Абай армандаған толық адамның үш қасиеті
Аса қамқор, Ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні деп белгіленді. Әрине, бір күнмен бүкіл Абай мұрасын халықтық деңгейде насихаттай алмаспыз. Әйткенмен де, осы Қаулының өзі біз күткен игі істің бастамасы деп қабылдадық. Бұл – күллі ұлттар мен ұлыстарды бірлік пен игілікке, адамгершілік пен ізгілікке үндеп, «біріңді қазақ бірің дос» тұтуға шақыратын күн.
Расында, Абай мұрасы өміршең, жылдан жылға өзінің құндылығын арттыра түсуде. Абай атаған талап пен еңбек – қайратты танытса, терең ойыңыз – ақыл, ал қанағат пен рахым – жүректен туатын қасиеттер. Адам бойындағы осы үш қасиетті ерекше танып білуге тұратын таным екенін ақын «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» өлеңінде: «Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп нақтылай түседі.
«Ыстық қайрат» үнемі ізденіс үстінде, тек алға ұмтылу, жасампаз болу ұғымын аңғартса керек. «Нұрлы ақыл» – елге сәуле түсіріп, ізгілікті іс істеу, Алла берген ақылды тек жақсылыққа жұмсау. Ал, «жылы жүрек» деген ұғым иманды, иман жүзді болу, адамдарға құрметпен қарау, олардың мұң-мұқтажын, көңіл-күйін ұға білу, айналаға шуақ шашу дегенді білдірсе керек. Міне, осы үш қасиет ізгілікті мақсатта пайдаланылған жағдайда ғана толық адам деген мәртебеге ие боламыз.
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» дейді хәкім Абай. Олай болса, Абай үшін дүниенің басты құндылығы – адам, жәй ғана адам емес, рухани тұрғыда кемелденген толық адам. Абайдың арманындағы толық адам дінмен дамып, дінмен жетіледі.
«Алла Тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз Алла Тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те – ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса ол «бір» демеклік те Алла Тағалаға лайықты келмейді. Растың бір аты – хақ, хақтың бір аты – Алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, ғадаләтпен тәптештеуге керек» дейді ол өзінің 38-қара сөзінде.
Хәкім Абай Алланы тану, Оның сипаттарын білу үшін ғылымды меңгер деді. Білімді болу арқылы ғана біз кемелдікке жетеміз.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ІІІ республикалық имамдар форумында «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын қабылдаған болатын. Мұсылманның тұла бойынан табылуы тиіс білімді болу мәселесін Жеті рухани қазықтың бірі ретінде енгіздік. Өйткені, бүгінгі күш те, қуат та – білімде. Білімді адам ғана бәрін жеңбек. Қасиетті Құранның да алғашқы аяты «Оқы» деп түскен.
Абай асыл дінімізге тек адамгершілік тәрбие көзі ретінде қарап, осы мақсатта өзіне керегін алды. Кемеңгерге керегі – сену. Сенім бар жерде адамдық қасиет жоғалмайды. Осылардың бәрін толықтыра келгенде Абай Хәкім пендешілік мінезден арылуға, иманнан пайда алуға шақырады. Ал пайда алу жолдары қайсы? Ол үшін өз ақылың мен еңбегіңе сүйен деді. Өзгеге жақсылық ойла, шама-шарқынша шапағатыңды тигіз! Адамдық, ізгілік деген осы. «Нәпсіге ерсең, Алланың мейірімінен құр қаласың – осыған илан» деген сөзінен көп нәрсені ұғынамыз.
Бір кездері еңбектерін аударған неміс ойшылы Гете: «Өзі үшін ғана еңбектенген адам азап шегеді. Басқалар үшін еңбек еткен адам олардың қуанышына ортақтасады» деген болатын. Осыны толықтырған Абай: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың» деді. Бұдан артық теңеу таппаспыз. Құдай жолында жүру көпке пайдаңды тигізу деп түйіндеді. Міне, сан ғасыр бойы жеткен Исламның да тірегі осы.
Дана ойшыл қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Ол елді сынау арқылы төмендеткісі келмеді, керісінше биікке көтергісі келді. Ендеше Абайды оқи отырып біз өзі айтқан «кәміл мұсылман» сипатына ие боламыз.
Абай – таусылмайтын терең тақырып. Біздің көзіміз жеткен екі анық бар: біріншісі – Абайдың діни көзқарастары бүгінгі жаһандану дәуірінде адастырмас бағдаршам іспетті. Бұл бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Екіншісі – Мұхтар Әуезов айтқан «Абайдың діні – сыншыл ақылдың, адамгершіліктің діні» деген тұғырлы тұжырым ешқашан да ескірмек емес.