рухани көңіл мен материалдық ұғымның символы.

- Абылай мінген НАРҚЫЗЫЛ

- Қабанбай мінген Қубас ат

- Әбілқайыр ханның мінген ақбоз ат

- Исатай мінген ақтабан ат

- Ержінібек мінген көк дөнен

- Қобыланды мінген Байшұбар, т.б.

Бүгінде ат спорты даму үстінде. Жеті қазынадағы айтып отырған ұлы ұғымның төркінінде төбедей ұғым жатыр.

5. Қыран бүркіт — еркіндік пен батылдықтың, ерлік пен батырлықтың символы. Қыран бүркіттің көк аспанда еркін самғауы қазақ халқының азаттыққа ұмтылысын, еркіндікке деген құштарлығын бейнелейді. Бүгін де бүркітшілік – қазақтың ұлттық спорт, өнер түрлерінің бірі. Жеті қазынада айтылған қыран бүркіт ұғымының ұясында осындай тағылым жатыр.

6. Құмай тазы — аңшылыққа бейімділік пен жылдамдықтың белгісі. Құмай тазысы қазақтың дәстүрлі аңшылық өнерінің бір сәні болып табылады. Бұл ит түрі ежелден бері қазақ халқымен бірге өмір сүріп, олардың аңшылық мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған. Құмай тазысы тез, ақылды және аңға шыққанда ерекше ептілігімен ерекшеленеді. Ол көбінесе қоян, түлкі, қарсақ және басқа да ұсақ аңдарды аулау үшін пайдаланылған.

Құмай тазысының рөлі тек аң аулаумен шектелмейді. Бұл ит түрі қазақтардың тұрмыс-тіршілігінде ерекше орын алады. Ол иесіне адал, сенімді серік болып табылады, сондай-ақ ауыл шаруашылығында көмекші ретінде де қызмет атқара алады. Құмай тазысы қазақтың ұлттық мақтанышы болып саналады. Оның ерекше қабілеттері мен мықты дене бітімі оны басқа аңшылық иттерден ерекшелендіреді. Қазіргі кезде де құмай тазысы ұлттық құндылық ретінде бағаланып, оны сақтау және дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Жеті қазынаның қатарына жатқызуының да үлкен мәні мен мағынасы бар.

7. Берік мылтық— қауіпсіздік пен қорғаныстың символы. Берен мылтықтың қазақ өміріндегі орны өте маңызды болған. Берен мылтық – қазақ халқының тарихи және мәдени өмірінде ерекше орын алған қару. Ол жаугершілік замандарда, аң аулауда және тұрмыстық өмірде қолданылған. Берен мылтық қазақ сарбаздарының негізгі қаруларының бірі. Ол ұрыс кезінде тиімді әрі алыстан атуға мүмкіндік берген, осылайша жауды алыс қашықтықтан-ақ тоқтата алған. Берен мылтықтың болуы қазақ қоғамында белгілі бір әлеуметтік статус. Байлар мен билер, батырлар мылтықты өзінің мәртебесінің бір белгісі ретінде ұстаған. Берен мылтық қазақ фольклоры мен әдебиетінде жиі кездеседі. Жыр-дастандарда, аңыз-әңгімелерде батырлардың берен мылтықпен ерлік жасауы жиі суреттеледі.

Жеті қазынадағы жеті ұғымның ақыл қазанында өте ұлы ұғымдар қайнап пісіп жатыр.

 

Болат БОПАЙҰЛЫ

 

Пікірлер Кіру