ЗІКІР

06 желтоқсан 2024 440 0
Оқу режимі

“Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,

Өзіне құмар қылған Оның әмірі”

                                                    Абай

 

Күндіз-түні ойымда – бір-ақ Құдай,

Әрі жақын һәм менен жырақ Құдай.

Оған деген ынталы көңілімдей,

Бұрқ-сарқ етіп туламас бұлақ бұлай.

 

Күндіз-түні ойымда – бір-ақ Құдай,

Құйылады жан-жақтан сұрақ судай.

Денем бірақ білмейді іштегімді,

Әулие жайлы білмейтін шырақшыдай.

 

Күндіз-түні ойымда Халық Құдай,

Шексіздікті қоршаған алып Құдай.

Мейірімі нұр болып жайылатын,

Бастауы да, соңы жоқ жарық Құдай.

 

Күндіз-түні ойымда ұлық Құдай,

Әмірінсіз қозғалмас шыбық, қурай.

Біле де алмай болмысын,

көре де алмай,

Көңіл құрғыр болар ма сынық бұлай?!

 

Күндіз-түні ойымда Патша Құдай,

Қазынасы таусылмас бақша Құдай.

Сені өзгеден қызғанған мына жүрек,

Қос өкпемді шыжғырар шоқша, Құдай!

 

Күндіз-түні ойымда ұлы Құдай,

Беймекеннен үңілген Тірі Құдай.

Басқа ешкімге қаратпай жанарымды,

Бар ойымды арбаған сұлу Құдай.

 

Күндіз-түні ойымда Хәкім Құдай,

Ешкім бірақ көре алмас затын Құдай.

Түйсігімнің сыртында – алыс Құдай,

Жүрегімнің ішінде – жақын Құдай.

 

Күндіз-түні ойымда дара Құдай,

Іліміне сөз жетпес дана Құдай.

Саған деген махаббат – мұхит болса,

Әр тамшысы - көз жасым, сана Құдай.

 

Ашылмаған, жасырын жақұт Құдай,

Арамызда неге тұр уақыт, Құдай?!

Бәрі-бәрі садаға Өзің үшін,

Дидарыңды бір көру – бақыт, Құдай!

 

Сенің сүйген құлың көп, менен басқа,

Менде басқа Құдай жоқ, сенен басқа.

Сағыныштан өрілген сағымдарға,

Сен деп қалып құмартып, ерем босқа.

 

Мас қылатын мәйімен Сақи Құдай,

Мәңгі болған, болатын бақи Құдай.

Аласұрған рухымның кестелерін,

Пенде көрмес нұрыңнан тоқы, Құдай!

Саған ғашық ақынның бұл өлеңін,

Бар Ғарышқа мақтанып, оқы, Құдай!

 

Сен әуелі бейбақты

кешір, Құдай,

Дәптерінен күнәсін өшір, Құдай!

Ішімдегі бар кірді тазала да,

Хайуаннан адамға көшір, Құдай.

Саған деген аңсарды Өзің шыңдап,

Перделерді алдымнан түсір, Құдай.

Бүр жарғызып, гүлдетіп жүрегімді,

Шырын толған жеміс қып пісір, Құдай.

…Содан кейін,

Саған қарай,

Саған қарай…

Ешқашан бітпейтұғын асқарлармен,

Ешқашан бітпейтұғын аспандармен,

Жасыл қанат құс қылып ұшыр, Құдай!..

Асыл қанат құс қылып ұшыр, Құдай!..

Ақбөкен ЕЛГЕЗЕК

Пікірлер Кіру