2024 ЖЫЛҒЫ ҚАЖЫЛЫҚ МАУСЫМЫНЫҢ ЖАҢА ТАЛАПТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

07 қыркүйек 2023 2627 0
Оқу режимі

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Қажылық-2024» маусымына қатысты Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігінің жаңа талаптары жайлы қажылық және ұмра сапарымен айналысып жүрген қазақстандық туркомпаниялар арасында  ақпараттандыру жиынын өткізді.

Жиынға ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат қажы Оңғар, Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің өкілдері, ҚМДБ Қажылық бөлімінің қызметкерлері мен отызға жуық туркомпания басшылары қатысты.

Алдағы қажылық маусымы өзгеше болмақ. Биылғы жылдың басты ерекшелігі 15 желтоқсанға дейін тіркелген азаматтар ғана қажылыққа бара алады. Себебі Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігінің талабы бойынша «Қажылық-2024» маусымына биыл желтоқсан айына дейін қажылар толық тіркелген елдерге қажылық орындары берілмек. Яғни, 15 желтоқсанға дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне (қонақ үй, Мина мен Арафат қызметтері) қаражатын төлеген кісі санының көлеміне сай Қазақстан азаматтары үшін қажылық орындарының саны айқын болмақ.

Сонымен қатар Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігі әр шараның уақытын нақтылаған. САК Қажылық және ұмра министрлігі еліміздің қажыларын тасымалдау бойынша авиакомпаниялар арасындағы ұйымдастырылған конкурсты ерекше атап өткен болатын. Алдағы маусымда да авиакомпанияларды таңдау конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады.

Жиында наиб мүфти Ершат Оңғар: «Құрметті жиынға қатысушылар, қажылық – құлшылық екендігін басты назарда ұстайық! Қажылық жұмыстарын ұйымдастыру сауапты әрі жауапты іс екендігін қайта ескертіп өткім келеді. Үлкен қажылық сапарын ұйымдастыруда САК Қажылық және ұмра министрлігінің белгілеген талаптары мен шарттары толық сақталып, көрсетілген мерзімдерге сәйкес жұмыс жасалуы керек. Сонымен қатар ҚМДБ қажылық және ұмра саласында қызмет көрсететін тәжірибелі туроператорлар арасында адал әрі әділ бәсекелестікке қол жеткізу және қажыларымызға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2024 жылы қажылықпен айналысуға үміткер туристік операторлар арасында конкурс жариялағандығын, 20 қыркүйек пен 15 желтоқсан арасында конкурстан өткен турфирмаларға құжат өткізіп, «Қажылық-2024» маусымына жазылу жүргізілетіндігін жеткізеді» деп атап өтті.

Дереккөз: ҚМДБ Баспасөз қызметі

Пікірлер Кіру